Ақпарат

Бурылбайталдан бастап азап пен тозаққа тап боласың

Қаралды: 363

Қазақта «Жол азабын жүрген көреді» деген сөз бар. Сол азаптан мен де өттім. 

Астанадан Шымкентке көлігіммен жолға шықтым. «Астана – Қарағанды» тас жолы тәуір. Қарағандыдан Жамбыл облысына қарасты Бурылбайтал деген жерге дейін жолдың жағдайы 60-70 пайыз жақсы. Ал Бурылбайталдан Шу қаласынан өткенге дейін (180 шақырымдай) жол жоқ. Бар, бірақ оны жол деуге ауыз бармайды. Әр шұқыр­ға түскен сайын осы салаға жауаптыларды сөгіп келдім. Өз-өзімді осылай жұбатуға тура келді. Амал жоқ. 180 шақырым жолды 6-7 сағатта жүріп өтетін әрбір көлік иесі менің күйімді кешетініне көзім анық жетеді.

Аталған жолмен еліміздің орталығына және солтүстігіне ОҚО-дан, Жамбыл мен Қызылорда облыстарынан, тіпті Өзбекстан Республикасынан жүк көліктері, автобустар, жеңіл көліктер қатынайды. Түрлі тауарлар тасымалданады. 

Жол – экономикамыздың күретамыры. Бірақ мына жолды бүгінде күре тамыр деуге болмас. Тозақ. Жол-жолда доңғалақтары жарылып, көмек күтіп тұрған немесе қара терге түсіп доңғалағын ауыстырып жатқан адамдарды көп кездестіресің. Масқара! Қалай ғана «Дамыған 30 елдің қатарындамыз» деп ұялмай жаһанға жар саламыз?! Республикалық маңызы бар жолдарды жыл сайын күтіп-баптап ұстап отыратын «Қазавтожол» мекемесі не тындырып отыр? Тиісті министрлік ай қарап отыр ма? Жылдар бойы осындай күйде жатқан мына жол қашан жөнделеді? 

Анау айына 1 миллион теңге алып, 200 – 300 бет заң жобасын оқып шаршап жүрген депутаттар мен тиісті сала министрін «Астана – Шымкент» бағытындағы автобус­қа отырғызып, осы жолмен жүргізсең ғой...

Иә, жүрсін! Көрсін!

Дәурен БОЛЫС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру