Желідегі жазбалар

25.05.2017
Қаралды: 553

Жасай беріңдер, жақсы адамдар!

Осыдан бірнеше күн бұрын 11-ші сыныпты бітіріп жатқан оқушы қыздың хатын «Инстаграмда» жарияладым. «Выпуск­нойға сыныптастарым ақша жинап жатыр. Отбасымыздың жағдайы жоқ. Сол себепті бара алмайын деп тұрмын. Бірақ 9-шы сыныпта да қатыспадым. Осы жолы барғым келіп тұр», – деген.

Сол қыздың жасындағы өзімді еске түсірдім. Жеткіншек үшін қатарынан кем болу деген – үлкен соққы. Қалтамнан төлей салайын десем, артылмай тұр. Сосын хатты ортаға салдым.

Бірден «жекеге» бірнеше кісі шықты. Сол кісілердің арасынан бүгін бір оқырманым керекті сомасын түгел аударып жіберді. Бір оқырманым әрі құрбым екі көйлекті «Қазпочта» ар­қылы салып жіберді.

Бұл кісілердің аты-жөндерін жазбаймын. Риясыз жасаған жақсылықтарын жария қылып сауаптан қақпайын. Алла разы болсын!

Енді бір қыздар бойжеткенді өзінің сұлулық салонында әрлеп беруге шақырып жатыр. Тегін. Алла разы болсын! Қуанышымда шек жоқ! Енді ол өз қатарынан қалмайтын болды.

Жасай беріңдер, жақсы адамдар!

Ақбаян САПАРБАЕВА.

Қара киімге бейімдеп жатқан жоқ па екен?

Кеше етек-жеңі ұзын көйлек алмақшы болып базар араладым. Түріктің бренд тауары тақияма тар келеді, айыр қалпақ ағайындардың өнімін қарастырып жүрдім. Жаз айларында матасы мақта талшықтарынан бол­ған, етегі ұзын көйлек киемін.

Кеше менің таңданғаным – биыл­ғы шыт көйлектердің түстері қара, көк және тоқ реңдегі қызыл. Ашық түстегі көйлектер былтырдан қалып қойғандары ғана бар, сатушылардан сұрасам, етек-жеңі ұзын көйлектердің ашық түстілері мүлдем фабрикадан шықпай жатыр-мыс.

Көкейімде бір күдік мазалап қояр емес. Бұл сонда қарапайым халықты қара киімге астыртын бағыттау емес пе екен? Биыл шамалы гүлі бар, оның үстіне жасыл мен қызыл түстер аралас­қан. Алдағы жылда одан сайын қараға жақын және гүлсіз, арғы жылы, сосын одан кейінгі жылдары халықты бейімдеп, қап-қара етіп жібермесе болғаны.

Бибі Айша.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!