Ене мен келін керемет той жасады

24.05.2017
Қаралды: 897

Көктем келгелі бері ел ішінде той-томалақ көбейе бастады. Жуырда біз осындай тойлардың бірінде – сүндет  тойда болдық. 

Шымкенттегі «Наурыз – 777» тойханасында өткен бұл той бізге ой салды. Өйткені қызықшылық иелері – енелі-келінді екі әйел еді. Айжан (ортада немересі Мәдимен бірге) мен Майраның  (суретте оң жақта шетте тұр) бір-бірін қолдап, ер-азаматтарының жоқтығын білдірмей кереметтей той жасағанына жұрт ризашылығын білдіріп жатты. Тойға 300-дей адам қатысты.

Бұл арада Айжан көпті көргендігін, өз енесі Гүлбар ападан көп үлгі алғанын көрсетті деуге болады. Сол алған үлгісін келіні Майраның бойына сіңіре білуі кімге болса да өнеге-үлгі ретінде ұсынуға тұрарлық.

Айжанның ері Марат қолынан өнері тамған дәнекерлеуші еді. Денсаулығы бұзылып, көп жыл ауырды. Оның ұлы  1983-жылы туылған Ақан орта мектепті бітірген соң армия қатарына алынып, борышын Семей полигонында атқарған болатын. Соның зардабынан ол да айықпас дертті болды. Елге келген соң  үйленіп, екі балалы болғанда сол дерттен көз жұмды. Ұлының қазасын көтере алмаған Марат та көп ұзамай дүние салған еді.

Сөйтіп Айжан жастай жесір қалды, үлкен бір отбасының ауырытпалығын көтеруіне тура келді. Балабақшада кір жуушы болып істейтін ол келіні Майраны сол жерге тәрбиеші етіп орналастырады. Өзінің кіші ұлы Сұлтанды үйлендіріп, бөлек шығарып, Майраны екі баласымен қолында қалдырыпты.

«Келініме өте ризамын. Айтқанымды екі айтқызып көрген емес. Үнемі қабағыма қарайды. Ақанның қайтыс болғанына он жылға жуық уақыт өтсе де сыр білдірген емес. Шаңырағымыздың шайқалмай, ынтымағымыз жарасып отыруы­мызды Майраның арқасы деп білемін. Осындай инабатты қыз өсірген құдаларыма да айтар алғысым көп».

«Келін енесінің топырағынан жаралған» деген сөз бекер айтылмаса керек. Айжанның енесі Гүлбар апа да көпті көрген, көппен сыйлас кісі болған екен. Ол да жастай жесір қалып, төрт қыз, екі ұлын аман-есен өсіріп, үйлі-жайлы етіпті, немере-шөбере сүйіп, жасы сексеннен асып барып қайтыс болыпты. Міне, сол кісінің тәрбиесін алған Айжан да келіні Майраны өз қызынан кем көрмей, бауырына басып,  қос немересін қатарынан кем етпей өсіруде екен.

Соның бір айғағы – кішкентай Мәдидің сүндет тойы. Бұл той өте әдемі өтті, көпшілікке ұнады, талай жанға ой салды. Ене мен келіннің ер-азаматтарша үлкен той өткізгеніне жұрт сүйсінді. Олар той иелеріне деген ізгі тілектерін жаудырып жатты.

Біз де кішкентай Мәдидің ел тізгінін ұстар үлгілі-өнегелі азамат болып өсуіне тілектестігімізді білдіреміз.                        

Қ. НҰРМАШҰЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ