Ақпарат

Мәншүктің қызанағы қызарып келеді

Қаралды: 519

Өз алдына кәсіп ашып, оны табыс көзіне айналдырамын деген адамға бүгінде мүмкіндік жоқ емес. 

Ел ішінде төменгі пайызбен несие алып, кәсібін дөңгелетіп отырғандар бар. Сондай жандардың бірі –  Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Шұбарсу ауылының тұрғыны Мәншүк Жәутікова (суретте). Ол осыдан үш жыл бұрын «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша «Ырыс» ми­кроқаржы ұйымынан 3 миллион 500 мың теңге несие алып, жылыжай салдырған екен. Бүгінде несиесінен толығымен құтылып, енді жылыжайдың жер көлемін ұлғайтып, жұмысын әрі қарай жандандыруды жоспарлап отыр.

Біздің бұл жылыжайда не өсіріледі, жылына қанша табыс табасыз деген сұрақтарымызға Мәншүк Маусым­бек­қызы былайша жауап берді:

«Жылыжайдың жер көлемі аса үлкен емес. Әзірге он соттық жермен бас­тап отырмыз. Биыл 3500 түп «Акия» сортты помидор ектік. Бұйыртса, әр түбінен үш килодан өнім аламыз деп  отырмыз. 1-наурыз күні еккенбіз. Бүгінде алғашқылары қызарып келе жатыр. Енді шамамен оншақты күнде сатылымға шығара бастаймыз.

Жалпы, табысымыз жаман емес. Осы өнімнің арқасында алған несие­мізден үш жылға жетер-жетпес уақытта толығымен құтылдық. Жылыжай өзі­мізде қалды, әрі балаларымыздың да нәпақасын айырып отырған жа­йымыз бар».

...Осындай шаруаны дөңгелетіп отырған Мәншүк Жәутікова 3 адамды жұмыспен қамтыпты. Оларға айына 150 мың теңге жалақы төлейді.

Мәншүк жылыжайынан әзірге жылына екі мәрте өнім алып отыр. Жұмысты жақсы жолға қойғаннан кейін үш рет өнім алу жоспары да бар.

Өзін қосқанда төрт бірдей жанды жұмыспен қамтып, бала-шағасының несібесін тауып отырған Мәншүк Жәутіковаға табыс тілеп аттандық.

М. СЕМБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру