Ақпарат

Шыңғыс ханның қабірін таптық деген адамдар жоғарыдан хабар күтіп отыр

Қаралды: 1614

Облысымызда ерлі-зайыпты бір азаматтардың Шыңғыс ханның қабірін таптық деп жар салғанына да біраз уақыт болғаны белгілі. 

Біз газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде ол кісілер жөнінде жазған едік. Сонда олар өздерінің бұған берілген аян түс арқылы кіріскендерін, қабірді ашуға таяп тұрғандарын, Елбасы рұқсат берсе оны ашуға даяр екендерін айтқан болатын.

Бұл ақпарат жұртшылық арасында кеңінен талқыланды. Ерлі-зайыптылардың ісін есі ауысқан жандардың әрекетіне балап жатқандар да, оған күмәнмен қараушылар да, сенбесе де қалай болар екен деп құлақ түріп жүргендер де аз емес.

Кешегі аптада редакциямызға осы мәселе төңірегінде айтары барын білдіріп бір азамат келді. Аты – Құрбан екен.

«Мен де «Замананың» тұрақты оқырмандарының бірімін, – дейді Құрбан. – Газеттеріңізде жарияланған мақаланы оқып, терең ойға қалған едім. Өз басым бұған сенемін. Өйткені мұндай аян түсті мен де көрген болатынмын. Меніңше, бұл – әруақ ісі, оның бізге қандай да бір айтары бар.

Мен, мысалы, «Заманада» жарияланған мақаланы биылғы 28-қаңтарда оқыдым. Қабірді таптық деген ерлі-зайыптылларға аян 2014-жылы беріліпті. Мен де осыған ұқсас аян түсті 2012-жылғы 7-желтоқсанда көргенмін. Сол күні қара суық болып тұрды, күн күркіреп, найзағай ойнағаны есімде. Сонда біз қатты үрейленіп едік.

Сол күні түнде мен түс көрдім. Түсімде құлаған ескі үйдің ішінде тұр екенмін, сырттан қолына қылыш ұстаған екі адам келе жатты. «Құрбан, біз сені шығарып аламыз!» – деген да­уыс естідім. Өзім де ұмтылып бара жатқанда аяғым бірдеңеге сүрініп кетті. Қарасам, қылыш екен. «Киелі қылыш қой мынау» деп ойладым. Оң жаққа қарасам, бір бөлме нұрға бөленіп, жарқырап тұр. Кірсем, онда сауыт-сайман асынған бас қолбасшы отыр екен. «Бұл қылыш саған бұйырды. Түсіңді жасырма», – деді ол.

Арада 5 күн өткенде Елбасының «Қазақстан – 2050» бағдарламасы жарияланды. Тағы бір екі-үш күннен соң мен түсімде бала Шың­ғысханды көрдім, «Ол – болашақ қолбасшы», – деген сөз естідім. Маған: «Сен 15 күннен кейін қас­қыр дәрежесіне жетесің, Шымкентте – жолбарыс, Алматыда – арыстан, Астанада Алтын адам дәре­жесіне жетесің», – деп айтылды.

Жалпы, осының бәрі тектен-тек емес. Елімізге әруақтар тылсымнан хабар беріп жатыр, олар бізден қандай да бір жауап әрекет күтуде деп ойлаймын. Қазақстан әлемге танылып, алдына үлкен мақсаттар қойып отыр, осыған қатысты тылсым күштерден қолдау да бар сияқты.

Таяуда елімізде әулиелі жерлердің картасын жасау қолға алынды ғой. Президентіміз рухани өрлеу жөнінде айтып жатыр. Соған қарағанда Арыс жақтағы ерлі-зайыптылардың жазған хаты Елбасыға жеткен-ау деп ойлаймын.

Біздің қазақ халқы әруаққа сенген, онда әулиелік қасиеттер көп болған ғой. Солар аяқасты болып, тұншығып жатыр. Қоғамды жағымсыз нәрселер жайлап алды, жемқорлық өршіп тұр. Егер рухани бағытты қолға алсақ, мұндай келеңсіздіктер жойылады деп сенемін».

...Құрбан осылай дейді. Сөз саптасына қарағанда, ол Шыңғыс ханның қабірін таптық деп жүрген адамдардың әрекетіне сенетін сияқты. Айтуынша, ол биылғы 20-сәуірде Арыс жаққа барып, әлгі ерлі-зайыптылардың қазып жатқан жерін көріп қайтыпты.

«Ол жолы уақытым тығыз болып, әңгімелесе алмадым. Кеше екінші мәрте барып, сонда қонып қайттым. Келе жатқан бетімде сіздерге арнайы соғып отырған жайым бар», – дейді Құрбан.

Құрбаннан естігеніміз, Шыңғыс ханның қабірін таптық деген ерлі-зайыптылар әлі де сол өздері қазған жер­дің басында тұрып жатыр екен.

«Қазылған жерді көрдім. 12 метр тереңдікте, ұзындығы 12 метрді құрайды, – дейді ол. – Кей жайлар маған берілген аян түстегі жайлармен сәйкес келетінін көріп таңқалдым. Төбесінде арабша жазулар бар, төменде «Күлтегін» ескерткішіндегі сияқты ескі түркі жазулары бар.

Қабірді қазушылар Елбасы рұқсат етсе, оның Шыңғыс хандікі екенін дә­лелдемек. Дәлелдесе, кейін арабтар келіп, ол жерге кесене салады дейді».

...Шынын айтқанда, редакциямызға келген азаматтың әңгімесін тыңдап оты­рып екіұдай күйде болдық. Ол өзінің аян түстерді, тылсым құбылыс­тарды жиі көретінін, оларға терең мән бере қарайтынын айтады.

«2016-жылы саябақта аспаннан екі жарық сәуле көрген едім. Арада бір ай өткенде Өзбекстан Президенті Ислам Каримов қайтыс болды. Кейін көп ұзамай екі ел арасындағы қарым-қа­тынас жаңа бағыт ала бастады. Ал таяуда түсімде біз жаққа Сауд Арабиясының патшасы келгенін көрдім. Мұның бәрін тектен-тек емес деп ойлаймын», – дейді ол.

...Редакциямызға арнайы келген азаматтан біз осындай әңгімелер естідік. Мұны жазғандағы мақсатымыз орын алып жатқан жайлар­ға қандай да бір баға беру емес, редакциямызға арнайы келген жанның айтқандарын оқырман назарына жеткізу ғана. Ал қорытындыны әркім өзі жасай жатар деп ойлаймыз.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікірлер   

 
0 #3 Роза 12.06.2017 22:28
2016 жылғы 2 жарықтың Өзбекстанға қатысын түсінбедім. Кез келген түсті кез келген нәрсеге байланыстыруға болады. Білгірлердің айтуынша шайтан аруақ болып кіреді түске. Құлағына аруақ болып айтып тұратындарды шайтан сыбырлап тұрады деп жатады діндар адамдар. Менің сондай таныстарым бар, Ақжол қозғалысын ұстанушылар. Не ойлағаныңды біліп, "аталар айтып тұр" дейді. Небір ұлы дамдардың аруақтары келгенін айтады. Мен ондайдан аулақ болар едім. Бір Аллаға сену керек.
Дәйек алу
 
 
0 #2 Балқарағай 12.06.2017 20:11
Өңкей бір діннен есі ауысып кеткен адамдар секілді. Орта мекетепті жақсы оқымағаны, жалпы ғылыми-әдеби кітап оқымайтыны, сол бір кітаптан басқа кітапты білмейтін, гуглден білмегенін іздемейтін адамдар екені мұрындарынан көрініп тұр
Дәйек алу
 
 
0 #1 Unknown 12.06.2017 05:22
Сандырақ
Дәйек алу
 

Пікір қалдыру