Ақпарат

Студенттер Біржан Жақыппен кездесті

Қаралды: 187

Шымкент аграрлық колледжіндегі «Ветеринарлық арнайы пәндер» кафедрасында «Бәсекелесуге қабілетті білім негізі – біліктілік және педагогикалық шеберлік» атты апталық болып өтті. 

Осы апталық аясында «Саламатты өмір –  көтеріңкі көңіл» атты ашық тәрбие сағаты ұйымдастырылды.

Бұл кездесуге бокстан Әлем чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері, Азия  чемпионы,  Әлем кубогының жеңімпазы, үш Олимпиадаға қатысқан жерлесіміз, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері Біржан Жақып арнайы шақырылған болатын. Жиын барысында студенттер Әлем чемпионына көптеген сұрақтар қойып, жеке өмірі мен отбасы туралы, туған жері, ата-анасы, алғашқы жаттықтырушысы жайлы қызықты мәліметтер алды.

Кездесу кезінде колледж ұстаздары Н.Бейпенова мен Г.Әбдірова колледждегі үздік спортшылар туралы айтып берді. Әсіресе кикбокстен Ресейдің Анапа қаласында өткен Әлем кубогында чемпион атанған Зарина Исабай мен Қазақстан біріншілігінде күрестен қола жүлде алған Еркінбай Жаңбырбайдың жеңістеріне тоқталды. Колледж ұстаздарының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша колледждер арасында волейболдан бірінші орын алғаны айтылды. Кеңес Ерболат, Шүленбай Әбілқайыр, Серікбай Қуаныш сынды студенттер осындай кездесуден кейін жастардың спортқа деген қызығушылығы артып, ағаларының спорттық жолы, өмірі, мінезі, жалпы, жақсы жақтары өмірде дұрыс бағыт беретіндігін атап көрсетті.

Кездесуді қорытындылаған зооветеринариялық бөлімнің меңгерушісі Ж.Әлиханов өз сөзінде білікті басшы, спортты өмір бойы серік еткен колледж директоры Кенжехан Төлебаев­тың студенттердің, оқытушылардың спортпен шұғылдануына ерекше көңіл бөлетіндігін, спортта биік дәрежеге қол жеткізгендерді әрдайым марапаттап отыратындығын атап өтті. Қазіргі таңда колледжде екі спорт залы, футбол алаңдары, күрес залы, теннис алаңдары тұрақты жұмыс істеп, тиісті спорт жабдықтарымен қамтамасыз етілгендігін, саламатты өмір салтын ұстануға 100 пайыз жағдай жасап отырғандығын атап өтті.

Кездесу соңында уақыт бөліп, студенттермен кездесуге келген Біржан Жақыпқа рахмет айтылып, бапкерлік жолында табысқа жетуіне тілектестік білдірілді. Колледж студенттері Біржан Жақыппен бірге естелік суретке түсті.

Жалпы, Шымкент аграрлық колледжінде спортқа ерекше көңіл бөлінеді. Колледжде әртүрлі спорт секциялары жұмыс істейді. Секцияларда студенттерді білікті жаттықтырушылар мен бапкерлер дайындайды.

 О. МӘМБЕТӘЛІ,

Шымкент аграрлық колледжінің оқытушысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру