Зейнеткерлікке шыққан соң балабақша ашқан

06.06.2017
Қаралды: 710

Жасы ұлғайып, зейнет­керлікке шықса да қол қусырып қарап отырмай, еңбек­теніп, елге пайдасын тигізіп жүретін жандар болады. 

Сондай жандардың бірі – Шұбар ауылының тұрғыны, «Аяна» бөбекжай-балабақшасының құрылтайшысы Әбу­тәліп Монтайұлы.

Ауыл әкімі, аудандық ветеринария бөлімінің меңге­рушісі қызметтерін атқарған Әбутәліп Монтайұлы 2010-жылы зейнеткер жасына жетіп, құрметті демалысқа шығыпты. Тура сол кезде «Балапан» бағдарламасы бойынша жер-жерде балабақшалар ашыла бастаған екен. Жаңадан басталып жатқан бағдарламаға ешкім қызыға қоймаса керек, аудандық білім бөлімі басшылығы қолқа салып, Әбекең осы істі қолға алыпты.

Бұл туралы Әбутәліп Монтайұлы былай дейді:

«Ауданда «Балапан» бағдараламасымен жұмыс істеуді  бастаған екінші адаммын. Бірінші болып Мұхтар деген жігіт ашқан, бірақ оның балабақшасы қалада. Мен ауылдан салдыруды жөн көрдім. Кейіннен бұл бағдарламаға қызығушылар да көбейе бастады.

Біздің балабақша 200 орынға арналған. Бізге тек Шұбардан ғана емес, жақын маңдағы Тоқсансай, Жусансай, «Октябрь», «Березовка» ауылдарынан да келеді. Оларды тасымалдауға арналған екі «Газеліміз» бар. Қазір бәсекелестік заман ғой, кімнің балабақшасы жақсы, тәрбиешілері білімді болса, ата-аналар да балалаларын сол балабақшаға бергенді дұрыс көреді. Бізде жұмыс істейтін тәрбиешілер өте білімді, тәжірибелі деп мақтанышпен айта аламыз. Арасында аудандық, облыстық сайыстарға қатысып, жүлделі болып қайтып жатқандары бар. Мысалы, балабақша меңгерушісі Гүлжан Әбдікәрімова аудандық байқаудан «Білікті басшы» атанып, тәрбиеші Жанар Үмбетбаева аудандық тәрбиешілер сайысынан «Білікті тәрбиеші» атанып қайтты. Тәрбиеленуші балалар арасында да жүлдегерлер көп. Өткен аптада ғана Бүркіт Торғауытов есімді баламыз аудандық «Айгөлек» фестивалінен бас жүлдені жеңіп алды. Енді бағын облыста сынайды».

Жалпы, Әбутәліп Монтайұлы 42 адамды жұмыспен қамтып отыр екен. Одан бөлек, жетім балаларға жағдай жасаған,  әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан үш бала келсе, біреуіне тегін етіп жағдай жасап қойған. Әбекеңнің тағы бір ерекшелігі, әр жыл сайын көктемде өз қаржысы есебінен ата-аналарды киелі орындарға зиярат­қа апарып қайтады екен. Енді балаларды ата-аналарымен бірге Шымкенттегі хайуанаттар бағына қыдыртуды  жоспарлап отырғанға ұқсайды. Тағы бір ерекшелігі, бұл балабақшада балалар бассейнге түсіп, суда жүзуді үйренеді, әрі шынығады.

Жетпіске толса да,  еңбекқорлығынан  танбаған Әбутәліп Монтайұлының бұл істері көпке үлгі боларлықтай-ақ екен.

Г. СҰЛТАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ