Ақпарат

3 жылда – 11.217 жоба

Қаралды: 173

Оңтүстік Қазақстан облысының климаттық жағдайы мал шаруашылығымен айналысуға қолайлы екені белгілі. 

Осыған орай кезінде өңірімізде мал шаруашылығын өркендетудің 2014 – 2016-жылдарға арналған бағдарламасы қабылданған болатын. Ал ол қандай нәтижелер берді? Біз Оңтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандарымен осы мәселе жөнінде сұхбаттастық.

«Бұған қатысты іс-шаралар жоспары негізгі 4 бағытты қамтиды, – деді бізге аталған басқарманың мал шаруашылығы және мал тұқымын асылдандыру бөлімінің маманы Әлиакбар Панов. – Олар мынадай: 10 – 15 бас малға арналған шағын бордақылау алаңдарын, 5 – 10 басқа арналған отбасылық сүт фермаларын, сондай-ақ сүт бекеттерін құру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру. Кооперативтер шаруаларды мал азығымен қамтамасыз етеді, оларға ветеринариялық, мал сою, қайта өңдеу, өнімдерді сақтау және өткізу қызметтерін көрсетеді.

2014 – 2016-жылдар аралығында бізде бұл іс-шараларға қатысты 11.217 жоба іске асырылды. Облысымызда 9150 мал бордақылау алаңдары ашылды. Шаруалар бордақылау үшін 141 мың 380 ірі қара малды сатып алды. Сондай-ақ 15 мың 504 аналық сиыр сатып алынды, 1938 отбасылық сүт фермалары құрылды, 104 сүт қабылдау бекеттері ашылды. Осы аралықта ашылған ауыл шаруашылығы кооперативтерінің саны 25-ке жетті. 16 мыңнан аса жұмыс орындары ашылды.

Бұл жұмыстарды қаржыландыруға 18 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Мұның 9 миллиард 300 миллионы «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында бөлінді, ал 8 миллиард 600 миллион теңгесін облыстық бюджет бөлді».

Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары облысымызда ет пен сүт өндіру, сондай-ақ құс шаруашылығы өнімдерін өткізу жылдан-жылға артып отырғанын айтады. Несиелендіруші ұйымдар 2015-жылдан құс шаруашылығына да субсидия бере бастапты. Соның арқасында облысымызда жұмыртқа өндіру де өркендеп отыр екен.

Жұрт бүгінде бұл бағдарламаның пайдасын түсінген. Яғни шаруа адам бағдарлама аясында  несие алып, мал бордақылаймын немесе сүт өндіремін десе оған субсидия беріледі. Ал оның өнімдерін ет, сүт қабылдау бекеттері қабылдайды, кооперативтер қызмет көрсетеді. Мұның барлық жұмысы жолға қойылған.

...Міне, Әлиакбар Пановтың айтуына қарағанда, облыста мал шаруашылығын дамытудың 2014 – 2016-жылдарға арнал­ған бағдарламасы осындай нәтиже беріпті. Бүгінде оның жұмыстары өзінің жалғасын тауып  жатыр екен.

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру