Ақпарат

Қазақ болып кеткен Мария әжей

Қаралды: 293

Төлеби ауданындағы «Жаңа ұйым» ауылының тұрғыны, тоқсан жастағы  Мәрия Сабырова – тыл ардагері, Батыр ана. 

Ұлты орыс Мәрия әже қыз кезінде Мария Антоновна Краснова болатын. Бүгінде ол қазақтың үлкен бір әулетінің анасы, бала-шағасы мен немере-шөберелерінің ортасында ғұмыр кешіп жатқан жайы бар. Өзі ақ орамалын басынан ешуақытта тас­тамаған екен. Келіндеріне нағыз қазақы дәстүр жолын көрсетіп, шаңырағын сүттей ұйытып отыр.

Мәрия әже жасынан қазақша сөйлеп келеді. Қазақ отбасына келін болып түскен күннен қазақтың тұрмыс-тіршілігі мен келіндік парызды  тез меңгеріп, ауыл-аймақтың аса қадірлі жанына айналыпты. Біз жақында оның қолынан дәм татып, әңгімеге тарттық.

«Жастайымнан қазақы ортада еңбекке араласып өстім, – деп еске алады Мәрия апа. – Ағам мен інілерім және сіңлілерім де колхоз даласында жұмыс істеді. Менің екі сыныптық қана білімім бар. Шешем суға ағып кетесің деп мектепке жібермей қойған. Ол кезде айналада су мол болатын, өзендер толып ағатын.

Әкем 1938-жылы өмірден өтті. Бізді шешем тәрбиелеп өсірді. Мен жасымнан қырманда жұмыс істедім. Арба айдадым, шөп шаптым. Ал соғыстың кезінде ауылда трактор айдайтын ер қалмағасын қариялар маған орыссың ғой, мүмкін игеріп кетерсің деп қолқа салды. Содан трактор айдауды үйреніп алдым, кейін комбайнды да айдадым.  «Социалистік еңбектің екпіндісі» атандым.

Соғыс біткенде бойжеткен қыз едік. Екі рет орыс жігіттер келіп, маған үйленгілері келетінін білдірген. Бірақ олар шешеме ұнамады. Дәм-тұзымыз жарасып, әскерден оралған Сабыр есімді қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым. Ол жігіт шешеме қатты ұнады, анам өмірінің соңына дейін күйеу баласына риза болып өтті.

 Жоқшылық кез ғой, бауырсақ пісіріп, сонымен тойшық өткіздік. Ештеңе жоқ, халықтың быламықты талғажау ететін уағы. Дала жұмысында газет тілшілері суретке түсіріп, фамилиямды сұрады. Мен ары-бері қипақтап: «Қоймадыңдар ғой, фамилиям Болатбаева», – деп айттым. Осылайша қайынатамның есімін лажсыздан өмірімде бірінші және соңғы рет атадым. Көп ұзамай күйеуім фамилиямды өзінің атымен Сабырова етіп өзгертті. Қайынатам жақсы кісі еді, өмірден өтер сәтте маған риза екендігін айтып кетті.   

Колхоздың жұмысына шыққым келетін, бірақ күйеуім шығармады. Ол мұғалім болды. Ауылдың тұрғындары, әсіресе жасы үлкендер қандай жиын, той-томалақ болса да: «Мәрия қызымды шақырыңдар», – деп мені жиыннан қалдырмайтын. Қамыр жайып, ет асуды, қазақтың барлық тағамдарын дайындауды және салт-дәстүрлерін үйрендім.

Күйеуіммен еш уақытта ұрысқан емеспіз. Дүниеге он үш бала-шаға әкелдім. Қаншама елдермен құда-жекжат болыстық. Тірлігіміз бен араласуымыз қазақтың дәстүрлеріне сай болды.

Мені ешкім орыс демейді. Табиғатым да қазақ болып кеткен. Біздің дәстүрімізге өзімнің төркінім де үйренді. Олар келгенде күйеуім қайынжұртым деп қой сойып, ел шақырып күтетін. Балаларымның бәрі қазақпен отау құрды. Кезінде ағам: «Бір орыс келін ал, немесе қыздарыңның бірі орысқа тұрмысқа шықсын», – дегенде мен: «Қазақ тәуір ғой», – деп күлдім де қойдым. Бәрі өздерінің қалауларымен қазаққа үйленді, қазаққа тұрмысқа шықты. Тек үлкен келінім ғана қырғыз, Бішкек жақпен құда болдық.

Төркіндерім Ленгірде және Шымкентте тұрды. Кейінгі кезде Ресейге көшіп кеткен. Таяуда Санкт-Петербургке, сіңліме барып қайттым».

...Мәрия әже бізге осындай әңгіме айтып берді. Ол кісі сергек жан екен. Әңгіме арасында немерелерінен тіршіліктері жайлы сұрап, ақыл-кеңесін беріп отырды. 66 жастағы үлкен ұлының салып жатқан үйі туралы бүге-шігесіне дейін тыңдап, қаражатының жететін-жетпейтінін сұрады. Егер қажетсінсе, өзі ақша беруге бар.

Отағасы Сабыр Болатбаев 1996-жылы өмірден өтіпті. Ол соғыс ардагері болатын. Білім беру саласында 45 жыл еңбек еткен, мектеп директоры болған.

С. НАҒАШЫБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру