Ақпарат

«Тағдырластар» достықты қастерлейді

Қаралды: 235

Кешегі аптада облыстық арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханада «Тағдырластар» клубының кезекті отырысы өтті. 

Басқосу «Доссыз өмір бос» деген тақырыпқа арналды. Ол Алматы қаласынан арнайы келген талантты әнші Думан Жақанбаев пен шымкенттік Бақдәулет Құралдың шығармашылығына арналды.

Бұл кеште талантты қос өнер иесі жиналған көпшілікті әсем әнмен баурады. Өнердің қадірін білетін Думан баян аспабымен әуелетіп ән сал­ғанда кітапхана оқырмандары ғажап сезімге бөленді.

Аталмыш басқосуға алғаш рет Рахат Амантаева есімді тағдырлас қыз қатысты. Клуб мүшелерімен танысып, достық тақырыбында пікірін ортаға салды. Сондай-ақ аудандардан келген Перизат Үйсімбаева, Бердібек Жолдасбеков, Нұржан Төребай сынды азаматтар достық тақырыбында әңгіме өрбітіп, қос талант­қа тілектерін білдірді. Қазығұрт ауданынан келген әнші Рүстем Та­йыров Думанмен бірге көпшілікке «Қыздар-ай» әнін тарту етті.

Сырлы сұхбат аясында әннен бөлек, достық туралы мақал-мәтелдер айтылып, өлең-жырлар оқылып, би биленді. Осы кешті жүргізе отырып көпшіліктің ортақ ойынан ұққаным, олардың бәрі де достыққа адал әрі оның қадірін түсінетіндігіне көз жеткіздім.

Іс-шара соңында Сарыағаштан келген Мәдина Ермаханова мен Айнұр Смандияр қонақтарға алғыс айтып, әннен шашу шашты.

Бұл өнер иелерінің сахнада ән шырқап тұрған сәттерін «Фейсбук» әлеуметтік желісінің тікелей эфирі арқылы біршама достар да тамашалады. «Тағдырластар» клубының кезекті отырысын кітапхана директорының орынбасары Ұлбике Мүтанқызы қорытындылап, келген қонаққа сый-құрмет жасады.

Көпшілік Думан Жақанбаев пен Бақдәулет Құралды ортаға алып естелік суретке түсіп, ерекше әсер алғанын айтып тарасты. 

Ербек БАКИЕВ,

ОҚО арнайы кітапханасының тифлолог-редакторы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру