Гагаринде қазақтар азайып қалыпты

15.06.2016
Қаралды: 2573

Таяуда шымкенттік Мұсабай есімді азамат (өз өтініші бойынша аты өзгертілді) Өзбекстанның Гагарин қаласына барып қайтты. Ол кісі біраз нәрсені көріп-біліпті, оны бізге әңгімелеп берді.

Мұсекең Өзбекстанға Мақтаарал жақтағы «Атакент» кеден бекеті арқылы өтіпті. Сосын көрші елдің «Сырдария» кеден бекеті тұсынан таксиге отырып, Гагарин қаласына жетіпті.

«Байқағаным, маған біздің шекарашылар жайбарақаттау көрінді, – дейді ол кісі. – Тек тәртіп бұзбасаң болды, артық зат өткізбеуің керек. Сөмке арқалаған бір тәжік әйелдің заттарын көтерісіп өтпек едім, бізді тоқтатты. Әлгі әйел 5 литрлік құтыдағы күнбағыс майын әкетіп барады екен, оған заң бойынша 3 литрден артық өткізуге болмайтыны айтылды. Ал маған бейтаныс адамның затын көтеріп өтудің қауіпті екенін ескертті. Яғни біреулердің заңсыз нәрсе өткізуге бұдан бейхабар адамды алдап пайдалану қаупі бар дейді.

Әлгі әйел кейін бәрібір де өзара келісіп, майын шекарадан толық өткізіп алды. Қысқасы, арғы бетке ешқандай проблемасыз өттік. Ал көрші елдің шекарашылары маған сұсты, суық көрінді. Сол сәтте өзімді бейне бір әскери базаға жақындағандай сезіндім. Бәрінің қолында бір-бір автомат, ал әріректегі үйшік сияқты етіп салынған блок-постта бронежилет, каска киген, бастан-аяқ қаруланған үш-төрт солдаттан тұр. Екі-үш жерге бейнекамера орнатыпты, шекарадан өткен адамды суретке түсіріп алады екен.

Өзбек шекарашылары құжаттарымды, декларациямды тексерді, онда көрсетілген ақшадан артық қаражат өткізуге болмайды екен.

Ол жақта қоғамдық көлік, яғни автобус жүрмейтінін білдім. Ташкентке, Гүлстанға, Самарқанға, Жызаққа баратын отыз шақты таксилер тұр. Олар төрт адамға толмай жүрмейді. Қысқасы, сол жерден таксиге отырып, 100 шақырымдай айналма жолмен Гагарин қаласына дейін 18 мың суммен жеттік».

Мұсекең Өзбекстан жолдарының ахуалы нашар екенін айтады. Олар кеңестік кезеңдегі қалпында жатыр, ойылған жерлерін жамап-жасқап қояды екен.

«Жағасындағы жайқалған ағаш, гүлдер болмаса, жолдарының кейпі көңіл құлазытады, – дейді ол кісі. – Ал жеңіл көліктерінің бәрі Өзбекстанның өзінде шығарылатын «Нексия», «Дамастар». Естуімше, мұндағы көлік атаулының 90 пайыздайы газбен жүреді екен. Гүлстан жақта бір газ стансасында он минуттай тұрдық. Көлікке бір «заправка» жасап алса, ол бір-екі аптаға дейін жетеді деседі. Ал газдың бір текше метрі біздің ақшаға шаққанда 20-30 теңге тұратынын естідік.

Ол жақта қымбатшылық белең алған сияқты. Мысалы, нанның ең арзаны 1000 сум тұрады. Базарларында құлпынайдың 1 килосы 4500 – 5000 сум, «черешняның» килосы 8000 сум. Есептеп көріңіз, негізі біздің 1000 теңгеге өзбектің 17 мың 500 сумы «келеді», шамалап көрсем, ондағы баға біздегімен бірдей, тіпті сәл қымбат та сияқты.

Ол жақта жұрттың айлық жалақылары аз. Әкімшілікте күзетші болып істейтін біреумен сөйлестім. Ол 450 мың сум алады екен, бұл біздің ақшаға шаққанда 30 мың теңгеден сәл асады. Бұл жақтағы алыс-берістің бәрі пластикалық картамен есептесуге көшірілуде екен, барлығы дерлік осындай жүйеге өтіпті. Темекі, пісте сияқты ұсақ–түйектер болмаса, нақты сумға ештеңе сатылмайды, «пластикпен» есептеседі. Жұрттың бәрін осындай жүйеге зорлап өткізуде  екен.

Бұл жақта тәртіп аса қатал екенін білдім. Мысалы, айлық жалақы уақтылы берілмесе, ақша ұрланса, біреуді таяққа жықса, кінәлі адамды жәбірленушінің алдындағы материалдық және моральдық зиянды өтегенінше түрмеге қамап қояды дейді. Оны өтегеннің өзінде кінәлі қылмыстық жауапкершіліктен құтылмайды, бір-екі жыл түрмеде отырып, тиісті жазасын алады екен.

Бұл жақта қария кісілер болмаса, жастардың сақал-мұрт қойып жүргенін көрмедім. Оған тиым салыныпты.

Гагаринде де қала ішіне қатынайтын автобус жоқ, тек таксилер ғана жүреді. Халықтың негізгі күнкөрісі базардан ба деп қалдым. Ондағы базар кеңейтіліпті. Базар төңірегіндегі үйлердің бағасы артып тұр екен. Осыдан 15 – 20  жыл бұрын 2 мың доллардан сатылған екі-үш бөлмелі пәтерлер  құны 10 мың долларға жетіпті.

Ал базарда алушыдан сатушы көп. Тамағы да қымбат. Сол жердегі асханадан жарты кесе сорпа мен шай ішіп едім, ақысына 6 мың сумымды қағып алды.

Жалпы, ол жақта қаптаған дәмхана, тойхана жоқ. Шайханаларының өзінен де  топырлап отырған адам көрмедім.

Мен өзім бұрын Гагаринде, Ташкентте тұрғанмын. Бұрын Гагариндегі 30 мыңдай халықтың басым бөлігі қазақтар еді. Бүгінде олардан аз ғана адам қалыпты. Бәрі де өзбекше сөйлейді. Түрі қазаққа келіңкірейтіндерге қазақша тіл қатсам, өзбекше жауап береді. Мемлекеттік тілде сөйлеу талап етіледі екен.

Бұл қалада тұрғандардың көбі Қазақстанға қоныс аударып кетіпті. Ал олардың орнына Сұрхандария жақтан тәжіктер мен арабтар келіп қоныстанып жатыр екен. Арасында түбі қазақтар да бар. Бәрі өзбекше сөйлейді. Солардың бірімен әңгімелестім. Олар Ауғанстанмен шекараға жақын жерде тұрыпты. Ол жақта Өзбекстан мен Ауғанстанның арасы жақсы, ашық қарым-қатынас жасап тұрады дейді.

Бұларды өкімет квотамен көшіріпті.  Сулы жерге барасыңдар деп қызықтырып, бірнеше ауылдарды толық қоныс аудартқан көрінеді. Ал әлгі кісі өздерінің бұл жақты жерсіне алмай  жүргендерін айтты».

...Қысқасы, Мұсекең Өзбекстанның Гагарин қаласына барған сапарында біраз нәрсені көріп, көңілге түйіп қайтыпты. Ол кісі өзінің туып-өскен, бір кездері еркін жүрген жеріндегі қазіргі жағдайды көріп, біраз көңілі босағанын жасырмады. Біз оны жақсы түсіндік.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ