Ақпарат

Ақын неге ашынды?

Қаралды: 540

Таяуда Түркістан қаласында түркі халықтарының мәдениеті мен өнерін насихаттайтын «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының ақын-жазушылар форумын 

өткізгені, оған облысымыздан біраз қаламгерлер қатысқаны мәлім. Бұл жиынға шақырылмай, өзін бөлектегендей сезініп, іштей қынжылып жүргендердің де жоқ емес екені белгілі. Бұл жөнінде газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде «Ақындарды алалау – жүректерді жаралау!» деген тақырыпта мақала жарияланған болатын.

Расында да ақын жаны нәзік, ол өмірдің көлеңкелі жақтарын тез сезінеді, сондай құбылыстар болмаса екен деп тілейді, жұртшылыққа өзінің ой-пікірін, көзқарасын жеткізгісі келеді. Осы орайда Қытайдың Алтай өлкесінде туып-өскен, Қазақстанға қоныс аударып, бүгінде Шымкентте тұрып жатқан ақын, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері Нұрхан Сұлтанбайұлын да толғандырып жүрген мәселе баршылық екен.

«Еліміз тәуелсіздік алғалы бері шетелдердегі талай қандасымыз Қазақстанға қоныс аударды, – дейді Нұрхан Сұлтанбайұлы. – Олардың қатарында ақын-жазушылар да бар. Солардың бірі болып атамекенге біз де жеттік. Болып жатқан жақсылықтардың бәріне шүкіршілік дейміз.

Алайда жоғалтып алған нәрселеріміз де бар. Бұл әсіресе руханият саласында. Президентіміздің халыққа жолдауындағы бұл салаға шындап көңіл бөлу керегін айтқаны да тектен-тек емес.

Осы орайда ақын-жазушыларға да көп нәрсе байланысты деп ойлаймын. Кеңестік кезеңде қаламгердің мемлекеттік идеологияға, сая­сатқа қызмет еткені белгілі. Ал бүгінде Қазақстан Жазушылар одағында 800-дей қаламгерлер бар екен, біз оларды сол кездегідей пайдалана алмай отырмыз. Себебі оларға жасалатын қамқорлық кемшін. Ары кетсе бір 150-дейі ғана қолдау көріп жататын шығар, негізінен көпші­лігінің жағдайы жақсы емес. 

Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағының облысымыздағы филиалына да айтарым бар. Маңызды жиындарға тек қана белгілі бір тізімдегі адамдардың қатысып, басқаларының ескерусіз қалатыны дұрыс емес. Одан басқа да келеңсіздіктерді көріп жүрміз».

Осылай деген Нұрекең өзінің  Шымкентте мәдениет, әдебиет және өнер саласы қызмет­керлерінің мерекесі өтіп, онда біраз адамдардың марапатталғанын естіп таңқалғанын да айтып өтті.

«Мақтап-марапаттамай-ақ қойсын, бірақ осындай жиындарға қаламгерлердің бәрін шақыруға болады ғой. Мекен-жайымыз, телефонымыздың нөмірі белгілі, шақыр­са барар едік қой.

Өз басым Қазақстанға мақтау-марапат үшін емес, елім, жерім деп келгенмін. Әйтпесе Қытайда жағдайым жаман болған жоқ, жалақым да әлдеқайда көп еді. Бірақ біз өз Отанымыз­ға қызмет етуді қаладық. Бізге еліміздің әрбір жетістігі қымбат. Сондықтан әлгіндей жиындарға шақырыла, қатыса қалсақ, қаламгерлерге лайықты құрмет көрсетіліп жатқанын көріп көңіліміз өсер еді.

Бүгінде кейбіреулер тіпті біздің бар-жоғымызды да білмейді. Бөлектеу, алалау, кемсіту сезінесің, қамқорлық жоқ. Мысалы, өз басым 50 жасқа толуыма байланысты шығармашылық кешімді әупірімдеп әзер өткіздім.

Ертеңгі күні Астанада өтетін «ЭКСПО»-ға да баратын ақын-жазушылардың арнайы тізімі жасалған деп естідік. Әдетте ондай тізімде тағы да сол белгілі бір кісілердің аты-жөндері тұрады. Әрине, олардың қатарында біз жоқпыз. Осындай алалау кімнің қолымен жасалады екен? Осының бәрі мені қатты қынжылтады.

Облыс әкімдігінің осы салаға тікелей жауаптылары бар, облыстық мәдениет басқармасы бар, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы бар – бұлар осы мәселеге тіпті де көңіл бөлмейді-ау деп ойлаймын. Мына жақта да адам бар ғой, олар да руханият саласына атсалысып жүр емес пе деген ой бастарына келмейтін сияқты. Сосын қағажу көргендер осылай іштей қынжылып жүреміз. Бұл дұрыс емес қой», – дейді ол кісі.

...Ақын Нұрхан Сұлтанбайұлы осылай дейді. Өз сөзіне ол өзі жауап береді. Ол кісінің айтқандарынан бұл саланы басқарып отырған азаматтар өзіне қа­жет­ті қорытынды жасайтын шығар деген ойдамыз.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру