Ақпарат

Киелі Қазығұрттың шапағаты тиген болар деп ойлаймын

Қаралды: 472

Қазығұрт тауының бергі беткейінде «Әңгірата» деп аталатын ауыл бар. Қай кезде екені есімде жоқ, осы «Замана» газетінен бір мақала оқыған едім. 

Онда 1957-жылы үш дос қыздың сол «Ғайып ерен қырық шіл­тенге» барып тілек тілегені, кейін армандары орындалғаны туралы айтылады.

Әлгі  ауылға қарама-қарсы бетте үлкен жартас бар, «Қырық шілтен» деген сол болса керек. Жартастың түбінен үш өзекті бұлақ ағып шығады. Ал жартас биік, ортасы қуыс. Үш дос сол қуыстан өткен адам күнәдан тазарады, арманы орындалады деп естіген екен. Сосын сол жерге барып тілектерін айтып, біреуі дәрігер болғысы, екіншісі – мұғалім, үшіншісі заңгер болғысы келетінін айтып ниет етіп, жартастың ортасынан өткен екен. Солар арада бірнеше жылдардан кейін армандарының орындалғанын газет бетіне жазыпты.

Міне, сол қыздардың оқиғасы өзімнің басымнан өткенді есіме түсірді. Осы төңіректегі Ақбастау ауылында менің нағашыларым тұратын. Аманжол деген жиенім сол колхоздың қойын бағатын. Бозбала кезімде нағашыларымның ауылына барып апталап жатып, ойынды қандырып, қойын бірге бағысып қайтушы едім.

1958-жылдары болуы керек, 16 – 17 жастағы кезім, бірде Аманжол сол жартасты көрсетіп, осы тастың ортасынан өткен адам бақытты болады екен деген болатын. Қатты қызығып, мен де өтемін деп жетіп бардым. Жиенімнің өзі одан өтуге жүрексінді.

Әлгі жартас қуысы тар әрі ұзын екен. Тәуекел деп арасына кірдім. Оның ішінде тек бір қырыңмен жүруің керек, әйтпесе сыймайсың. Төбеге қарасаң қуыстан аспан ғана көрінеді. Жан-жағыңа қараудың өзі қорқынышты, егер де бір жағыңнан жылан шыға келсе одан қорғана да, қаша да алмайсың.

Сонымен зәрем қалмай үрейлене жүріп жартас қуысынан 10-15 минут өткенде зорға шықтым. Жиенім: «Ойпырмой, сен мықты екенсің!» – деп мені мақтап жатыр. Оны тыңдауға зорға шыдамым жетті, бірақ сыр бермеуге тырыстым.

...Өмір өтіп жатты. 1962-жылы 3-қарашада әскерге шақырылдым. Мені бірден оқуға алып кетті, оның пайдасы жақсы болды, орысша үйрендім. Әскерде сержант болдым. Оның үстіне үйленіп, елге екеу болып оралдық. Оқуға түстім. Одан ұзақ уақыт ішкі істер саласында қызметте болдым.

Осының бәрін ойлана келе жолым әрдайым ашық болған екен-ау деймін. Әйтпесе әке-шешем өз фамилия-аттарын жаза алмайтын сауатсыз кісілер еді, қара жұмыспен өмірлері өтті. Ал мен өмірде біраз жетістіктерге қол жеткіздім.

Содан бері жылжып жылдар өтті. Менің қазір екінші ұлым Мараттан Әлімжан, Ғалымжан, Диас есімді үш немерем бар. Бірде Маратқа осы балаларды Қазығұртқа апарайық деген ұсыныс айттым.

Содан Қазығұртқа бардық, немерелерді әлгі жартас ортасынан өткіздік. Әлімжан мен Ғалымжан жартастан өтті. «Ой, қорқынышты екен!» – деп таңырқасты. 3-4 жасар Диасты сол жердегі домалақ пішінді, ортасы қуыс тастан өзім өткізіп, арғы жағынан тосып алдым. Ниет еттік.

 Менің айтпағым, осы екі немерем де мектепті алтын медальмен бітірді. Қазіргі таңда Қарағанды қаласында университетте оқиды, грантпен түскен. Біріншісі заңгерлікке оқиды, екіншісі медицина факультетінде. Ал Диас мектепте тек «5» деген бағамен оқиды. Жақында Алматыға барып, математикадан жарысқа қатысады.

Жалпы, бұл әлемнің біз білмейтін сыры көп қой. Қазіргі ойым, осы жақсылықтың бәрі Құдайдың құдіретінен, киелі Қазығұрттың шапағатынан болар деп ойлаймын.

Әбдіқадыр СӘЛИЕВ.

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру