Жан мен тәнді тазартатын ай

12.06.2017
Қаралды: 710

Бүгінде Алла разылығы үшін ниет еткен жамағат ораза тұтып жүр. Бұл орайда біреулер ауыз бекітуді енді бастаса, ел ішінде жылдар бойы ораза тұтып жүргендер бар. Біз таяуда осындай екі адамды сөзге тарттық.

Рамазан Намазбеков, Қазығұрт ауданындағы Майлыошақ ауылының тұрғыны: – Менің жасым қазір 67-де. Намаз оқимын. Ораза тұтып келе жатқаныма биыл 15-ші жыл. Жылына бір ай ауыз бекітетіндіктен болар, ауру-сырқау дегенді білген емеспін. Яғни оразаның адам денсаулығына пайдасы мол. Негізінен бұл мұсылманның бір парызы ғой. Құдіретті Алланың адамға берген бір нығметі, оның қамқорлығы.

Біреулер бүгінде салмақ тастау үшін деп ораза тұтып жүр. Мен мұны дұрыс демеймін. Ол – Алла разылығы үшін жасалатын шара.  Ораза тұтқан адам көп нәрсенің қадірін біледі, сезінеді, рухани жағынан тазарады.

Құдайға шүкір, 8 бала тәрбиелеп өсірдік, 20 шақты немере сүйіп отырмыз. Ұрпақтарыма осындай иманды тәрбие беруді өзімнің адамдық борышым деп есептеймін.

Гүлзипа Өмірбай, Шымкент қаласының тұрғыны: – Мен 20 жылдан бері ораза тұтамын. Оның адамға берер пайдасы көп. Ораза кезінде бүкіл ағза демалып, тазарып қалады, адам өзін жеңіл сезінеді. Жан-тәні тазарады, жаман әдеттерден тиылады, сабырлы, ұстамды болуға қалыптасады. Бай­қайсыз ба, бұл кезде ешкім де ұрысып-тырыспауға, жаман сөз айтпауға тырысады ғой. Осының өзі бір керемет емес пе?

Ораза айында дұға-тілектер қабыл болады. Ренжісіп қалған адамдар болса, татуласады. Кейбіреулер ораза тұтуға қорқатындарын айтады. Себебі белгілі, кешке дейін аш жүруге, шөлдеуге шыдамаймын дейді ғой. Бұл дұрыс емес. Өйткені ол тәулік бойы ашқұрсақ жүріп, қаталап шөлдемейді ғой. Аузын таңертең бекітеді, кешке ашады. Мұның несі қиын?

Шыдамдылық пен сабырды серік етсеңіз, барлығына да төзуге болады. Ораза тұту – Алланың пендесіне берген парызы. Сондықтан оны орындауға тиістіміз.

Ораза айында қасиетті Қадыр түні бар. Мүмкіндік болса, Қадыр түнін күткен дұрыс. Себебі бұл түні тілеген дұға-тілектеріміз қабыл болады.

...Міне, біз тілдескен адамдар ораза туралы осылай дейді. Бұл сөздер талай жанға ой салатын шығар.

  Р. ӨМІРЖАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!