Ақпарат

«Ордабасы Құстың» өнімдері «ЭКСПО» көрмесінің қонақтарына да ұсынылуда

Қаралды: 253

Әне-міне дегенше Астанадағы «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі де өз жұмысын бастап кетті. 

Оның ойдағыдай деңгейде өтуіне Қазақстанның барлық облыстары өзіндік үлесін қосып жатыр. Осы орайда көрмеге келетін мыңдаған қонақтарды сапалы тағаммен қамтамасыз ету де маңызды мәселенің бірі. Сондықтан Оңтүстіктегі «Ордабасы Құс» серіктестігіне де тонналаған күркетауық етіне сұраныс түсіпті. Біз аталған кәсіпорын директоры Мұрат Тағаевпен хабарласып, бұл жағымды жаңалық жөнінде және «Ордабасы Құс» ЖШС-інің қазіргі тыныс-тіршілігі төңірегінде әңгімелестік.

«Біз Елордаға 350 тонна күркетауық етін жіберетін бол­ғанбыз. Алғашқы партиясын өткен мамыр айында жө­нелттік. Көрмеге қатысушы жұртшылық осы айда, шілде мен тамызда, қыркүйек айы­ның 10-ына дейін «Ордабасы Құс» өнімдерінің дәмін тата алады. Бізге «ЭКСПО»-да қызмет көр­сететін тур­операторлардан сұраныс көп түсіп жатыр», – дейді М.Тағаев.

Негізі бұл құс фабрикасының жобалық қуаты жылына 8110 тонна құс етін өндіруге есептелген екен. Заманауи жаңа инновациялық технологияларды ендірудің арқасында бүгінде ол жылына 10 мың тонна ет өндіретін деңгейге жетіп отыр.

«Кәсіпорын өнімінің 60 пайызы ішкі нарыққа бағытталған, – дейді Мұрат Құлмырзаұлы. – Өнімнің 40 пайызын Ресейге шығарудамыз. Қырғызстанға да аз­дап жіберіп жатырмыз. Өзбекстаннан сұраныс бар, дегенмен әзірге есептесу мәсе­лесінде қиындықтар бол­ғандықтан ол жаққа ұсына алмай отырмыз. Қазір екі ел арасында экономикалық байланыс жолға қойылып жатыр ғой, сондықтан бұл елдің нарығына да шығамыз деген үміт жоқ емес.

Инновациялық жаңалықтар ендіру арқасында бүгінде күркетауық етінен 80-нен аса өнім түрлерін, соның ішінде түрлі шұжықтар мен «сосискалар» шығарудамыз. Өткен жылдан бері шұжыққа сұраныс артып отыр.

Жалпы, біз халықтық өнім өндіруді негізгі бағытымыз деп санаймыз. Яғни біздің өнімдерімізді халықтың барлық әлеуметтік топтары тұ­тына алады. Мысалы, төс ет бағасы жоғарылау болса, қанат етінікі төмендеу деген сияқты. Дегенмен олар­дың қуаттық сапасында ерекшелік жоқ. Күркетауық еті ағзаға сіңімді, ол ақуызға, витаминдер мен микроэлементтерге бай, онда май мен холестерин аз. Сондықтан да біздің өнімдерге қазір сұраныс жақсы».

Кәсіпорын басшысы осылай дейді. «Ордабасы Құс» серіктестігі жұмыртқаны осыған дейін негізінен шетелден алып келген екен. Таяуда аналық күркетауықтарды бағу үшін оған арнайы жер бөлініпті, несиелендіру үшін «ҚазАгро» ұйымына өтініш түсіріліпті. Кейінгі кезде ауыл шаруашылығы коопера­тивтерін құруға қатыс­ты жұ­мыстар жүріп жатқаны бел­гілі, осы бағдарлама аясында ортадағы әріптес ретінде ол кей шаруашылықтарды балапанмен, құра­ма жеммен қамтамасыз етіп, оларға ветеринарлық іс-шаралар бо­йынша жәрдем беруді және басқа да жұмыстарды қолға алмақ ниетте. Бұл бағыттағы жұмыс жоспарларына облыстан, ауыл шаруашылығы министрлігінен қолдау бар, ол Астанада да қаралып жатыр екен.

Облысымыздағы №1 құс шаруашылығы ретінде «Ордабасы Құстың» алға қой­ған жоспарлары аз емес. Солардың бірі ретінде кей өнімдерді қазақы менталитетке бейімдеп шығару жағы да ойластырылуда екен. Мысалы, жоспарда күркетауық етінен қазы жасап шығару ойда бар. Жылқының қазысындай болмас, әрине, дегенмен оның жұртты қызықтыратын өзіндік ерекшелігі болары анық.

«Ордабасы Құс» ЖШС-інде күнделікті 250 мыңнан 280 мыңға дейін күркетауық сойылса, олардың орнын күн сайын осынша көлемде тірі құс басып отырады. Ал кәсіпорын құрамындағы жем зауыты тәулігіне 80 – 100 тонна құрама жем өндіреді. Жемге жүгері, бидай, арпа, пісте, күнбағыс майы, ұнтақталған сүйек ұны, түрлі микроэлементтер, амин қыш­қылдары, тұз, сода, балық ұны, тағы басқалар қолданылады.

Бұл кәсіпорында күркетауықтың шыққанына 5 жылдай болған «Кросс» тұқымдас жаңа түрі өсіріліп жатыр. Бұл тауықтың денесі тек еттен тұрады десе де болғандай. Яғни оның тірі салмағы мен одан алынатын еттің салмағы арасында аса көп алшақтық болмайды екен. 80 – 85 па­йызға дейін ет береді.

Жұртшылық арасында күр­кетауық балапандарын жетіл­діру өте қиын, өйткені ол сыртқы әсерге төзімсіз, нәзік, сондықтан арасында ауру-сырқау, өлім-жітім көп болады деген ұғым қалыптасқан. Дегенмен жолын тапса, олардың өміршеңдігін арттыруға әбден болады. Бұл орайда «Ордабасы Құстың» өзіндік жетістіктері де жоқ емес. Яғни инкубаторға салынған жұмыртқалардың жарамсыздыққа ұшырайтындары аз. Жұмыртқалар жағдай жасалған арнайы көлікте жеткізіліп, инкубаторға қо­йылады, үш-төрт аптадан кейін одан балапандар жарып шығады. Балапандар кейін арнайы жерге жеткі­зіледі, денсаулығы тексеріледі. Осы жерде біраз болғасын арнайы жетілдіру бөліміне жеткізіледі, осында баптап-бағылады. Сосын союға жө­нел­тіледі.

Бұл күркетауықтың мекиен жыныстысы 95 күнде 10 – 12 кило ет беретін жағдайға жетеді. Ал қоразы етке өткізуге 125 күнде дайын болады, бұл кезде оның салмағы 18 – 20 килоға дейін жетеді.

...Қысқасы, Оңтүстіктегі «Ор­дабасы Құс» серіктестігі бүгінде еліміздегі ең дамыған құс шаруашылығы дең­гейіне жетіп отыр. Оның «Дәмді ет» деп аталатын сауда маркасын өз еліміздің тұрғындары ғана емес, ресей­ліктер де таниды. Бүгінде көптеген сауда орындарынан «Ордабасы Құс» серік­тестігі өндірген тауық етін, оның арнайы ыдыс­тарға салынған кеуде, сан, құйымшақ, қанат еттерін, шұжықтарын, «сосискаларын», еттартқыштан өткізілген етін, ысталған өнімдерін кездес­тіруге болады.

«Ордабасы Құс» бұл деңгейде тоқтап қалмақ емес. Бүгінгі күндері онда өндірісті ұлғайтуға қатысты ізденістер жалғасын табуда. Алдағы уақыттарда оның өндірістік қуатын жылына 20 мың тауық тонна құс етін өнді­рерлік жағдайға жеткізу жоспары да бар.

Жалпы, бұл кәсіпорынның нарыққа енгеніне әлі 10 жылға тола қоймағанын ескерсек, оның алар асулары әлі де алда екені даусыз.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру