Тері қабыршақтанып, қышыса, тез арада дәрігерге жүгініңіз

06.06.2017
Қаралды: 644

Күн ыси келе адамдар арасында түрлі тері аурулары да жиірек кездесе бастайтыны белгілі. Сондай аурулардың бірі – теміреткі.

Теміреткі (трихофития, микроспория, фавус) – жұқпалы аурулардың біріне жатады, ол адамдар мен жануарларды зақымдайды. Оны тудыратын зеңдердің (грибок) алуан түрлі  типтері бар. Зеңдер терінің беткі немесе терең қабаттарын, оның ішінде тері қабатының түктерін және шашты зақымдайды.

Теміреткі ауруы кезінде жанға батарлық ауырсыну сезілмейді.  Сол себепті науқастар дәрігерге кеш қаралады.

Теміреткі шыққан жерде тері қабаттары қабыршақтанып, шеті қызарып, арнайы сызып қойғандай болып көрінеді.    Алғашында кішкене болып, ары қарай ұлғая береді. Асқыну кезінде іріңдеп кетеді. Көп жағдайда науқастар оны өзінің басқа жерлеріне және өзге адамдарға жұқтырып алады. Кей жағдайда, мысалы, теміреткі шап түктеріне шыққанда  нау­қастар ауруын жасырып немесе өздігінен жазылады деп, өздерінше емделіп, асқындырып барып дәрігерге кеш қаралады. Бұл ауру науқас адамның жеке бас гигиенасын сақтамауы салдарынан,  бірі бірінің киімін алмасып киюі, бір ортақ төсекті қолдану, бір сүлгіні, тарақты барлық отбасының пайдалануы себебінен бас­қаларға жұғуы мүмкін.

Теміреткі ауруының өсуін төмендетудің бірден-бір жолы – халықтың  осы аурудың жұғу ерекшелігін білуі және  теміреткінің алдын алу шараларын  іске асырып, күнделікті өмірде пайдалану. Оның алдын алу шараларының бірі – тазалықты қатаң сақтау. Ауру  белгілері білінген сәттен дер кезінде дәрігерге каралып, ем алу керек. Әр адамның жеке жуыну құралдары, сүлгілері болуы тиіс. Адам әр апта сайын моншаға түсуі керек. Төсек жабдығы әр адамның жеке өзіне арналғаны жөн, оны әр жеті күнде жуып, үтіктеген дұрыс. Сондай-ақ іш киімдерді үтіктеп кию қажет. Көпшілік баратын моншаларда аяққа өз аяқ киіміңізді апарыңыз, жоқ болған жағдайда моншадағы аяқ киімді залалсыздандырғаннан кейін ғана қолданыңыз. Моншада жуынатын ыдыстарды міндетті түрде сабынмен және залалсыздандыру ертіндісімен жуып барып қолданыңыз. Моншаның орындықтарына отыра салуға болмайды, оған арнайы төсеніш төсеп отырыңыз. Төсеніш жоқ болса отырмауға тырысыңыз.

Сол сияқты, шаштаразға барғанда шаш қырқатын қайшы, ұстара, машинкалардың, тарақтардың залалсыздандырылғанына көз жеткізіп  алу керек. Сондай-ақ кездейсоқ кездесулерден аулақ болыңыз

Сырттағы кез келген ит, мысықтарды, жануарларды сипалауға, ұстауға болмайды. Ұстаған жағдайда қолыңызды тез арада сабынмен жуыңыз. Үйіңізде ит, мысық, жануарлар  болса, оларды мал дәрігеріне жылына  екі рет көрсетіп алыңыз.

Өзіңіздің, балаларыңыздың аяқ-қолы, денесі, беті, мойны,  шап түктерінің түбі, басы бөртіп, қабыршақтанып, қышитын болса, онда облыстық тері-венерологиялық диспансерінің дәрігеріне немесе өзіңізге қарасты емхананың жұқпалы ауруларды бақылау кабинетінің дәрігеріне тез арада қаралыңыз.

Г. ЕСІРКЕПОВА,

Шымкент қаласындағы әл-Фараби аудандық қоғамдық

денсаулық сақтау басқармасының эпидемиологиялық

қадағалау бөлімінің жетекші маманы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!