Ақбастаулық Асан емшінің рецепттері

13.06.2017
Қаралды: 788

Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданында Асан Жамалбек есімді азамат тұрады. 

Медреседе білім алып, жиырма жыл ауыл имамы болған ол – алдына ниет етіп барғандарға өзі білетін тәсілдермен ем қондырып жүрген жан.  Асекеңнің тәжірибесінде көптеген ем түрлері бар екен. Олардың бірқатары жөнінде емшінің өзі былай дейді:

Кеуіл шөбінің шипасы мол

Бүгінде ел ішінде белім ауырды, құяң болдым деп белін ала алмай жүргендер бар. Ал бұл аурудың емі өте оңай. Тек қана рет-ретімен қолдана білсе болды.

Кеуіл (каперсы колючие) деген шөп бар. Ол тазалықты өте жақсы көреді, сондықтан дәрет алып, сосын осы шөпті қазып алу керек. Кеуіл шөбінің тамыры «еркек» және «ұрғашы»  болып екіге бөлінеді. Еркегі – жуан, ұрғашысы жіңішке болады. Еркегіне әйел кісілер бұлауға отырады. Ал ұрғашысына ер кісілер бұлау жасайды.

Бұлауға түсу үшін 10 литр суға 2 кило жуылып, тазаланған тамырды салып, бетін жауып, 5 литр су қалғанша  қайнатады.

Ескерту: тамыр салынған ыдыстың бетін ашып қайнатуға болмайды, жабық болғаны дұрыс. Қайнады ма деп қақпақты қайта-қайта аша берген дұрыс емес. Науқас адам аптасына 3 рет күнара бұлауға түссе, құяңнан құлан-таза жазылады. Бұл амал сонымен қатар геморройға да таптырмас ем.

Ал ішкі құрылысы суықтаған кісілер осы шөптің тамырын қайнатып ішсе, денедегі суықты қуып шығады. Ол үшін 2 литрлік банкаға 200 грамм тамырды майдалап турап салады. Үстінен су құйып, ыдыстың бетін мықтап жабу керек. Сосын қазанға немесе басқа үлкендеу ыдысқа су құйып, тамыр салынған ыдысты соған салып қайнатамыз. Ішетін дәрі шөптің бетін ашып қайнатуға болмайды. Өйтсеңіз оның дәрілік қасиеті жойылады.

Дайын болған тұнбаны сүзіп аласыз. Оны 10 тәулік бойы күніне 3 реттен, 200 миллиграмм мөлшерінде ішу керек. Белгілі уақыт өткеннен кейін ішіңіз өтеді. Бұл денедегі суықтың сыртқа шыққанын білдіреді. Тұнба ішуді осы кезде тоқтатасыз. 

Көкемаралдың көмегі көп

Бұл шөптің қайнатпасы көкжөтел мен тұмау кезінде керемет көмекші. Көкемарал (зизифора душистая) шөбі мамыр айының соңында гүлдейді. Оны күн шығып келе жатқанда немесе батып бара жатқан тұста жинаған дұрыс. Өте нәзік бұл өсімдікті көлеңкелеу жерде кептіреді.

Көкемаралдан дәрі дайындау тәсілі мынадай:

200 – 500 грамм суға 20 – 50 грамм көкемаралды майдалап саласыз. Ыдыстың бетін мықтап жауып, қазандағы суда қайнатасыз. Ыдыс­тың ішіндегі су қызыл болғанда алу керек. Қайнатпаны тұндырып, сүзіп аласыз.

Мұны күніне үш мезгіл, тамақтан жарты сағат бұрын ішсе, жөтел мен тұмаудан белгі де қалмайды. Бір күнге жарты литр қайнатпа жетеді.

Ағаш қабығының көмегі

Қышыма мен бөртпе – ыстық-суықтан және уақтылы жуынып тұрмағандықтан пайда болатын ауру. Оның кейбір түрлері кір сабынмен алдын-ала дұға оқып барып жуын­дырса тез кетеді.

Ата-бабаларымыз қотырды, қышыманы, бөртпені қарапайым тәсіл­дермен емдеп жазған. Соның бірі – шие, тұт, қара өрік ағаштарының қабығынан тұнба әзірлеу.

Аталған ағаштардың қабығын алып, көлеңке жерде 3 сағаттай кептіру керек. Одан кейін 20 литр суға ағаш қабықтарынан 5 килосын салып қайнатады. Біраз уақыт қайнағанда ыдыстағы су қып-қызыл болады. Дәмі қышқыл-ащылау тартады. Аптасына 3 рет осы әдіспен ванна әзірлеп, оған 20 минуттай жату керек. Оны жатарда жасаған дұрыс, себебі ваннадан шыққан соң көрпеге оранып, бүркеніп жату қажет. Міндетті түрде қып-қызыл етіп шай ішкен дұрыс.

 Сарысу да дертке дәру

Бүгінде бауыры ауыратын адам көп. Кейде бауыр ауырғанда адам денесінде қызыл дақтар пайда болады. Мұны уа­йым етудің керегі жоқ, қайта тезірек емделудің жолын қарас­тырыңыз. Ата-бабаларымыз ба­уыр ау­руында былай емделген:

Күнде таңертең сағат 6-да бір дана үй жұмыртқасын шикідей жұту керек. Араға 10 минут салып айранның сары суын ішеді. Түсте – 200 грамм, кешке ұйқы алдында 300 грамм айранның сары суын ішесіз.

Бауыр ауруында қырыққабаттың сөлін ішіп немесе өзін жеп жүрсе де шипасын береді. Бірақ бұл емді қолдану үшін дәрігермен кеңескен жөн.

Ал айранның сары суын салқын жерде сақтау керек. Оны әр күні жаңартып отыру маңызды.

...Ауылда тұратын емші осылай дейді. Ол кісіге емделіп, шипасын көріп жүргендер аз емес екен.

Ж. ҚАСЫМ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!