Курстастар 40 жылдан соң бас қосты

10.06.2017
Қаралды: 1229

Биылғы мамыражай  мамырдың соңғы күнде­рінің бірінде Қазақ мем­лекеттік универ­ситетін (бүгінгі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) 1977 жылы бітір­гендер Алматыда бас қостық. 

Бажайлап қарасақ, қы­рық жыл де­генің шын мәнінде тарлан тартқан кемел ғұмыр.

Байқатпай, білдірмей ұш­қан құстай зымыраған осы қым-қуыт уақыт бедерінде тонның ішкі бауындай, арамыздан қыл өтпестей дос болып, бес  жыл бірге оқы­ғандар қатарынан көркем әдебиет саласында бір Мем­лекеттік сыйлықтың иегері, бір халық ақыны, үш Халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Жазушылар одағының он төрт мү­шесі, екі ғылым докторы, екі ғылым кандидаты, бір министр, көпшіліктің сенімін арқалаған талай  жоғары лауазым иелері шығыпты. Ішімізде Мекке-Мәдинаға ба­рып, қажылық сапар жасап қайтқан курстасымыз да бар. Жалпы құлын-тайдай тебісіп бірге өскен, албырт та аңғал, көкірек зор, уайым жоқ  студент шақтың қызығын да, шыжығын да бөліскен қимас құрбы-құрдастардың бәрі де университеттен кейін өмірден өз орындарын тапқаны да көңіл­ге бір ғанибет.

Арамыздан бір министр де шықты деп отырғаным – Нұртілеу Иманғалиұлы. Кезінде «Хабар» арнасында қоғамға тек көкейкесті мәсе­лелерді қозғауымен миллиондаған тұрақты теле­көрер­меннің назарын аударған «Бетпе-бет» бағдарламасының негізін қалаушы әрі жүргізушісі, сол хабарын ылғи да «Бай, қуатты болайық» деп түйін­дейтінімен халық жадында жатталып қалған кәдімгі өзі­міздің – Нұртілеу. Курстастардың бұдан он жыл бұрын Әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің үлкен мәжіліс залында ҚазҰУ-нің басшылығымен және журналистика факуль­те­ті­нің сту­дентте­рімен өткен кездесуінде ұстазымыз, фантаст-жазушы Аб­дул-Хамит Мархабаев: «Елі­міздің идеологиясының бі­ре­гей де мықты тірегі – Қазақстан телерадио корпорациясы екені даусыз.  Бұл өзі бүкіл республика көретін, тыңдайтын, көз тігетін бір әлем, яғни  министрлікпен деңгейлес аса маңызды сала. Демек, оны басқару ісін министр лауазымымен  пара-пар шендестіруге, терезесін теңестіруге әбден болады. Ендеше Нұртілеу де сондай биік қызметтің тізгінін ұстап жүр» дегені де есімізде жаңғырып тұр.

ҚазМУ-ды 1977 жылы бітіргендердің он жылдық, жиырма жылдық, отыз жылдық жүздесулерінің де, кешегі қырық жылдығының да жар құлағы жастыққа тимей ұйыт­қысы, бас бастамашысы болған осы Нұртілеу Иманғалиұлы. Өзінің студенттік жылдары да қоғамдық жұмыс­тарды ұйымдастырушылық белсенді қабілеті жанып тұратын еді. Қайта қазір де байырқалана, қуаттана түскен сол қасиетіне бәріміз де тәнтіміз. Достар кездесуін әр он жыл сайын өткізуді бұлжымас дәстүрге айналдыра алғаны үшін Нұртілеуге біз дән разымыз. Осы жолы да ол: «Жігіттер, қыздар! Ендігі кезекте әр жылда әр облыста бас қосайық» деген тағы да тың идея көтерді. Біз курс­тастар көшбасшысының бұл ұсынысына ойланып қалдық. Шынында да неге өткізбеске...

Әрине, журфактың 1977 жылғы  түлектерінің  жұртқа мақтанарлық жетістіктері де, достардың бір-біріне, көп­шілікке айтар қуаныштары да жетерлік.

Ал енді масаттандырған шаттығымызбен қатар жүрек сыздатар жарамызды да сыртқа қалай білдірмеспіз. Опындырары сол, отыз жыл­дық кездесуімізден бері бес бірдей досымыздан көз жазып қалыппыз. Он жыл ішінде Абдул-Хамит Мархабаев сияқты бірқатар ұстаздарымыздан айырылыппыз. Бұдан бұрын да татар дәмі ерте таусылған қыршын достар тағы бар. «Талаптың аты арындап, әр қияға салған» бала арманымыз орындалып, оқуға түскен елу жігіт-қыздың бұл күнде он бірі бақилыққа аттаныпты. Жүздесу барысында марқұмдардың рухына құран оқып, дұға қайырып, сала­уат айт­тық.

«Достыққа достық – қарыз іс». Журфак оқытушыларымен, студент­те­рімен кездесу кезінде Нұртілеудің авторлығымен отыз жылдық қауышуымыздан жасалған телефильм көрсетілді. Онда бүгінде дүниеден озған, он жыл бұрын арамызда мәре-сәре жайнап жүрген дос­тар мен оқытушыларымыздың бейнелері көзге оттай басылып, көңіл қамықты.

 «Өмір – мұхит, уақыт – толқын». Толғауы тоқсан қырлы тіршілік тоқтамайды.  Бір күлкі, бір қынжылыс қабаттасқан, бұралаңы ию-қию өмір зырылдап өтіп жатыр. Ал журфактың 77-жылғы түлектері ет-жүректі елжіретер, арқа-жарқа, ыстық ықыласқа меймілдеген кезекті бас қосуда университеттің бас корпусындағы мұражайдың жәдігерлерін тамашалады.

Оқудың бастапқы жылдарында біз С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың бас корпусына орналасқан факуль­тетімізге Алматының бір ше­тіндегі О.Жандосов пен «Правда» көшелерінің қиылысындағы Алматы халық шаруашылығы институтынан журфак пен юрфак үшін жалға алынған бір жатақханасынан келіп оқыдық. Қазір бұл ғимаратқа Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы жайғасыпты. Ал бүгінде өскен, өркендеген еліміздің ЖОО-ның көшбасында тұрған, тәуелсіздігіміздің таңында-ақ атын Әл-Фарабиге өзгерткен ҚазҰУ-нің бас корпусынан бастап, барлық факуль­тетінің оқу ғимараттары, жатақ­ханалары, студенттер сарайы, зертханалары, кітап­ханалары, асханалары, спорт нысандары, келешек маманның жан-жақты білім  алуына не қажеттің бәрі де бір жерде және түгел бар. Тұтас бір кешен.

Жүздесу өткен факуль­теттің мәжіліс залында бұдан қырық жыл бұрын бітіргендер ертеңгі әріп­тестерге есте­ліктер өрбітті, өздерінің жаңа кітаптарын ҚазҰУ-дың кітап­ханасына тарту етті. Факультет деканы Сағатбек Медеубеков университет ректоры атынан бірқатар курс­тастарымызға аталмыш жоғары оқу орнының сексен жылдығына байланысты шы­ға­рылған мерекелік медаль тапсырды. Болашақ қаламгерлер ән шырқап, күй тартып, өлең оқып, сан қырлы өнерлерін танытты.

Түлектерге де, студенттерге де ұмытылмастай әсер сыйлаған кездесу соңынан «Енді елу жылдықта сау-саламат, аман-есен жүзде­сейік» деп бір-бірімізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, жақсы сәттер тілеп, қимас кө­ңілмен қоштастық.

Жеңіс БАҺАДҮР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!