Қоян асырауды кәсіп еткен

12.06.2017
Қаралды: 1113

Бүгінгі таңда ел ішінде жеке өз кәсібін дөңгелетіп отырған адамдар аз емес. Қазығұрт ауданындағы Қаржан ауылының тұрғыны 

Ғалымжан Қосанбаев – осындай іскер жандардың бірі. Ол өзінің жеке шаруашылығында қоян өсіреді.

«Мен мұндай шаруамен үш жылдан бері айналысамын, – деді Ғалымжан бізге. – Қоянды қалай асырау керегін бір досымнан үйрендім. Ол маған ұрғашы және еркек екі қоян берді. Мен оларды асырап-бақтым, олар кейін біртіндеп көбейе бастады. Дәл қазір үйде ақ қоян, көк қоян, қара қоян және ала қоян аралас – барлығы он қоян бар. Оларды сәбіз, шөп және аптасына бір рет тұз беріп асыраймын.

Қояндардың астын күніне бір мәрте тазартып тұрамын. Әйтпесе қора ластанып кетеді.

Қояндарды 2000 – 3000 теңге аралығында сатамын. Ал өзіміз үшін бордақылайтындарды бөлек  алып бағамын. Семіртіп, азыққа пайдаланамыз. Мұның терісі де сұраныс­қа ие, одан көбіне сырт киімнің жағасы тігіледі.

Қоян өсіру өте қиын. Әсіресе буаздарын балалайтын кезінде өзгесінен бөлек алған жөн. Өйткені көп қоянның ішінде жүріп туар болса, көжектерін өзі жеп қояды. Өйткені өзгелерден қызғанады».

...Қоян асырайтын Ғалымжан бізге осындай қызық әңгіме айтып берді. Айтуынша, бұл жануарлар өсімтал келеді екен. Яғни мамыр айынан бастап қазан айына дейін жылына 4 мәрте балалайды, әр туғанда 7 – 10 көжектен туады екен.

Ғалымжанның қояндарға арнап салған үйшігі бар. Едені ағаштан істелінген. Олай етпесе қояндар қорадан жерді қазып шығып кетеді екен.

«Үйге қонақ көп келеді, қызығып тұрғасын солар­ға кей қоянды тегін беріп те жіберемін. Өйткені мен оларды тек сату, етін пайдалану үшін ғана емес, сәндік үшін және өзімнің сүйікті ісім болғандықтан асырап отырмын», – дейді ол.

 Ғ.Қосанбаевтың жасы бүгінде 43-те. Жұбайы Айнұр Бөрібаевамен екеуі 5 ұл-қыз өсіріп отыр. Олардың болашақта үлкен қоян фермасын ашқысы келеді. Өйткені Ғалымжанның өзі ғана емес, отбасының басқа мүшелері де қоян асыраудың қыр-сырын үйреніп алған. Оған қоса бүгінде өзгеше тұқымдас бір тауық түрін де өсіру үстінде екен. Енді отбасы мүшелерімен, бауырларымен қосылып осы шаруашылықпен айналысуды ойға алып жүр.

Р. ӨМІРЖАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ