Ақпарат

Дендробаққа Асқаровтың есімі берілді

Қаралды: 404

Шымкенттегі дендробаққа мемлекет және қо­ғам қайрат­кері Асанбай Асқаровтың есімі бері­летін болды. Бұл жаңалықты жұрт­шылық қуана құптап жатыр.

Осыған орай біз Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, 1997 – 2012-жылдар аралығында аталған бақтың директоры қазметін атқарған Кендебай Ахат  ағамен хабарласқан едік. Өйткені ол кісінің дендробаққа Асанбай Асқаровтың есімін беруге қатысты бастама көтеріп жүргеніне бірнеше жыл болғаны белгілі, облыстық газетте бұған қатысты «Арысымызды ардақтайық, ағайын!» деген тақырыпта мақаласы да жарық көрген болатын.

«Бұл бастаманы кезінде дендробақ ұжымы, қалалық мәслихат депутаттары қолдаған еді, – дейді ол кісі. – Енді облыс әкімдігі, облыстық мәслихат қолдап отыр. Жалпы, дендробаққа Асанбай Асқаровтың атын беруге ешкім қарсы бола қоймас. Өйткені ол кісінің қаламызды көркейтуге, әсіресе осы дендробақты салуға сіңірген еңбегі зор ғой. Өз бетімен тірлік істеуге ерік берілмейтін кеңестік тоталитарлық жүйе кезінде бюджеттен бір тиын да бөлмей, басқалай қаржы көздерінің көмегімен бұрын қаланың қоқыс төгетін аумағы болған жерді тегістетті, оған қалыңдығы 70 сантиметрдей топырақ төккізіп, қыруар ағаштар отырғыздырды. Кейін ол жер жұрт демалатын әсем дендробаққа айналды. Бүгінде жұртшылық соның жемісін көріп отыр».

Кендебай аға осылай дейді. Ол кісі дендрологиялық саябаққа Асанбай Асқаровтың есімі берілгеніне қатты қуанып отырғанын жеткізді.

Ал қазіргі уақытта дендробақты одан әрі көркейту жұмыстары толассыз жүріп жатыр. Кейінгі кездері ондағы жасанды көл жағасына ауаға шипалы заттар бөлетін Қырым қарағайлары егіліпті. Осы және басқа да жаңалықтар жөнінде біз дендробақтың экскурсоводы Ақмарал Қыпшақбаевадан естідік.

«Бізде қазір дендробақ ішін көркейтуге қатысты көптеген жұмыстар істелініп жатыр, – дейді ол. – Сондай-ақ басшымыз Қанат Піләловтің дендробақ ішінен А.Асқаров мұража­йын, кітапхана ашпақ ниеті бар. Өткенде  Ардагерлер кеңесінің 30 жылдығы бол­ғанда дендробаққа Асқаровтың есімі берілуі мүмкіндігі айтылған. Сонда басшымыз егер мұндай жаңалық орын алар болса, үлкен ас беремін деген болатын. Дегенмен бізге әзірге дендробаққа А.Асқаровтың аты берілгені жөнінде ресми  құжат келіп түскен жоқ».

Жалпы, ресми құжатталу мәселесі – уақыттың еншісіндегі нәрсе ғой. Дендрологиялық бақ қақпасына белгілі қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың есімі жазылатын күн де алыс емес.

...Ал Шымкент дендрологиялық сая­бағы бүгінде Қазақстандағы ғана емес, бүкіл Орта Азиядағы ең ірі бақтардың бірі. Сонау 1979-жылы іргесі қаланған баққа 1986-жылға дейін ғана 500 мың түптен аса әр алуан ағаштар отырғызылған екен. Бүгінде онда дүние жүзінің барлық дерлік аумақтарында өсетін ағаш, бұта, шөптесін өсімдіктердің түр-түрі бар. Сондай-ақ бақ ішіндегі арнайы аумақтардан тиін, теңбіл бұғы, қырғауыл, тауыс сияқты аң-құстарды, жасанды көлден аққу, қаз, үйректерді, балықтарды көруге болады. Ден­дробақ ішінде жаяу ғана емес, атпен, велосипедпен серуендейтін жолдар, адамдар тынығып, демалатын орындар, асхана, қымызханалар бар. Отбасын құрған жастар міндетті түрде оның ішіндегі Жас­тар аллеясына барады. Дендробақ іші толықтай су жүйелерімен қамтыл­ған, субұрқақтар жұмыс істейді, жасанды көлге құлай ағатын сарқырамасын да жұртшылық барып тамашалап жатады. Дендробаққа барушылар қатары қысы-жазы толастамайды. Ол бүгінде Шымкенттегі қала қонақтары тоқтамай өт­пейтін бірегей туристік нысанға айналған. Жалпы аумағы 120 гектардай жерді алып жатыр.

Міне, осындай керемет дендрологиялық саябаққа оның іргетасын қалаған, сол кездегі Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған, қаламыздың өсіп-өркендеуіне мол үлес қосқан Асанбай Асқаровтың есімі беріліп отыр. Мұны қоғам қайраткерінің алдағы қыркүйек айын­да болатын 90 жылдығына тарту етілген үлкен сый деуге әбден болады.

Шымкент қаласының

дендрологиялық саябағына атау беру туралы

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993-жылғы 8-желтоқсандағы Заңының 2-бабының 4-1 тармақшасына сәйкес, Шымкент қаласы тұрғындарының пікірін ескере отырып, Республикалық ономастика комиссиясының 2017-жылғы 6-наурыздағы қорытындысы негізінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі қаулы етеді және Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты шешім қабылдады:

1. Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласындағы дендрологиялық саябағына Асанбай Асқаровтың есімі берілсін.

2. Осы бірлескен қаулы мен шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күннен соң қолданысқа енгізіледі.

Ж. ТҮЙМЕБАЕВ, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі.

Қ. ӘБДІХАЛЫҚ, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты сессиясының төрағасы.

Қ. БАЛАБИЕВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру