Ақпарат

Шымкентте ұлы Абайдың ұрпақтары тұрады

Қаралды: 420

Шымкент қаласында Абай Құнанбаевтың тікелей ұрпақтары тұратынын біреу білсе, біреу біле бермейтіні рас. Осы қалада туылып, еңбек еткен зейнеткер апай Айгүл Дүтбаеваға (1958 жылдан Сариева) арнайы жолығып, әңгімелестік.

Айгүл апайдың анасы Қадиша Әзікеқызы – Абайдың туған перзенті Гүлбаданның қызы болған. Құнанбай ұрпағы қудалауға ұшырап, аман қалғандары жан-жаққа шашырап кеткен екен.

«Құнанбай әулеті Семейдің қазіргі Абай ауданындағы Қарауыл ауылында және сол төңіректе өмір кешкен еді, – дейді Айгүл Мүштарқызы. – Малы көп, дәулетті адамдар болды. Менің әкем де сол ауылда тұрды. 1934-жылдан қуғын-сүргін көре бастаған туыстардың көбі қамалып, атылып жатты.

Жан-жаққа бытырап кеткен Құнанбай әулетінің өкілдері бір-бірін жоғалтып, кейбірі араға ондаған жыл салып табысты. Елден қол үзіп қалғандардың ұрпақтарының біразы Абай атамның 150 жылдығында ғана көрісті.

Әкемнің ағайын інісі Дінислам Ысқақұлы алдымен Қырғызстанға қашып, одан кейін Жамбыл облысына оралып, ақыры Шымкентке орныққан екен. Бұл кезде әкем мен анам жас баласымен бас сауғалап әр жерде жүрген болатын. Дінислам ағамнан: «Мүштар, біз Шымкентке келдік. Мүмкіндігің болса, сен де кел» деген хабар алынды. Анам Алтайға кетейік деп жүрген, ал жаңағы хабар келгесін әкем Шымкентке, бауырының жанына баруды дұрыс көрген. Сөйтіп олар Шымкентке жетті. Дінислам ағамның әке-шешесі, әйелі Рақша, қыздары Ұрқыш, Рақыш осында екен.

Өкінішке қарай, сол кезеңде, 1937-жылы менің әкем Мүштар атылып кетті. Анам үш жасар ұлы Мақсатпен және сол жылы жаңа туылған менімен қалды.

Мен Шымкентте өстім. Мектепте Абай атамның өлеңдерін оқыдық, өлеңдерін жатқа білемін. «Көзімнің қарасы», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Желсіз түнде жарық ай» және тағы басқа әндерін шырқайтынбыз. Бірақ сол заманда мен Абай Құнанбаевтың шөбересі екенімді білген жоқпын. Анам да, туыстарымыз да ол кезде өздері Құнанбай әулетінің ұрпақтары, Абайдың бала-шағасы екенін айтудан өкіметтен қаймығып, сөз етпейді екен.

Абай атамның 150 жылдығына бардық. Анам сырқат еді, бара алмады. Анам сол мерейтойдан кейін өмірден өтті. Анамның тағдыры қиын болған. Әжеміз 14 ұл-қыз көрген екен. Солардың біразынан, арасында тұңғышы болған менің анамнан да  көз жазып қалыпты. Әжем мен анам 1949-жылы табысты. Абай атамның 100 жылдығына барған әжеміз өзінің балалары туралы сұрастырыпты. Сонда Қадиша қызыңыз тірі, ол Шымкентте тұрады деген хабарды естіген екен. Сол жиында әжем Оспан атамның келіні Камалиямен көрісіпті. Оның бала-шағасымен табыстық.

Өзім Абай атамның ұлы Тұрағұлдың Ақила, Қалима және Мәкен есімді үш қызын көрдім. Ақиланың күйеуі 1937-жылы атылып кетті, Қалиманың күйеуі Мұхтар Әуезовтің туған ағасы еді, Мәкеннің күйеуі судья қызметін атқарды».

...Айгүл апай әжесінің және анасының тағдырларының ауыр болғанына, соған қалай төтеп бергендеріне таңқалады. Өзінің де осы күндерге жеткеніне шүкіршілік етеді. Ағасы Мақсат Мүштарұлы Дүтбаев Шымкентте ғұмыр кешіп, осында 1997-жылы дүниеден өтіпті. Ол «Сельстрой-18» тресінде басшының экономика жөніндегі орынбасары, жоспарлау бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған екен. Ұл-қыздары Шымкент, Алматы, Астана қалаларында және Мәскеуде тұрып жатыр екен.

«Оқып, жоғары білім алуға мүмкіндік болмады, – дейді Айгүл Мүштарқызы. – Тігінші мамандығын игердім. Сол салада 35 жыл жұмыс істеп, зей­неткерлікке шықтым. Жұмысым өзіме ұнады, жеке адамдарға арнайы тапсырыспен киім тігетін мемлекеттік ательеде пішуші болып істедім».

Айгүл апайдың жұбайы Мәмбетәлі Сариев те құрылыс саласында 40 жыл қызмет атқарған. Ұл-қыздары бүгінде Шымкентте және Мәскеуде тұрады екен.

С. НАҒАШЫБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру