Ақпарат

Сән салонында да сақтықты ұмытпаңыз!

Қаралды: 358

Бүгінде шаштараздардың, сән салондары мен косметологиялық орталықтардың қызметін пайдаланбайтын адам жоқ. 

Дегенмен жұртшылық көп жағдайда санитарлық талаптардың орындалуына көңіл қоя бермейді. Ал мұның өзіндік қауіптері бар

Ауру жұғу қаупі бар

Мысалы, кейде терінің, шырышты қабаттардың тұтас­тығын бұзатын манипуля­ция­лар (маникюр, педикюр, татуаж, пирсинг, косметикалық және косметологиялық рәсімдер) жасау кезінде тері, қан арқылы тарайтын аурулардың жұғуы ықтимал. Трихофития, дерматомикоз немесе зең ауруын, қан арқы­лы вирусты гепатитті, адам­­ның қорғаныш тапшылығының қоздырғышын  жұқ­ты­румен қауіпті.

Сондықтан маникюр мен педикюр жұмыстарын жүргізу үшін арнайы кабинет бө­лі­неді. Татуаж, пирсинг жасайтын  орын бактериялар­ды өлті­ретін шаммен, бумен сте­рильденетін шағын стерили­за­торлармен және құ­рал-саймандарға стерильдеу алдында өтетін тазалау және зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізетін ыдыстармен жабдықталады.  

Маникюр жұ­мыстарын жүр­гізуге арнал­ған жұмыс орнында үстел шамы, үсті гигие­налық тұрғыдан таза затпен жабылған жастықша қойылатын үсті жылтыр шы­ны немесе пластикпен жабылған үстел болуы тиіс. Үстел қасында қол жуатын жер болуы тиіс.

Косметикалық, мани­кюр­лік, педикюрлік кабинеттерде келушілер отырғанның өзінде ауаны залалсыздандыратын жабық ультра­күлгін сәуле көздері қарастырылуы керек. Таза және қолданыста болған заттар бөлек орындарда сақталынады.

Алынған шашты бір рет қолданылатын қапшықтарға салып, қақпағы тығыз жабылатын шелектерге, бактер­ге жинап, қоқыс жинағыштарға апарып тастау қажет.

Қажеттімен қамтамасыз етілуі тиіс  

Нысандарда керекті мөл­шерде әрбір келуші үшін толық сүртпелер, алжап­қыштар, орамалдар, жаймалар жиынтығы болуы қажет. Заттарды қайта қолдануға болмайды. Бетті булауға арналған сүртпе орамалдар стерильді болуы тиіс.

Жуу, дезинфекциялау жә­не стерильдеу құралдарына арналған жұмыс ерітіндісі болуы керек. Құралдың атауы, оның концентрациясы, қолданылуы, дайындалған күні, жарамдылығының шекті мерзімі көрсетілген жазбасы болуы тиіс. Әрбір жұмыс орнында кәдеге жаратылуы тиіс бір рет қолданылатын құрал-сайман немесе көп рет қолданылатын құрал-сайманның үш жиынтығы тұрады. Маникюрге, педикюрге, қырынуға, косметикалық рәсімдерге арнал­ған барлық көп рет қолданылатын құ­рал-сайман дезинфекциялануы және сте­риль­­денуі тиіс.

Тырнақты тазалап, жуу үшін қолданатын ыдыстар, аяққа арналған ванналар, қысқыштар, бигудилер әрбір келушіден кейін механикалық жолмен тазартылуы, жуғыш заттар қосылған жылы суда шөткемен жуылып, шашты бұйралау барысында қолданылатын торлар мен жаппалар әрбір қолданыстан ке­йін жуылуы керек. Сақалды қыруға керекті құралдар бір рет пайдаланатын құралдар түрінде болуы, сақал шөт­келері әрбір қолданыстан кейін залалсыздандырылуы қажет.

Керекті құрал-жабдықтар жұмыс орнындағы шкафтың суырмасында сақталады. Маникюр мен педикюрге арнал­ғ­ан құралдар жұмыс барысында стерильдеуден өт­кен кездегі ыдысында немесе қорабында сақталуы керек. Әрбір келуші үшін жеке құралдар жиынтығы қарастырылып, ол әрбір келушінің алдында ашылып, кәдеге жаратылуы тиіс.

Қызмет көрсету барысында әрбір адамды таза алжапқышпен жабу керек. Қырқылған шашты мойыннан, беттен алып тастау үшін таза сүртпелерді қолданып, көпіршікті жөке мен түбітті көп рет қолдануға болмайды.

Әсемдеу косметикасын бетке жаққанда 1 рет қолданылатын күрекше, кішкене жастықшалар мен қылқаламдарды пайдалану керек. Ерін бояулары, түсті қарындаштар әрбір адамнан соң қайтадан ұшталынып немесе ұшы кесілуі керек. Тушь, опа бетке 1 рет пайдаланатын қылқаламдар арқылы жағылады.

Шаштараздар мен косметологиялық орталықтар алғашқы медициналық көмек көрсете­тіндей дәрі-дәрмегі бар дәрі қобдишаларымен жабдықталуы тиіс.

Терінің және шырышты қабаттарының тұтастығы бұ­зылуымен байланысты косметологиялық рәсімдер кезін­де пайдаланылатын көп рет қолданылатын құрал-саймандар пайдаланылғаннан кейін алдын-ала және стерильдеу алдында тазалануы, стериль­денуі, дезинфекциялануы және кейіннен микро­орга­низмдердің екінші рет араласуын болдырмайтын жағдайда сақталуы тиіс.   Косметологиялық рәсімдер жүргі­зі­летін үй-жай персоналдың қол жууына арналған жеке раковинамен жабдықталады. Әрбір келуші­ге қызмет көрсетерден бұ­рын кабинет қыз­меткері қолын сабындап жууы керек.

Қызметкерлері тексеріліп тұруы керек

 Бұл нысанның қызмет­кер­лері жұмысқа алынар алдында және белгілі бір уақытта медициналық тексе­ріс­терден өтулері тиіс.   Әрбір жұмыскердің жеке медициналық кітапшасы болуы керек, онда барлық медициналық тексерістерінің қорытындысы жазылып, гигиеналық тұр­ғыдан оқығаны туралы мәлі­меттер болуы керек.

Ұжым қызметкерлері жеке орамалмен қамтамасыз еті­ліп, арнайы киіммен, резеңке қолғаппен жабдықтал­ғаны дұрыс. Жұмыскерлер тері қабаттарының тұтастығын бұзу арқылы космето­логиялық және косметикалық рәсімдерді, сондай-ақ парентеральдық рәсімдерді (инъекция, тесу, операция және басқалар) және басқа да манипуляцияларды жүргізу ке­зінде қолғап пайдалануы қажет.

 Күнделікті жұмыс басталар алдында жауапты адамдар персоналдың микрожарақат, сызат, терісі жырылуын, жарылу, іріңді аурулардың бар-жоғын тексеріп-қарау жүргізеді, оның нәти­желері арнайы журнал­ға жазылады.

Пайдаланылған құрал-саймандар жұмыс аяқталғаннан кейін тез арада дезинфекциялау ерітіндісі бар ыдысқа салынады.   Қол немесе қолғап қанмен, сарысумен және басқалармен ластанған кезде дезинфекция­лау құралдарымен қолды (қолғапты) кейіннен өңдеу үшін оларды ағын судың астында сабынмен мұқият жуу керек.  Тері қабатының тұтастығын бұзумен манипуляцияны жүзеге асыратын нысан жұмыс­керлері жұмысқа түсер алдында және жыл сайын В және С вирусты гепатиттерінің марке­ріне тексеріледі.

...Шаштараздар мен сұлулық салондары қызмет­кер­леріне қатысты мұндай тәр­тіптерді олардың қыз­метін пайдаланатындар да біле жүргені жөн. «Сақтансаң – сақтайды» дегенді естен шығармайық!

К. РҮСТЕМОВА,

Шымкент қаласындағы әл-Фараби аудандық қоғамдық 

денсаулық сақтау басқармасының басшысы орынбасарының

міндетін атқарушы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру