Ақпарат

Шіркейден қалай құтылса болады?

Қаралды: 380

Редакциямызға Отырар ауданының орталығы Шәуілдір ауылынан Хасен Тұрғымбеков есімді азамат телефон шалды. 

«Ауылымызда шіркей көбейіп кетті. Көзге, құлаққа, мұрынға, тіпті ауызға да кіріп кетіп мазалайды, шаққан жері қатты қышиды, қасысаң жараға айналады. Тиісті мамандармен сұхбаттасып, одан қалай қорғануға, қалай көзін жоюға болатыны жөнінде мақала жариялауларыңызды ауыл тұрғындарының атынан сұраймын», – деді ол кісі.

Қалампыр майы құтқаруы мүмкін

Біз оқырман өтініші бо­йынша облыстық қоғамдық денсаулық сақтау депар­таментіне хабарластық. Де­пар­­таменттің энтомолог маманы Майра Халықова атал­ған жай бойынша бізге былай деді:

«Бұл мәселенің туындағанына төрт-бес жыл болды. Шіркей негізінен Сырдария өзеніне жақын аумақтардың тұрғындарын мазалауда. Соған байланысты Алматыдан, Қазақ Ұлттық университетінен мамандарды, ғалымдарды шақырып, арнайы зерттеулер жүргіз­генбіз. Бұл жөнінде тиісті басшыларға, мекемелерге хабарланып, ғалымдардың күресу жолдары жөніндегі пікір­лерін жеткізгенбіз, ұсыныстар айтылған. Бюджеттен қаржы бөлініп, өзен суына, жақын маңайдағы өсімдіктерге залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуі керек. Улы препараттарды қолдануға болмайды, биологиялық күрес жүргізу қажет.

Ал енді тұрғындардың олардан қалай қорғануы, көзін қалай жоюы керектігіне келсек, әзірге бұл жөнінде бір­деңе деу қиындау болып тұр. Айтарым, қансорғыш жәндіктерден қорғануға арналған репелленттер бар, соларды қолдану керек. Негізі бұл жәндіктер үйге кірмейді, өйткені тіршілік ортасы бас­қа, сондықтан далаға, табиғат ортасына шыққанда бетке «маска» тағып, денені, аяқ-қолды тегіс жабатын киім киген дұрыс.

Ел ішіне осы мәселемен шыққанда естіген бір тәсіл жөнінде айта кетейін. Бі­реулер шіркей кәдімгі кон­дитерлік өнімдер шығаруға қол­данылатын ванилинді «жақ­тырмайды», оның иісі бар жерге жоламайды дейді. Ал Байырқұм жақтағы  бір мекемеде күзетші болып істейтін бір жігіт дәріха­наларда сатылатын қалампыр майын (гвоздичное масло) қолданып жүргенін айтты. Шіркейге қарсы өсімдік сығындысынан жасалған басқа да кейбір майларды қолдануға болатын шығар деп ойлаймын».

Көбеюіне қолайлы жағдай туып отыр

Облыстық департамент маманы осылай дейді. Әңгімеден білгеніміз, шір­кейлер өз ұрығын ағысы қатты өзен суына салатындығымен ерекшеленеді екен. Дернәсілдері суда қалқып тұрып, сондағы органикалық заттармен азықтанады, осы қоректік ортада жетіліп, ұшып шығады. Ал ересек жәндіктер өзен бойындағы тоғайларды мекен­дейтін жан-жануарлардың қанымен қоректенеді. Түнде су жағасындағы өсім­діктер арасында тынығады, күндіз үйірлене ұшып шығады. Яғни бұл жәндіктер Сыр бойына басқа жақтан келген жоқ, ежелден бар, бірақ тым көп болмаған. Биылғы ауа райы құбылыстарына орай көбе­юіне жағдай туып отыр. Олар негізінен суға жақын ауылдарға қорек іздеп немесе жел айдап барады.

Жұрттың шіркей көбеюіне «Көксарай» су қоймасының салынуы себеп болып отыр деген болжамы да негізсіз емес сияқты. Өйткені кей ғалымдардың тұжырымы да осыған саяды екен. Яғни олар тарапынан Сырдария ағысының өзгеруі, «Көксарай» ар­қылы өткен судың су тосқыш пен өзен түбіндегі шөгіндіні жиі қопаруы осыған себеп, өйткені ол шіркейдің көбеюіне қолайлы орта туғызады деген де болжам бар. Әрине, бұл мәселе әлі де түбегейлі тек­серуді қажет етеді.

Жалпы, шіркей ошақтарының «Көксарайдың» жан-жағындағы 70 шақырымдай аумақтардан, тіпті Түркістан, Ордабасы, Арыс, Сарыағаш аудандарының кей ауылдарынан да  бой көрсеткен кездері бар екен. Яғни бұл аумақтарға оларды жел қуып апар­ған болуы мүмкін. Бірақ олар ол жақта көбейе алмайды, өйткені негізгі қоректік ортасы – қатты ағысты өзен мен оның төңірегінде жат­қан тоғайлар, басқадай ортада олардың өздігінен жо­йылып кетері анық.

...Міне, біздің адамдарды шырылдатып жатқан шіркей жәндігі туралы білгеніміз осы болды. Кей адамдардан естігеніміз, оған қарсы жусан, бидайық, мойыл, лимон, насыбай, камфара, ва­лериана иістерін қолдануға да болады деседі. Қалампырдың гүлін суда қайнатып, тұндырып алып дене­сіне жағып пайдасын көргендер де бар екен.

Қажет еткен жандарға осы айтқандарымыздың аз да болса пайдасы тиетін шығар деген үміттеміз.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру