Елу жылдай уақыттан бері айырылыспай келеді

13.06.2016
Қаралды: 1210

Ертеректе ағайынды екі жігіт біз татумыз деп мақтанады екен. Бір күні олардың әйелдері сырласып, келісіп алады да, отағасыларын сынап көрмек болады. Содан кіші інісі ағасының отбасын үйіне тамаққа шақырады. Әдеттегідей бала-шағасымен інісінің төрінде ойнап-күліп отырып, қонақ болған ағасы өз үйіне қайтады. Жолда әйелі: «Інім, інім деп қашан көрсек бәйек боласың да жүресің. Оның сені сыйлағаны қайсы? Саған өз сыбағаңды берген жоқ, еті жоқ сүйек ұсына салды», – деп шағыстырады. Әйелінің сөзі әсер еткен ағасы ақыры інісімен араздасып тынады. Кейін әйелдері шындықты айтып, оларды қайта татуластырған екен.

Халқымыздың «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп» деген сөзі осыдан шықса керек. Бауырлар арасындағы араздықтың да, тату, жайма-шуақ тірліктің де себепкері көп жағдайда олардың әйелдеріне, яғни абысындарға тікелей байланысты.

Егер де жолыңыз түсіп, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түлкібас ауданына қарасты Машат ауылына бара қалсаңыз, сол жердің халқынан абысын-ажынды Райхан мен Нәзираның татулығының қандай екенін сұрастырыңыз. Бүкіл ауыл бұл екі абысындын мақтай жөнеледі. Себебі екеуінің татулығына ешқашан сызат түспеген, «іщәй» деспеген. Туған апа-сіңлідей болып кеткен.

Таяуда біз Машат ауылына арнайы барып, Райхан мен Нәзира апаларға жолықтық. Ол кісілерден абысын-ажынның арасындағы татулықтың сырын айтып беруін өтіндік.

...1956 жылы Машат ауылындағы Ишанқұл атаның әулетіне әуелі Райхан Сатымбекова келін болып түсіпті. Отбасының үлкен ұлына (Манап ата) 18 жасында жар болған Райхан апа тиянақты тірлігімен, жібектей мінезімен бүкіл әулетке жаққан көрінеді.

«Таң атқаннан топырлаған бала-шағаның ас-суын әзірлеп, күніне бірнеше тандыр нан жауып, бәрінің бабын жасауға үлгеретінмін, – дейді Райхан апаның өзі.  – Ол заманда қыздарды 18-ге толар-толмас тұрмысқа беретін. Үлкендердің сөзін жерге тастай алмай, марқұм кісіммен бас қостық. Үлкен әулетке келін болып түстім. Заман қиын еді, соғыстан кейінгі жылдар ғой, тұрмыс та онша емес. Бірақ соған қарамастан,  жағдай қиын деместен топырлатып баланы да тудық. Ата-ененің бабын да жасадық.

Біздің кісінің інісі  Мырзаға 1968 жылы үйленіп, шаңырағымызға Нәзираш қосылды. Сол кезде қатарыма сырласатын, тірлігіме қолғабыс ететін жанның келгеніне қатты қуанғанмын. Ол сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Нәзираш та дәл менің жасымда, 18-де келін болды. Өзімнің басымнан өткен соң Нәзираның көбірек демалуына, Мырзағамен ойнап-күлуіне көп жағдай жасадым. Балаларын қойныма алып жататынмын. Осылайша бір шаңырақ астында 7 жылдай бірге тұрдық. Кейін атамыз бізге үй салып беріп, еншімізді алдық. Бірақ келінім екеуміздің сыйластығымызға шаңырақтың бөлек болуы кедергі келтірген емес. Бір үйден тамақ ішетінбіз. Тәттілер пісірсек міндетті түрде бір-бірімізді шайға шақырып, бөлісетінбіз».

...Ауылдағы кішігірім тойларда, ағайынның қызықшылығында Райхан мен Нәзира «дуэті» ән орындамай қайтпайды екен. Екеуінің «репертуарындағы»:

«Кершетастың бойында,

Ештеңе жоқ ойымда,

Аман-есен жүрейік,

Балалардың тойында...» – деп басталатын әндері бүгінде Машат ауылында кәдімгідей «хит» десе де болады.

«Бұл кісі маған абысыннан гөрі анамдай жақын, – дейді Нәзира Құлыбекқызы. – Білмегенімді білдірді, үйретті. Бала-шағамды тәрбиеледі. Қазір ұл-қыздарымның үйіне бірнеше күнге қыдырып кетсем, абысынымды сағынамын. Ертерек ауылға жетіп, осы кісімен сырласқым келіп тұрады. Қайбір жылы қатты ауырып, төсек тартып жатқанында қиналып кеттім. Олай-бұлай боп кетсе, соқа басым сопайып қалай жүремін деп көз жасымды сығып алдым. Біреулер менің бұл сөзіме сенбейтін шығар, бірақ Құдай бәрін көріп тұр ғой, осындай кісінің тәрбиесін алғаныма, бір әулетке келін болғаныма қуанамын».

Абысын-ажынды Райхан мен Нәзирадан бүгінгінің келіндері үлгі алса болады. Елу жылға жуық уақыттарын тату-тәтті өткізген абысын-ажындының үлкені 79-ға, кішісі 67-ге келіпті. (Екеуінің де күйеулері өмірден өткен). Апалардың екеуі де «Алтын алқа» иегері, Райхан апа – 10, ал Нәзира апа 8 бала тәрбиелеп өсірген. Олар ешқашан балаларын бөле-жарған емес, біздің 18 баламыз бар деп есептейді. Бүгінде солардың қуаныштарында құрмет-қошаметке бөленіп жүр.

«Бүгінгі келіндердің өмірі  жұмақ. Сондықтан анау-мынауды желеулетіп, өкпе-ренішті тудыра бергені жарамайды. Ағайынның арасында бітімді біріктіретін, көңілді кіріктіретін – абысын-ажын. Бауырлардың арасында дәнекер болып, татулықты дәріптейтін де, керісінше, ара-жігін ажыратып жіберетін де солар. Сондықтан, айналайын келіндер, абысындарыңмен тату болыңдар, бұл өмірде сыйластыққа ештеңе жетпейді», – дейді Райхан апа.

Кейіпкерлеріміздің әңгімесінен біз мынаны ұқтық: олар небір күндер болғанда да «сен» десіп, қабақ шытыспаған.

Ал Сіздің абысыныңызбен қарым-қатынасыңыз қандай? Ой бөлісе отырыңыз.

 

С. КЕНЖАЛИЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ