Шәкірті өлең арнаған Жібек апай

30.05.2017
Қаралды: 665

Кешегі аптада елі­міздегі барлық мектептерде соңғы қоңырау соғылғаны белгілі. Осы оқиғаның қарсаңында редак­циямыз­ға шым­кент­тік 

Жібек Ералиева есімді апа келді. Ол кісі 35 жылдай білім беру саласында еңбек етіпті. Соның біраз жылында Жетісай қаласында тұрған, сондағы А.Бай­тұрсынов атын­­дағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген екен. Сол мектепте сынып жетекшісі болыпты.

«Менің сыныбымды бітірген балалар 2001-жылы 5 жылдық кездесулерін жасаған, оған қатысқан болатынмын, – дейді Жібек апа. – Таяуда 20 жылдық кездесулерін өткізбекке дайындалып жатыр. Сол іс-шараға шақыру қағазын алдым. Сосын өткенді еске алып, мектеп бітірушілердің «выпускной» суретін қарап отырғанымда арасынан мына бір өлең шықты. Мұны сыныбымызда «староста» болған Ғалымжан деген оқушым осыдан тура 20 жыл бұрын жазған. Өзі ұстаздарға қолғабыс жасап, іс-шараларды ұйымдастырып жүретін пысық бала еді. Осыны газеттеріңізде жарияласаңыздар екен. Қанша дегенмен естелік қой».

Ал сол кездегі бозбала Ғалымжанның жазған өлеңі 9 шумақтан тұрады екен. Қатарында мынадай жолдар бар:

«...Бір күнгідей болмайды ескі таныс,

Барамыз кетіп енді шалғай алыс.

Еңбегіңіз еш болмай, өссек жанып,

Сіздерге сол да ем ғой, сол – қуаныш.

       Мінекей, қоштасарда ой келеді,

       Ашылып  мұңның бір сәт пернелері.

       Білім берген ұстазбен ара алыстап,

       Кетем бе енді қайтып көрмегелі?

Демалысқа шығарсыз енді анық,

Көріңіз зейнетті енді мейір қанып.

Көріңіз рахатын ұл мен қыздың,

Қош, апай, тұрыңызшы бізді еске алып».

Міне, Жібек апайға кезінде шәкірті осындай өлең жолдарын арнапты. Осыдан-ақ ол кісінің оқушыға сыйлы, қамқор, нағыз педагог болғаны аңғарылады. Ол кісінің өз оқушысының өлеңін 20 жыл бойы сақтап жүргенінің өзі сүйсінуге тұрарлық жай-ау.

Жібек апа қазір 72 жаста екен. Ол кісі жұбайы Алтаймен бірге 2 ұл, 4 қызды өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсіріпті. Олардың барлығы да бүгінде өз алдарына түтін түтеткен. Апа бүгінде Шымкенттің «Қазығұрт» ықшамауданында кенже ұлы Мұхтардың қолында тұрады екен.

Шәкірті сыйлап, қадір тұтса, ол да ұстаз үшін бір бақыт қой!

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ