Ақпарат

«Абдулхамид Қаттани» мешіті жаңарып, жарқырап тұр

Қаралды: 308

Қасиетті Рамазан айы басталар тұста Шымкенттегі «Абдулхамид Қаттани» мешіті жамағатқа есігін айқара ашты. 

Яғни ол осыған дейін күрделі жөндеуден өткен еді. Жаңарып-жаң­ғыртылған мешітте бірқатар өзгерістер орын алған болатын. Біз бұл жөнінде мешіт имамы Бақдәулет Әбді­рахмановпен әңгімелестік.

Кезінде бұл ғимараттың бой көтеруіне Сауда Арабиясындағы Қаттани ауылының Абдулхамид есімді азаматы демеушілік еткені, сондықтан мешіттің сол кісінің есімімен аталатыны белгілі. Құрылысы 1995-жылы басталған мешіт 1997-жылы пайдалануға берілген болатын. Арада өткен жиырма жылдай уақыт ішінде оның біраз тұстары ескіріп, жөндеуді қажет етіп тұрған еді. Сондықтан мешіт имамы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтан оның ішін жөндеуден өткізіп беруін өтінген. Қала басшысы өтінішке түсіністікпен қарап, оны өз қаржысымен жөндетуге уәде етіпті.

«Жөндеу жұмыстарын Әсет Қайыпбеков басқаратын «Сити Строй» компаниясы жүргізді, – дейді мешіт имамы. – Ғимараттың іші толықтай күрделі жөндеуден өтті. Ішкі жөндеу жұмыстары біткесін қала әкімі оның сыртын да ретке келтіруді тапсырды. Ғимараттың сырты травматинмен, мәрмәрмен қапталды. Мешіттің қорғаны, оның сыртындағы дүкендер алынып тасталды, аулаға «брусчаткалар» төселді.

Негізі мешіттің сиымдылығы 800 адамға шақталған. Күрделі жөндеуден өткесін намазхандарға сырттағы ауланы да пайдалануға мүмкіндік туып отыр, яғни енді іші-сыртымен қосқанда мешітімізде бір мезгілде 2000 адам намазға қатыса алатын болды».

Осылай деген мешіт имамы ғимарат жанынан ішіне 200 адам сиятын «Мумтаз» деп аталатын асхана салынғанын да айтып өтті. Бүгінде ниет еткен азаматтар онда адам басына 1500 теңгеден төлеп күн сайын ауызашар беріп жатыр екен.

Сондай-ақ «Абдулхамид Қаттани» мешітінің жанынан діни әдебиет, түрлі заттар, қолөнер бұйымдары, киімдер сататын арнайы дүкен де салыныпты. Мешіттің жамағатқа арналған әжетханасы да жаңарып қалыпты. Автокөлік қоятын тұрақ та іске қосылған.

«Біздің мешіттің күмбезі алтын түстес, тат баспайтын металмен қапталған, – дейді Б.Әбдірахманов. – Мұндай күмбез елімізде Астанадағы «Нұр-Мүбәрак» мешіті мен Алматының орталық мешітінде ғана бар. Яғни «Абдулхамид Қаттани» мешіті – еліміздегі күмбезі алтындай жарқырап тұратын үшінші мешіт. Енді, міне, іші-сырты да айнадай жарқырап, жарасып қалды. Осы орайда біздің мешіттің іші-сыртына күрделі жөндеу жүргізіп берген қала әкімі  Ғабидолла Әбдірахымовқа, әжетхана салдыр­ған облыс әкімінің орынбасары Дархан Сатыбалдыға, құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізген «Сити-Строй» ЖШС-інің басшысы Әсет Қайыпбековке айтар алғысымыз шексіз».

...Міне, қасиетті Рамазан айында «Абдулхамид Қаттани» мешітінде осындай бір жағымды жаңалық орын алды. Жамағатты қуанышқа бөлеген мұндай сауапты іске атсалысқан барша азаматтарға біз де өз тарапымыздан ризашылығымызды білдіреміз.

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру