Ақпарат

«Құда гәпті» Италияда өткізбекші екен

Қаралды: 275

Оңтүстікте құрдастар, дос­тар, құрбылар, әріп­тестер, құдалар өзара гәп ойнайтын жақсы дәстүр бар. Басқа жерлерде «черная касса» деп жатады ғой. 

Біз оны гәп дейміз, яғни айына бір рет бас қосып, ішіп-жеп, ойнап-күліп, әңгіменің тиегін ағы­тып, уақытымызды қызықты өткізуге тырысамыз. Бұған дейін сыныптас дос­тарымен, бажа-балдыздармен гәп ойнайтындар туралы еститінбіз. Ал жақында бір танысымыз өзінің құдаларымен гәп өткізіп жүргенін айтты.

«Оның бір артықшылығы – құдалармен жақынырақ араласуға мүмкіндік туады екен, – дейді танысым. – Әйтпесе  құда-жекжатпен той-жиында ғана кездес­кеніміз болмаса, мүм­кін­дігінше етене жақын араласып, сыр алдырмауға тырысатынымыз өтірік емес қой. Ал ай сайын кездесіп, кең дастархан басында әңгіме құрған соң туған бауырлардай жақын болып кетеді екенсің. Құдалар осылай өзара тату тұрса, жас жұбайлар да өзара ренжіскенімен, қатты кетпей, артынша татуласып жатады.

Біздің гәптің бір артықшылығы, жылына бір рет маусым айында гәптес құдалар шетелге шығып, демалып қайтамыз. Яғни кімнің кезегі маусымға түссе, сол құдаларды ше­телге апарып, қыдыртып қайтады. Құдалармен бірге Дубайда, Анкарада, Үндіс­танда болып қайттық. Енді Құдай қаласа, Римге барамыз деп жоспарлап қой­дық».

Шынымды айтсам, бақуат тұратын танысыма қызыға қарадым. «Асың барда ел таны беріп жүріп, атың барда жер таны желіп жүріп» дегендей, шамаң келіп жатса, елді де, жерді де аралап, танығанға не жетсін, шіркін!

Ш. ЕЛШІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру