Кезінде «Қыз сынында» көзайым болған

12.06.2017
Қаралды: 787

Елге белгілі ақын Кендебай Ахаттың қызы Ләззат Ахатованы жұрт жақсы таниды деп ойлаймыз. 

Ол кісі кезінде «Қыз сыны» байқауында бақ сынап, көрерменнің көзайымына айналған болатын. Кейіннен Оңтүстік Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында судья болып еңбек етті. Онда да әріптестерінің арасында абыройлы болды. Ләззат ханым бүгінде Астана қаласында тұрады. Таяуда сәті түсіп, ол кісімен сұхбаттас болдық.

– Ләззат Кендебайқызы, әңгімемізді өмірбая­ныңыздан бастасақ...

– Мен 1975-жылы Мақтаарал ауданында дүниеге келгенмін. Жеті­сайдағы Пушкин атындағы орта мектепте 9-сыныпқа дейін білім алдым. Кейін Жетісай педагогика колледжінің музыка бөліміне түстім. Қазіргі эс­тра­да жұлдызы, танымал әнші Жұбаныш Жексенұлымен, облыстық опера және балет театрының әншісі Үрәл­xан Сейілбековамен бір топта оқыдық.

Кейін оқуды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінің филология фа­куль­­тетінде жал­ғастырдым. Онда Мұxа­меджан Тазабекпен, ақын Серікзат Дүйсен­ғазымен бірге білім алдым. 2004-жылы әдебиеттану ғылымынан ұстазым, жазушы Зейнолла Қаб­доловтың шығармашылығы мен оның Әуезовтануға қос­қан үлесі тақырыбында кандидаттық дис­сертация қорғадым.

2002-жылы Заң академия­сына оқуға түсіп, заңгер ма­ман­дығын алып шықтым. Он жыл Оңтүстік Қазақстан об­лыстық мамандандырыл­ған ауданаралық экономикалық сотында судья болып қызмет еттім. Қазір  Төре­лік соттың судьясы болып еңбек етіп жүрмін.

– Төрелік сот дегеніміз не? Оның қандай ерек­шелігі бар?

– Төрелік сот  – кәсіпкерлік қызмет, мүліктік қатынастар барысында немесе басқару аясында туындайтын дауларды шешу үшін құрылған орган. Онда қыл­мыстық, банкроттық туралы істер және жасөс­пірімдерге қатыс­ты істерден басқа са­наттағы барлық азаматтық істер, атап айтқанда, қарыз өндіру, некені бұзу, банктер арасындағы даулар, жерге қатыс­ты мәселелер қаралады.

– Кезінде «Қыз сынына» қатысып, көпшіліктің ықыласына бөленіп едіңіз. Қазіргі байқауларға көзқарасыңыз қандай? Жалпы, қазақ қыздарының бет-бейнесі қандай болуы керек?

– Жетісайдағы педагогикалық колледжде оқып жүргенде аудандық «Қыз сыны» байқауынан бас жүлдені иелен­генім рас. Облыстық байқауда да бағым жанып, республикалық бай­қау­ға жолдама алдым. Алматыда да бірнеше мәрте іріктеу байқаулары өтті. Ақтық мәреге дейін жетіп, жүлделі орынды иелендік.

Әрине, ол кездегі байқау мен қазіргі іс-шаралардың арасы жер мен көктей. Қазіргі байқауларда қатысушылардың сыртқы сұлулығына, дене сымбатына көп мән берілсе, бұрын ұлттық құндылықтар бағаланатын еді. Қол­өнерге, білімге, өнерге басымдық берілетін. Ол кезде қазақ қыздарына Фариза Оңғарсынова, Зейнеп Ахметова, Асылы Осман секілді қалың қазаққа танымал кісілер қазылық еткен. Яғни салмағы басым еді.

Ал қазақ қыздары қандай болуы керек дегенге тоқталсақ, алдымен әрбір ата-ана қыздарына рухани тәрбие беруі тиіс. Қыз – болашақ ана. Ал ана болар жан арлы-ұятты, иманды, ақылды, парасатты болуы керек. Әрине, білімді болғаны да дұрыс.

Бүгінде мансап қуып жүрген қыз-келіншектер көп. Ондайда отбасы, бала тәр­бие­сі назардан тыс қалуы мүмкін. Мен мұны өз басымнан өткергесін айтып отырмын. Сот саласында жұмыс істеу оңай емес. Әсіресе әйел адамға. Таңнан кешке дейін қызмет деп жүре берсең балаларыңа уақыт қалмайды. Сондықтан уақыттың басым бө­лігін отбасына, бала тәр­бие­сіне арнауымыз қажет.

– Сотқа ісі түскен адамның абдырап, асып-сасып қалатыны бар. Осы ретте қарапайым халыққа судья­мен қалай сөйлесу керек­тігі жөнінде кеңес берсеңіз.

– Алда-жалда сотқа қатыс­ты қандай да бір жағдайға тап болсаңыз, онда сабыр сақтаңыз. Асып-саспаңыз. Жағдай неден туындады, өзіңіздің бұған кінәңіз бар ма, жоқ па, соны саралаңыз. Егер кінәлі болмасаңыз, онда өз сөзіңізді дәлелдейтін құжаттарды рет­теңіз. Сот проце­сінде әр сөзіңіз анық әрі қысқа болсын. Сенімді сөй­леңіз, бірді айтып, екінші­сіне кетпеңіз. Эмоцияға бері­ліп артық әңгіме айтудың, дау-жанжал шығарудың қа­жеті жоқ. Бұл сізге, іске кері әсерін тигізеді.

Жалпы, қазір кез келген адам заңды жақсы білгені дұрыс. Интернетті ашсаңыз, өзіңізге қажетті Кодекстер мен баптарды тез табуға болады. Оқып алыңыз, өз құқыңызды біліңіз, керек кезінде пайдаланыңыз дегім келеді.

– Өздеріңіз секілді судья боламын деп жүрген жастарға қандай кеңес бересіз?

– Сот саласы оңай жұмыс емес. Әр істің артында адамның тағдыры тұрады. Егер сәл ғана мүлт кетсең адамның көз жасына қалуың мүмкін. Ал ол шешімің дұрыс болмай шық­са, басшылық тарапынан да ескерту, сөгіс алуың, ал кей жағдайда тіпті лауазымыңнан да босатылуың ықтимал. Сондықтан судья болғысы келген адамның бо­йында ақ пен қараны ажырата алатын қасиет болуы керек. Бірнеше тілді еркін меңгергені абзал. Көп­шілікпен тіл табыса алатын, ісі түскен адамның сөзін аяғына дейін тыңдай алатын сабырлы жан болса, онда абырой биігінен көріне алады.

– Бала тәр­биесіне қатыс­ты қандай да бір ұстанымдарыңыз бар ма?

– Балаларымның бойына ең алдымен имандылықты, мейі­рімділікті, адамдарға құрмет көрсетіп, кіші­лерге ізетті болуды сіңіруге тырысамын. Кезінде ата-анамыз жүрегімізге иман нұрын себе білді. Мен де ұшқан ұямнан алған тәрбиемді балаларыма беріп ке­лемін. Ме­шітке, балалар үйіне апарып, өмірдің қалтарыс-бұл­тарысы барын, бұл өмірге қонақ еке­німізді, өмірді мәнді-сәнді етіп өткізу керегін шама-шар­қымша тү­сін­діремін. Өзім бес уақыт намаз оқып, ісіммен де үлгі болуға тырысып жүрмін.

Қазір үш қызым да жоғары оқу орнында оқиды. Үлкенім Лондонда, қаржы саласы бойынша магистратурада, екінші қызым Алматыда, ҚазМУ-де, ал кенже қызым Еуразия ұлттық уни­верситетінде оқып жүр. Ұлым биыл 5-ші сыныпты бітірді. Жүрген жерлерінде қайырымдылық іс-шаралар өткізілсе, басы-қасынан табылады. Негізі әр ата-ана балаларын Жаратушы алдындағы парызын орындауға баулығаны жөн. Одан ата-ана да, бала да тек жақсылық көреді. Ұтылмайды.

Сұхбаттасқан – С. ИКРАМҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ