Бұл базарға Франциядан келген сарапшылар жоғары баға беріпті

06.06.2017
Қаралды: 852

Түркістанда келушілерге бар жағдайы жасалған, 10 мың уақ мал мен 6 мың ірі қараға арналған, көлемі он гектар болатын мал базары ашылды. 

Ол «Нұр-Әсем» деп аталады. Базарға кіру құны да өте арзан, қойға – 200, ірі қараға – 400 теңге. Бір жақсысы, өзге базарлардағы сияқты екі рет емес, бір рет, тек кірерде ғана төленеді. Базардан мал алып шыққандардан ақы алынбайды.

Бұл базардың тағы бір ерекшелігі, онда малды көгенге байлап, иесі орындықта жайғасып отыра алады. Төбесі жабық, әр көгеннің арасына көлеңкесі мол қара тал егіліп, су «колонкасы» қойылған. Бұл базар тарағаннан кейін мал тұрған орынды жуып-тазалап, залалсыздандырып отыруға ыңғайлы. Кейбір мал базарына жылдың жауын-шашынды кезінде барсаңыз, жердің топырағы шығып иленіп, аяғыңызды батпақтан  алып жүре алмайсыз. Ал «Нұр-Әсем» базарында мал тұратын көгендерді де, адам жүретін жолды да тегістеп, цементтеп тастаған. Қыста батпақ кешіп аяқ киіміңіз былғанбайды. Біз осы базарды аралап, өз көзімізбен көріп шыққан соң оның қожайыны Әбсамат Мәткәрімұлымен (суретте) әңгімелестік.

«Негізі базар деген халыққа сапалы қызмет көрсетуі тиіс, мұнда халықтың жағдайы болуы керек, – дейді Әбсамат Мәткәрімұлы. – Қолымыздан келгенше осында сауда жасаушылардың жағдайы болсыншы деп тырысып жатырмыз. Осы базар арқылы 300 – 400 адам өзін-өзі жұмыспен қамтып, нәпақасын тауып жеп жүр десем, артық айтқандық емес. Мұнда 250 адам делдалдық жасаса, он шайханананың әрқайсысында 4 адамнан 40 адам жұмыс істейді, олардан бөлек, арқан, қазық секілді малға керекті заттарды сатумен айналысатын саудагерлер бар. Ал өзіміз базар әкімшілігінде 14 адамды жұмыспен қамтып отырмыз.

Айта кететін тағы бір жайт, «Нұр-Әсем» базары «ЭКСПО» көрмесіне тіркелген. Ертең «ЭКСПО»-ны тамашалаушы шетелдіктер келіп біздің базарды да көріп кете алады. 11-мамырда Франциядан төрт эксперт, олардың аудармашысы және облыстағы, қаладағы ветеринария бөлімінің басшылары келіп, базарға оң бағасын беріп кетті. Тап осындай базар Қазақстанда әлі жоқ екен. Еңбегіміз оңынан бағаланып, келген қонақтардың мақтауын естіп, көңіліміз өсіп қалды».

...Түркістанда бой көтерген жаңа мал базарының иесі осылай дейді. Бұл базардың құрылысына 500 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалыпты. Базар басшысының айтуынша, құрылыс жұмыстары әзірге толығымен бітпеген, әлі толықтыратын, көркейтетін жерлері баршылық.

Әбсамат Мәткәрімұлы енді базар жанынан қасапхана салуды да жоспарлап отыр.

Бір әттеген-айы, бұл базарға баратын жол әбден ескіріп, қазылып кеткен. Естуімізше, бұрынғы әкімдердің бірі жолды жекеменшікке сатып жіберген көрінеді. Енді қазіргі әкімдер жолды жөндетейін десе, ол – жекеменшік нысан, ал сатып алған қожайынның оны жөндететін ойы жоқ. Сөйтіп оның зардабын осы базар арқылы күн көріп отырған қарапайым халық шегуде екен. Бұл жәйт құзырлы орындардың құлағына шалынады деген үмітіміз бар.

Жалпы, «Нұр-Әсем» мал базарына тек Түркістанның өзінен ғана емес, облысымыздың алыс-жақын аудандарынан, Қызылорда облысынан, тіпті Ақтау, Атырау жақтан да мал әкелетіндер көп екен. Бірі мал әкелсе, екіншісі оны сатып әкетіп жатады.

Ендеше, бұл заманауи мал базарының болашағы зор десек болады. Оның облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосары анық.

Г. СҰЛТАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ