Мектеп түлектері 60 жылдық кездесуін өткізді

07.06.2017
Қаралды: 683

Кешегі аптада Шолаққорған  ауылының орталық бағына  жастары егде тартқан, кейбіреулері таяқ сүйенген қарттар жиналды. 

Бұлар осыдан 60 жыл бұрын Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті бітіргендер болатын. Осы жерде салтанатты жиын басталды.

Белгіленген уақыт болды-ау дегенде негізгі мамандығы педагог, көп жыл аудандағы партия орындарында және шаруашылықтарында басшылық қызметте болған, екі рет Меккенің жүзін көріп, Әкбар қажы атанған  Сексенбай Тұрысбекұлы жиынды ашып:

– Аз қалыппыз-ау... – деді басын қынжыла шайқап. – Осы күнге жеткенімізге тәубе, шүкір дейік, – деді. Сосын ол отырғандардан әркім өз пікірлерін, толғандырып жүрген ойларын ортаға салуды өтінді.

Бірінші болып Ескер Жақанов сөз алды.

– «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген. Алдымен  қайтыс болып кеткен сыныптастарымызды еске түсіріп, оларға құран бағыштап алайық, – деді ол. Оның ұсынысы бойынша мектеп түлегі, қазір дін жолын ұстанып, ауыл молдасы атанған Көбеш Ысқақов  марқұм болып кеткен дос, құрбы-құрдастарының аттарын жеке-жеке атап құран бағыштады.

1957-жылы  мектептегі үш қазақ сыныбы мен бір орыс сыныбын 90-ға жуық  ұл-қыз бітірсе, соның үштен екісінен  астамы о дүниелік болып кетіпті. Ұстаздарынан бірде-бірі қалмаған. Тарих пәнінің мұғалімі, кейін Ақтөбе педагогикалық институтының кафедра меңгерушісі болған профессор Зәкірдін Байдосов, қазақ әдебиеті пәнінен сабақ берген, біраз жыл ауданның мәдениет саласын басқар­ған Құлтай Әміреев сияқты ұстаздарын  еске алды  шәкірттері.

...Өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңы үлкен тарихи кезеңдерге толы болды. Әсіресе жастардың рухын көтеретін үндеулер мен іс-шаралар бірінен соң бірі  жүзеге асырылып жатты. 1957-жылы Бухарестте Дүние жүзі жастарының фестивалі өткізілді. Сыныптың дарынды күйшісі Генерал Асқаров осы фестивальдің құрметіне  алдын-ала өткізілген іс-шараларға белсене қатысып, Алматы сахналарында күй шерте талайды тамсандырып, болашағынан үлкен үміт күттірген болатын. Ол бұл үмітті ақтады. Республикадағы дарабоз күйшілердің бірі атанды. Жуырда оның суреті Астанадағы Орталық мұражайға қо­йылды.

Бұл жиында Шымкент қаласындағы «Теріскей»  көшесін Генерал Асқаровтың есімімен атауға ұсыныс түсті.

Сол жылдары бүкіл Одақ жастарын өндіріске барып жұмыс істеуге шақыр­ған үндеу көтерілді. Ал Созақ ауданының жастары өз өндірістері – мал шаруа­шылығы мен егін өсіру жұмыстарында еңбек етуге тілек білдірді. Орынбек Ордабаев, Қуандық Әбішев, Кәтжан Пәрімбеков, Оразбек Шынәлиев сияқты бір топ жас мал шаруашылығын өркендетуге аттанды.  Зина Сейсенбиева, Алтынкүл Жұмақова, Тұрар Ерманов, Әбдіғали Сымайылов, Сәуле Бер­дібаева, Жадыра Мелдебекова  ауданның мәдениет, денсаулық сақтау, білім салаларында  тапжылмай еңбек етті.

Жоғары оқу орындарын бітірген Мейрамбек Құрманбеков, Ахмет Ысқақов, Сексенбай Тұрысбеков аудан шаруашылықтарын басқарды. Баби Әдішов, Байсейіт Бекетов, Бекен Анарбаев, Мұрат Түбекбаев, Көбеш Ысқақов, Бекен Ниязбеков есеп қызметкерлері болды. Дәдехан Райымов, Қойшыбай Мырзабаев ішкі істер органдарында қызмет атқарды.

Бұл кездесуде марқұм Баби Әдішевтің жары Анар қажының сөзі көпке ой саларлықтай болды.

– Баланы тәрбиелей білуіміз керек. Кәсіпті меңгеруге үйреткен дұрыс. Ерім Баби о дүниелік болғанша балаларын еңбекке үйретті. Соның нәтижесін енді көріп отырмын. Балаларым  сүт өнімдерінен брынза, ірімшік, құрт дайындайтын цех ашқан. Осы маңдағы түйе ұстайтындар сүтті Жанболаттың басқаруындағы әлгі цехқа өткізуде. Мұнда қымыран ашытылып, арысы Шымкентке дейін жеткізіліп берілуде. Сөйтіп, бұл цехтың игілігін жұрт көруде, – деді ол.

– Мен сіздермен бірге оқымасам да ерім Генералдың рухы үшін жиындарыңыздан қалып көрген емеспін. Жаңағы, яғни Генерал атына көше беруге жасаған ұсыныстарыңыз мені қатты толқытты. Генералдың қайтыс болғанына отыз жылдан асса да оның рухы ұмыт қалмай, сіздердің естеріңізде жүргеніне ризамын, – деді  күйшінің жары, Теріскей өңірінің тумасы, атақты қобызшы Жаппас Қаламбаевтың қызы Женя ханым.

– Биыл Мейрашпен көңіл жарас­тырып, отау құрғанымызға алпыс жыл толады, – деді «В» сыныбын бітірген ауыл молдасы, «Б» сыныбының күйеу баласы Көбеш Ысқақов. – Құдайға шүкір, ынтымағымыздың іргесі сөгілмеді, ұлды-қызды болдық. Немере-шөбере сүйіп отырмыз. Құдай қаласа, осы алпыс жылдық тойымызға келіп, төрімізде құтты қонақ болып отырыңдар, қадірлі сыныптастарым!

– Оу, төрде отырыңдар дегенің не?  Төрде басқа құрметті қонақтар отырып, біз, яғни сыныптастарың  жүгіре басып қызмет етеміз, – деді Жаппас Арқабаев.

Сонымен Көбеш пен Мейраш сыныптастарын 60 жылдық мерейлі тойларына шақыратын болды.

Жиын соңы салтанатты шеруге ұласты. Мектеп түлектері Ұлы Отан соғысынан оралмағандардың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, суретке түсті. Олар бір-бірін құшақтап, көздеріне жас алып қоштасты.

...Иә, 60 жылдыққа жету де оңай шаруа емес. Мектепті бұдан 60 жыл бұрын бітірген қарттарды өмір сыйын көріп отырған нағыз бақытты жандар десе болады. 

Қуаныш  НҰРМАШҰЛЫ,
Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің
1957-жылғы  түлегі.

Созақ ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!