Ақпарат

Құлағымыз керең, көзіміз соқыр болып барамыз

Қаралды: 383

Бүгінде нәрестесін күл-қоқысқа, әжетханаға тастап кеткендер туралы жиі еститін болдық. 

Көшеде төбелесіп жатқан адамдарды көрсек те көрмеген боламыз. Оларды ажырату, бітімгершілікке шақыру қаперімізге де келмейді. Осындай адамгершілік қасиеттен жұрдай болып, тек өзім ғана аман болайын деген оймен жүріп жатқан жағдайымыз бар. Көшеде кенеттен қан қысымы көтеріліп, құлап жатқан егде кісілерді көрсек, қартайғанда ішімдік ішіп несі бар деп кекетіп-мұқатудан тайынбаймыз. Әкесін жағадан алып, шешесіне дауыс көтеретіндердің жағымсыз әрекеттеріне етіміз үйреніп қалғандай.

Ішіндегі сусынын, сырасын сіміргесін босаған шөлмекті лақтырып, шылым шегіп, тұқылын кез келген жерге шертіп бара жатқан адамға мұның қалай деп айтуға жарамаймыз. Көше шамдарын сындырған бұзақыларға, орындықтарды бүлдіріп жатқан сотқарларға тиым салу, ескерту қаперімізге де келмейді.

Қысқасы, адамдар бойындағы мейірім азайып, қатыгездік күшейіп келеді. Заман ағымына қарай қылмыс түрлері де көбейіп, адам өлтіру дегенің шыбын өлтіргенмен бірдей болып қалды. Осы орайда теледидардың да, әлеуметтік желінің де, ұялы телефонның да қылмысқа қосып жатқан өзіндік үлесі аз емес. Олардан көрсетілетін ылғи атыс-шабыс кинолар жас жеткіншектің санасын улап келе жатқаны тағы шындық.

Осы орайда аға буын өкілдері, ата-аналар, тәртіп сақшылары, ұстаздар, жалпы жұртшылық болып жастарға түсінік жұмыстарын жүргізе білсе жағдай мүлде ушығып кетпес еді-ау деп ойлайсың. Өз халқымыздың салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын тереңірек насихаттайтын дүниелерді көбірек көрсек құба-құп емес пе?

Ата-баба дәстүрін қайта жаңғыртамыз десек, онда бала тәрбиесіне ерекше ден қоюымыз керек. Жұрт осы мәселеге тереңірек мән бере жүрсе екен деймін.

 Орынтай КӨМЕКОВ.

Түлкібас ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру