Ақпарат

Биткоин деген ақша бар...

Қаралды: 610

Бүгінде жұрттың алды «Биткоин» деп аталатын ақшамен де сауда жасап жатыр. Бірақ жаппай емес. 

Өйткені ол жалақыға, жәрдемақыға немесе зейнетақыға берілмейді, оны адамдар ғаламтор жүйесі арқылы иеленеді және осы ғаламтор ішіндегі сауда-саттықта қолданады. Яғни ол – виртуалды, сандық ақша, тиісті дерекқорда жазу түрінде сақталады. Оны арнайы компьютерлік бағдарлама иелері белгілі бір шектелген мөлшерде, өзіндік тәртіппен жасап шығарып отырады. Біз бүгін оқырманды осы биткоинмен жақынырақ таныстыра кетуді жөн көрдік.

Доллардан құнды болып тұр

Биткоин (қысқаша белгіленуі – «ВТС») 2009-жылдан айналысқа ене бастапты. Сол кезде 1 доллар 1309 биткоинге тең болған. Арада бір жыл өткесін нарықта алғашқы заңды биткоин биржалары мен биткоин алмастыру орталықтары іске қосылған. Олар арқылы биткоинмен есептесуге, түрлі валюталарды биткоинге немесе кері­сінше, биткоинді валютаға айналдыруға болады. Сол сияқты, өзінің жиған-тергенін биткоин-әмиянда сақтауға, көбейтуге, қандай да бір валютаға алмастыруға немесе алып-сатуға мүм­кіндік бар екен.

Биткоин доллармен 2011-жылдың басында-ақ теңесіпті. Осы жылдың маусымында 1 биткоин 32 долларды сатып алатын деңгейге жеткен. 2013-жылы биткоиннің өсу серпіні 1 биткоинға 740 долларға дейін жеткен. 2015-жылы 430 долларға дейін өсіпті.  2016-жылы желтоқсан айында 1 биткоин 780 долларға теңелген. Ал биылғы көктемде 1 биткоин құны 2760 долларға дейін жетті. Бүгінгі күндері оның АҚШ валютасына шаққандағы бағамы 2500 доллар төңірегінде «қалқып» тұр.

Кешегі аптада Ресей валютасы бо­йынша 1 биткоиннің құны 139 мың 158 рубль болды. Оның біздің ақшаға шаққандағы бағамы 765 мың теңгеге жетті. Яғни Қазақстанда да биткоиннің беталысын бағамдап отырған, оны пайдаланып жүрген адамдар жоқ емес.

Әр ел әрқалай қарайды

Бүгінде кей елдер биткоинмен сауда жасауға мүлде тиым салса, енді бірі ол үшін қылмыстық жаза қолдануда. Биткоинге жол ашып отырғандар да аз емес. Мысалы, бүгінде Германияның, Голландияның, АҚШ-тың, Англия­ның, Швейцарияның, Жапонияның, Сингапурдің, Австралияның, Жаңа Зеландияның, тіпті іргеміздегі Қытайдың түрлі банктері арқылы биткоинмен сауда операцияларын еркін жүргізуге болады. Қытайдың өзінде әлемдегі ең үлкен биткоин биржасы жұмыс істейді екен. Биткоинмен сауда жасап жатқан өнеркәсіп алыптары, концерндер, ірі инвесторлар, жеке және көтерме сау­да орталықтары, интернет-дүкендер бар.

10 мың биткоинге екі пицца алған...

Жалпы, биткоинге нақты тауар сатып алу оқиғасы тұңғыш рет 2010-жылы АҚШ-та тіркеліпті. Мұнда бір азамат 10 мың биткоинге (сол кездегі бағаммен – 25 доллардай ақша) екі пицца сатып алған екен. Ал 10 мың биткоин бүгінде 24 миллион доллардан аса ақшаға теңеліп тұр.

2009-жылы бір ағылшын жігіті 7500 биткоин сатып алған екен. Уақыт өте келе құпия кілт сақталған ескі ком­пьютер дискісін қоқысқа тастап жіберіпті. Арада 4 жыл өткенде ол жаңалықтардан биткоин бағамының күрт өскенін естиді. Есептеп көрсе,  7500 биткоині 2013-жылғы бағаммен 7 миллион 500 мың долларға теңеліп тұр екен. Содан жанұшыра ескі дискісін іздеген жігіт қаланың қоқыс алаңын біраз күн қопарған көрінеді.

Жұрт несіне қызығуда?

Бүгінде биткоинге қатысты қызмет ұсынушы биржалар оның «қолжетімді, тиімді, жылдам, сенімді, қауіпсіз, ин­фляцияға төзімді» деген сияқты артықшылықтарын тізбелеп көрсетеді. «Одан салық алынбайды, оны ешқандай да мемлекет немесе басқадай бір орталықтандырылған ұйым қадағалай алмайды, олардың биткоинге ешқандай да ықпалы жоқ, ол саясаттағы құбылыстардан тәуелсіз, «валюталық соғыстар» әсеріне төзімді» деп те айтылады.

Сондай-ақ бұл салада жүрген алаяқтар да аз емес сияқты. Өйткені әлгіндей биткоин биржаларының, айыр­бастау орталықтарының жарнамаларын ашып көрсеңіз, «сазға отырғызып кетпесін, мынадай сайттардан сақтаныңыз» дегендей тұрғыдағы ескертулер де жүр.

Сарапшылар не дейді?

Ал енді жұртты елеңдеткен бит­коиннің болашағы бар ма? Бүгінде осы сұрақ төңірегінде айтысып-тартысып жүргендер де аз емес.

Мысалы, кейбір сарапшылар қазіргі өсу серпініне қарап 1 биткоиннің алдағы уақыттарда 40 мың долларға, тіпті 100 мың долларға дейін теңелуге мүмкіндігі барын айтып отыр. Олар биткоин долларды әлемдік резервтік валюта деңгейінен ығыстырып шығарады дейді. Алдағы 10 – 15 жылда ол интернет секілді әлемді өзіне тәуелді етеді деген пікірде.

Ал биткоиннің болашағына шүбәлана қарайтындарды бірінші кезекте ақшаның қолда, қалтада, банкте болмауы, қазіргі ақшалар сияқты алтынмен қамсыздандырылмайтыны, қандай да бір валютаға немесе активке бекітілмейтіні, баға белгіленуінің тек сұраныс пен ұсынысқа ғана байланысты екені ойландырады.

Мысалы, аты әлемге әйгілі инвестор Уоррен Баффет биткоиннің өмірі ары кетсе 10 – 15 жылға созылады деп есептейтінін білдіріпті. Сондай-ақ оны алыпсатарлар үшін әдейі жасалған қаржылық пирамида ретінде бағалап, мемлекет тарапынан қадағалау болмағасын құйтырқы істерге, экономикалық қылмыстарға жол ашады, қоғамға, мемлекетке қауіп төндіреді, сондықтан оған ерте ме, кеш пе, түбегейлі тиым салынады деп жүргендер де жоқ емес.

...Қалай болғанда да бүгінде биткоинмен ғаламтор арқылы сауда жасап, тауар, мүлік сатып алушылар баршылық, онымен түрлі қызмет ақыларын төлеуге, шетелдерде оқып, саяхаттағанда есеп айырысуға болады. Яғни компьютер немесе қалта телефоныңыз арқылы ғаламторға кіресіз де, қажетті іспен айналыса бересіз. Әрине, ол үшін сауатты, тәжірибелі, бұл саланың күрделі жақтарын меңгерген болуыңыз керек, биткоиннің жиі құбылатын бағамын қадағалай жүргеніңіз жөн болмақ.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікірлер   

 
0 #2 Шәкім. 27.06.2017 02:49
Енді жетпегені осы еді...Алаяқтар халықты онсызда тоздырып бітірді емес пе!...
Дәйек алу
 
 
0 #1 Unknown 12.06.2017 05:25
Биткоинді негізінен интернет алаяқтар қолданады
Дәйек алу
 

Пікір қалдыру