Ақпарат

Судың да сұрауы барын ұмытпайық

Қаралды: 244

Таза және қауіпсіз ауыз су – адамның негізгі сұраныстарының бірі. Есептеулер бойынша дамушы елдерде шамамен 1 миллиард адам ауыз суға толық жете алмай отыр. 

Жалпы, адамзаттың 20 пайызы үшін таза ауыз су тапшы болып отыр.

Адамның денсаулығы судың тазалығы мен оның санитарлық жағдайды жақсартудағы ролімен тікелей байланысты. Бүгінде судың жетіспеуі су дағдарысына алып келуде.

Қаладағы су құбырларынан басқа жердегі сулар табиғи ресурс­тарға жатады және қоғамдық меншікке қарайды. Жыл сайын әртүрлі өнімдермен ластанған және арнайы тазартусыз пайдалануға келмейтін су нысандарының саны көбейіп келеді. Таза су жетіспеушілігі мен оны ұқыпты түрде қолдану мәселелері бұрыннан бері адамзатты ойландыруда, себебі бұл факторлар сол елдің тұрақты түрде дамуында, халқының денсаулығында және тұрмыстық жағдайының деңгейінде, өнеркәсіп пен тамақ өндіруде маңызды роль атқарады.

Жеке елді, аймақты таза сумен қамтамасыз ету мәселелері тек сол елге ғана қиындық әкелмей, бүкіл әлемдік дағдарысқа үлес қосады. Сондықтан да мұндай дағдарыстық жағдайларды шешу бүкіләлемдік бірлесіп іс-әрекет жасауды талап етеді. Үлкен ойшылдықпен және болашақ тұрғысынан суға адамзаттың негізгі стратегиялық ресурсы ретінде қарау XXІ ғасырдың маңызды бағыттамаларының бірі болып тұр. Сондықтан да БҰҰ Ассамблеясы 2003-жылды  «Халықаралық таза ауыз су жылы» деп белгілеген еді.

Су жетіспеуінің алдын алуға бағытталған іс-шараларға ең алдымен суды тиімді пайдалану мен оны территориалдық жағынан өзгерту жатады. Судың сарқылуы мәселесін шешу үшін төмендегі іс-шараларды жүзеге асыру қажет:

- Суды тиімді пайдалану технологияларын қолдану;

- Өндірісте суды бірнеше рет қайталап пайдалану;

- Ауыз су мақсатында берілетін суды өндірістік процестерде пайдаланбау. Бұл әсіресе жоғары сапалы жерасты суларына қатыс­ты;

- Ауыз суды тамаққа, тұрмыстық мақсатта пайдаланатын судан бөлек құбырмен беру. Суды мөлшерлі түрде беру және оның ысырап болуына жол бермеу;

- Суға экономикалық тұрғыдан негізделген баға қою. Нақты бағалау нәтижесінде судың ысырап болуын біршама төмендетуге болады.

Судың ластануын кеміту шаралары ең алдымен суды пайдалану, тазалау әдістері мен технологиялық процестерін жетілдірумен байланысты. Суды тазарту әдістерінің ішінде биологиялық әдістер өте тиімді және жақсы нәтиже береді.

Қазіргі кезде халықтың өсуіне байланысты және оның ірі қалаларға шоғырлануы, сондай-ақ өндіріс орындарының сонда жинақталуынан суға деген сұраныс күрт өсіп кетті және өндірістік ағынды судың көлемі де көбейді. Көптеген өндіріс мекемелері осы ағынды суларды су құбырларымен өзендерге жіберіп, оларды ластайды. Осының салдарынан өзендер мен көлдердің тым ластанып кеткендігі соншалық, оларды ішу және тұрмыстық қажетке пайдалану былай тұрсын, өндіріс мақсаты үшін де пайдалану қиынға соғуда. Сонымен қатар мұндай лас суды пайдалану тұрғындардың денсаулығына да зиянды әсерін тигізуде.

Жер үстіндегі сулардың ластануы әсіресе ірі қалалар мен өндіріс кешендерінде санитарлық нормадан әлдеқайда артық екендігі анықталып отыр.

Біздің Қазақстанда минералды (құрамында 1-6 г/л тұзы бар) су қорлары өте көп, оларды тиімді пайдалану қажет. Ол үшін суды тұщыту керек. Ал өндіріс орындары мен шаруашылықтар лас ағынды және аяқ суларды су құбырларына жібермегендері жөн.

Ластанған су көздерін лазер технологиясы арқылы тазартқан тиімді. Ол әрі арзан, адамның денсаулығына да зиянды әсер етпейді. Бұл ғылыми озық әдіс бойынша еліміздің кез келген өзендері мен көлдерінің суын тұщытып, ауыз суға пайдалана аламыз.

С. АҚЫМБЕКОВА,
Шымкент қаласындағы Қаратау ауданы қоғамдық денсаулық сақтау
басқармасы санитариялық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бас маманы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру