Ақпарат

Анаңызды жиі-жиі құшақтап, бетінен сүйіп тұрыңыз

Қаралды: 211

Пендеміз ғой, кейде ата-анамыз жанымызда мәңгілік жүретіндей оған дауыс көтереміз, айтқанын орындай бермейміз. 

Тіпті кей нәрсені оларға қимай қаламыз. Ал ол адамдардан айырылып қалған сәтте өзегіміз өкініштен өртеніп кете жаздайды. «Қасым» порталында жарық көрген мына мақала талайларға ой салары анық.

Пойызда келеміз. Жанымда отырған жасы қырықтар шамасындағы жолаушы әйелдің көз жасы тиылар емес. Солқ-солқ етіп шарасыз кейіпте жылай берді, жылай берді.

Бірер уақыт өткен соң сәл басылды. Сөйтіп, жанында отырған бір-біріне мүлде бейтаныс үшеумізге қарап былай деді:

– Бейтаныс бауырларым, жер бетіндегі өзге тірі жан білмейтін сы­рымды сіздерге айтпасам, ішім күйіп, өртеніп барады…

– Әлбетте, – десіп, бас шұлғыдық.

«Күйеуіммен жараспай, ажырасып кеткен едім, – деп бастады ол сонда әңгімесін. – Туып-өскен үйіме оралдым. Әкем де, шешем де жанымда болды. Сөйтіп кішкентай ұлым төртеуіміз тұра бастадық. Жұмыстың қиындығынан ба, білмедім, әйтеуір қабағым бір ашылмайтын. Кәрі әке-шешем бар тәттіні аузыма тосып отырғанда да, әкем қақырынып қалса, жақтырмай, ал­дым­дағы тамақты итеріп, төгіп жібе­ретінмін. Анам сол кезде: «Қар­ғам-ай...» – дейтін де, төгілген тамақты үнсіз жи­нап алатын.

Анам да, әкем де қартайған. Жүріс-тұрыстары қиындай бас­таған шақта тіпті «Қарттар үйіне» тапсырып тастасам ба екен деп те ойланып жүрдім. Өйткені қатты шаршап келгенде өзіммен-өзім болып, рахаттанып демалғым келетін. Олар үйге бір кіріп, бір шығып тым тынымсызданып кетті.

Астанада жақсы қызметке орналасып, су жаңа джип алдым. Сол джипке әке-шешемді мінгізгім келмей, оларды барар жеріне автобуспен жүргізіп қоятынмын. Мына өмірге ме, қоғамға ма, білмедім, әйтеуір кеудемде бір өшпес өшпенділік болды. Бәрін жек көрдім. Бәрінен баз кештім. Туған бауырыммен сыйыспадым, ата-анамды сол бауырымның отбасымен араластырмадым. Анама да, әкеме де дауыс көтеріп, бұйыра сөйлеу күнделікті дағдыма айналды.

Кеше анам аяқ астынан жүрегі ұстап құлап қалды. Мен жұмыста едім. Тас болып қатып қалған жүрегім кезекші дәрігерлер ауруханадан қоңырау шал­ғанда еріп сала бергені-ай… Алқынып ауруханаға жеттім. Анам кереуетте жатыр екен. Көзі жұмулы. Кереуетке жетіп жығылып, өкіре жыладым.

– Тастамашы, апа! Тастамашы! Мені кешірші, кешірші мені! Мен қазір-ақ бауырыма қоңырау шаламын, бауырыммен татуласамын, барлық жағдайыңды жасаймын, тек көзіңді ашшы! – деп көз жасымды төге бердім. Анам­ның саусағы әзер қимылдады. Бірақ дәрігер бұл анамның өміріндегі соңғы минуттары екенін айтып: «Соңғы сөздеріңді тез айтып қал», – деп күбірледі.

– Апа! Мені кешірсең, қолымды қысшы! – дедім жанұшыра.

Бұл сөздерді не үшін айтқанымды білмеймін. Бәлкім өзіме кішкене жеңіл болсын деп, кейін өз-өзімді жегідей жемес үшін айтқан шығармын…

Анам қинала қимылдап, саусағымен қолымды бір рет қысқандай болды…

– Расымен бе? Мен бейбақты, мен сорлыны кешіресің бе, апа?! – дегенімде бірер секундтан соң анам саусағын тағы қимылдатты. Мен бұл жолы анамның мені естіп жатқанына сенімді болдым.

Осыдан кейін бірер секундтан соң анам мәңгілік сапарына аттанып кетті. Мен ебіл-дебіл болып жылап, анамның бетін, саусағын сүйе бердім. Бұрын анам тірі кезінде мені бетімнен сүймекші боп ұмтылғанда: «Бетіңдегі әжімдерің бетіме тигенде жиіркенемін», – деп сүйгізбейтінмін. Сенесіздер ме, анам кереуетте жатқанда сондай тәтті болып кетті. Сондай тәтті еді… Әжімі де сондай сүйкімді болатын…

Ал жансыз саусақтары мәңгілік менен ажырамаса екен деп тіледім сол сәт. Бірақ бәрі кеш еді… Кеш еді…

Мен ақымақты бір сәтте өзгертіп, тәубесіне келтірген қандай құдірет екенін білмеймін. Бір білерім – өмір бойы анама істеген істерім үшін өкініп өтемін».

Әйелдің ауыр әңгімесін тыңдап отырған жолаушының бірі:

– Ал әкең қайда? – деді сыбырлай.

– Әкем анам қайтыс болды деген хабарды естіген бойда жүрегі ұстап, құлап қалды. Қазір ауруханада жатыр. Жағдайы жақсарыпты, телефонмен сөйлестім. Біз анамызды өзі туған Талдықорғанға жерлеу үшін алып келеміз. Анамның мүрдесі бауырымның көлігінде, – деді әйел.

...Жүйткіген пойызға жүрдек уақыт ілесіп, әп-сәтте түн түсіп, бәріміз ұйқыға жаттық. Әйел түнімен ауыр күрсініп, дөңбекшіп шықты. Ал таңертең тұрғанда ол бізге бір түнде бірден он жасқа қартайып, шөгіп кеткендей сезілді.

Қолымызды мезгілінен кеш сермеп қалып жүрмейік, бауырлар! Анаңызды жақсы көретініңізді айтып, жиі-жиі құшақтап, бетінен сүйіңіз.

Нар ҚҰЛАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру