Ел назары – Астанада!

10.06.2017
Қаралды: 498

Кешегі жұма, 9 маусым күні Астанада «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі ресми түрде ашылды. Бүгінде бүкіл елдің назары Астанаға ауып тұрғаны анық.

Қысқа мерзім ішінде салынып біткен шағын қалашық ішінде не орналасқан? Жалпы, бұл жерден не көруге болады?

Осындай сұрақтарға жауапты «ЭКСПО – 2017» көрмесінің ақпараттық парақшасынан толығырақ ала аласыз. Атап айтқанда...

«Нұр Әлем» павильоны

«Нұр Әлем» –  Астана «ЭКСПО – 2017» көрмесінің архитектуралық символына айналған Көрме кешенінің орталық нысаны. Бұл диаметрі 80 метрді, биіктігі 100 метрді құрайтын әлемдегі ең үлкен сфералық ғимарат болмақ.  Келушілер Қазақстанның тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі, көрікті жерлері, сонымен қатар елдің жетістіктерімен таныса алатындай, ғимараттың 1-ші қабатында Қазақстанның павильоны орналасқан. Сфераның өзінде «Болашақ» мұражайы бар. «Нұр Әлем» қарапайым мұражайдан артық, ол Көрме өткеннен кейін өз бетінше инновациялық хаб әрі маңызды зерттеу және мәдени орталыққа айналуы тиіс. Ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетика – қуат көздерінің негізгі түрлері көрсетілетін, «Болашақ» мұражайының 2 – 8 қабаттарында орналасқан экспозициялық кеңістіктерді қабылдау мүмкіндігі сандық, мультимедиялық және интерактивті технологиялар арқасында нығая түседі. Ғимарат үстіндегі шолу алаңына лифт арқылы көтеріліп, бүкіл «ЭКСПО» ауданына ашылатын әдемі көріністі тамашалауға болады.

Тақырыптық павильондар

Көрменің «Болашақ энергиясы» тақырыбы төрт тақырыптық негізде ұсынылады. Бас жоспар бойынша тақырыптық павильондар үшін Көрме кешенінің аумағынан төрт ірі учаскеден бөлінген.

Көрме тақырыбын ашуда тағы екі тақырыптық павиль­онның маңызы жоғары. Бірінші павильонда энергетиканың заманауи дамуы жағдайында адамзаттың Ғарыш пен Жерден пайда болатын энергияны қолдану идеясы ашылмақ. Екінші павильонның басты тақырыбы – қазба байлықтарының таусылуы мен қоршаған ортаның ластануына әкеліп соқтырған жаһандық энергетикалық дағдарыстың түйткілдерін ұғыну.

Халықаралық павильондар

Халықаралық павильондар Көрме кешенінің сыртқы периметрі бойынша орналасқан. Сақина түрінде жайғасу арқылы 4 ірі блокқа біріктірілген 14 «П» тәрізді ғимаратта орналасқан қатысушы елдердің павильондарына жету мүмкіндігі бірдей әрі келушілер ағынын біркелкі үйлестіруге жағдай жасалған. 

Елдердің экспозициялары 1-ші қабат деңгейінде орналас­қан. 2-ші қабатта кеңселер, келіссөздер бөлмелері, қатысушылардың қызметтік аймақтары, сонымен қатар ұлттық тағам мейрамханалары бар.

Конгресс орталығы

Бұл ғимарат «EXPO – 2017» көрме кешеніне жақын жерде орналасқан және футуристикалық стильді жалғайды. Конгресс-орталық жатын орындары бар қонақүй кешенімен және Конгресс кеңсесімен бірге бірыңғай архитектуралық ансамбльді құрайды. Ғимараттың биіктігі 29 метрді құрайды. Сәулетшілердің ойластырғаны бойынша кешен шаралардың түрлі форматына келетіндей етіп жобаланған.

Конгресс-орталықта ауқымды мәдени-көріністік шаралар – көрменің ашылуы мен жабылуы, тақырыптық форумдар мен концерттер өтеді.  Ғимаратта бұл үшін барлық жағдай қарастырылған: әрлеу бөлмелері, әртістер, дыбыс операторлары, синхронистер бөлмесі, пульттік, қоймалық және техникалық бөлмелер бар.  Көрермендер залы 2153 орынға есептелген, телескопиялық орындықтар кеңістікті өзгертіп, декорацияны қозғалтуға мүмкіндік береді.

Амфитеатр

Кешеннің батыс бөлігіндегі кең бақтың аумағында орналасқан «Амфитеатр» – көрменің басты ойын-сауық алаңы. Алаңның негізгі міндеті – концерттік және көңіл көтеретін шараларды (театрландырылған көріністер, шоу, танымал әртістердің өнер көрсетуі), сондай-ақ ерекше мәні бар күндерді атауға арналған арнайы шараларды өткізу. Жабық сахнасы және аудитория орналасатын ашық территориясы бар нысан «эстрада» қағидасы бо­йынша жобаланды. Алаңның қонақтарына түрегеп тұратын 6000 орын қарастырылған.

«Арт» орталық

10 маусымнан бастап, «ЭКСПО-2017» Көрмесі жұмыс барысының үш ай бойына «Astana Contemporary Art Center» павильоны келушілерді қазіргі заманғы өнер саласының әртүрлі бағыттарымен танымдық үлгіде таныс­тырып отырады. «Арт» орталықтың бағдарламасы қалың бұқараға арналған.

Павильонның бірінші қабатында «Гараж» мұражайымен бірлесіп жасалған көрме және танымдық жобалар ұсынылады. Павильонның дәрісханасында арт-нарық, заманауи тәлімгерлік тәжірибе мен баспа ісіне арналған дәрістер мен пікірталастар өткізіледі. Сонымен қатар қазіргі заман­ғы өнерге арналған 300 фильмнің көрсетілімі жоспарланып отыр. Фильмдер қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде субтитрлармен көрсетіледі.

Үздік тәжірибелер аймағы

Үздік тәжірибелер аймағы – «Болашақ энергиясы» саласының озық технологиялары ұсынылатын «ЭКСПО –2017» көрмесінің басты тақырыптық павильондарының бірі. Жалпы аумағы 2564 шаршы метрді құрайтын 2 қабатты ғимарат түріндегі павильон мынадай бес тақырыптық аймаққа бөлінген: жаңғыртылатын және баламалы энергия, энергиялық тиімділік пен дәстүрлі энергия, энергияны сақтау, энергияны үлестіру, табиғи энергетикалық ресурс­тарды қолдану.

 

Бұл орайда көрмеге қатысуға 25 елден барлығы 133 өтінім түскен.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!