Ақпарат

Ғылыми-танымдық 92 роман жазған адам

Қаралды: 416

Есімі республикамызға әйгілі жазушы, көптеген ғылыми-танымдық романдардың авторы, кезінде Жүніс Сахи деген есіммен белгілі болған жерлесіміз Жүніс Сақұрпағы таяуда Шымкентке келді. 

Осы сапарында біз ол кісімен жолығып, сұхбаттас болдық.

Аспанға бала кезден аңсары ауған

Жүніс Сақұрпағы 1950-жылы Бәйдібек ауданындағы Алмалы ауылында өмірге келген. Кеңестік кезеңде бұл ауыл «Орловка» деп аталатын.

«Алмалыда бұрын орыстар көп тұрған, онда орыс мектебі болған еді, – дейді Жүніс аға. – Кейін орыстар көшіп кетті де, біздер табалдырығын аттаған 1956-жылы ол қазақ мектебіне айналды. Мектептің материалдық-техникалық базасы мықты еді, физика, химия, биология және басқа да пәндерге арналған бөлмелері қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған, өзінің аспан әлемін бақылайтын арнайы телескобы да бар болатын.

Мен өзім кішкентайымнан аспан әлеміне қызығып өскен жанмын. Әкем молда бол­ған кісі, ертерек дүние салды да, анам Құлқаныстың тәрбие­сінде өстім. Жазда есік алдындағы сыпа (сәкі, тапшан) үстінде жатамыз, сонда апам «анау – Темірқазық», «анау – Жетіқарақшы» деп жұлдыздарды көрсетеді, олар туралы қызық аңыздар айтып береді, соны есім кете тыңдайтын едім.

Қиял-ғажайып әңгімелер айтатын

Менің осы қызығушылығым мектепке барғасын тереңдей түсті. Жоғары сыныптың оқушылары телес­коппен Күннің, Айдың тұты­луын бақылайды, оны бізге де көрсетеді. Ретін тауып түнде де жұлдыздарды бақылайтынбыз. Таң жұлдызы – Шолпанды, Марсты талай рет көрдік телескоппен, лапылдап, жарқырап тұрады. Соларды көру үшін түнде тұрып кететін кездерім де болған. «Ана жұлдызға қалай барса болады? Онда тіршілік бар ма екен?» деген сияқты сұрақтар қатты қызықтыратын, қиялыммен көкті шарлайтын едім. Менің қиял-ғажайып әңгімелерімді тыңдау үшін үйге Хамзабек, Тұрсынбек, Батырбек достарым жиі ке­леді, оларға: «Түнде Төре­гелді ағам екеуміз ғарыш кемесіне отырып, түймесін басып қалдық та, әп-сәтте бір ғаламшарға бардық, ол жерден мынадай ғажайып адамдарды көрдік, сосын бір түймені басып қалдық та, тез арада жерге оралдық...» деген сияқты қиялдарымды айтып беремін, олар аузын ашып тыңдайды.

Бірде,1959-жылы қыста түнде аспанда аппақ жарық бұлт пайда болды. Оны бәріміз қызыға тамашаладық, не нәрсе екен деп аң-таң болдық, ол көпке дейін есімнен кетпей қойды. Сол кезде ғылыми журналдарды іздеп жүріп оқитын едім, көп ұзамай солардың бірінен Байқоңырдан ғарышқа «Луна-1» деген зымыран ұшырылғанын білдім. Бізді таңқалдырған әлгі нәрсе сол екен, Жерге білініп тұруы үшін ізіне арнайы натрий ұнтағын шашып отырыпты.

 

Ғарыш кемесін

құрастырған

Алдында мектепте түрлі құрылғылар, ұшақтар жасайтынбыз. Мен әлгі көріністен кейін картоннан ғарыш кемесін құрастырдым, оны біраз жерге дейін өздігінен ұшатын дәрежеге жеткіздім. Сол кездері киномеханиктер жарамсыз болып қалған кинопленкаларды лақтырып жібе­ретін еді, олар тез тұтанып, қатты жанатын. Осы пленкаларды жинап алып, шиыршықтап алдым да, «ко­раблімнің» артқы жағына орналастырып, от қойып жібердім, ол біраз жерге дейін ұшып барып құлады. Қысқасы, бұл салаға деген қызығушылығым мектеп қа­быр­­ғасында жүргенде басталған болатын.

Кейін Шаяндағы ауа ра­йын болжау станциясында жұмыс істедім, әскерде байланысшы болып қызмет еттім. Осы кездері көрген-білгенімнің бәрі менің бұл салаға деген қызығушылығымды ұштай түсті. Әскерден оралғасын Алматыдағы Қазақ Мемле­кеттік уни­верситетінің журналистика факультетінде оқы­дым. Осы уақытқа дейін романдар сериясын жазып келемін».

 

Бұлтты қуып таратуға болатынын болжаған

Жүніс Сақұрпағының ғылыми фантастикаға қызығушылығы осылай басталған екен. Кейін ол кісі «Тіршілік ұясы» атты роман жазған. Бұл роман соңы «Кеңістік көш­пенділері» атты серияға ұла­сып, содан бері де бірнеше романдары жарық көрген. Жалпы, бүгінде Ж.Сақұрпағы романдарының ұзын саны 92-ге жетіп отыр екен. Олардың ішінде айтылған идеясы бүгінде өмір шындығына айналып отырғандары да бар.

Мысалы, «Жаңбыр жауғанда» деген романында бір ғаламшарда толассыз жауған жауыннан адамдардың әбден зардап шеккені, сол кезде оларға бұлтты ыдырататын құралдармен көмек көрсетілгені туралы айтыл­ған. Ал бүгінде ғылым табиғаттың кейбір құбылыстарын басқара алады, соның ішінде төніп келген бұлтты қуып ыдыратып, жаңбырды жауғызбай қоюға қолы жетті.

Сондай-ақ Ж.Сақұрпағының «Шолпанға көшкен ауыл» атты романында қозғаған идеясы да қызық. Онда өте қуатты жарық жұтқыштың жәрдемімен заттар мен тіршілік иелерін Жерден Шолпанға көшірген оқиға сурет­теледі. Қарап отырсақ, бұл да бір кездері ғылым мен техниканың қуатымен іске асуы әбден мүмкін жай сияқ­ты. Себебі осыдан біраз бұрын австралиялық ғалымдар лазер сәулесінің әсерімен осындай нәрсені іске асыруға болатынына іс жүзінде тәжірибе жасап көз жеткізіпті. Яғни Жүніс Сақұрпағының осыдан көп уақыт бұрын жазған романында айтылатын идеяны ғалымдар іске асыр­ған. Әрине, ол романды оқып емес, өз беттерімен, өз ізденістері нәтижесінде қол жеткізген. Бұл сәйкестікті де тектен-тек дей алмайсыз. Яғни Жүкең өзінің фантастикалық романы арқылы келешекте мұндай нәрсенің де іске асуы мүм­кіндігін меңзеген.

...Міне, жерлесіміз Жүніс Сақұрпағы – осындай өзгеше жазушы. Ойша қызықты се­руен жасап, болашаққа көз жібергіңіз келсе, ол кісінің романдарын оқып тұрыңыз демекпіз.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру