Ақпарат

Көктемде көктен де құрт жұғады

Қаралды: 191

Көктем кезінде көк пияз, аскөк, шалқам, редиска, құлпынайды жиі пайдаланатынымыз белгілі. 

Осы кезде аскаридоз  ауруының  қоздыр­ғышы – аскарида жұмыртқаларының ағзаға түсуінен абай  болу керек.                                                        

Аскаридоз – адамдар мен жануарлар денесінде тіршілік ететін жұмыр құрттардан пайда болатын ауру. Қоздырғышы – аскарида құрты, оның ұзындығы 15 – 40 сантиметр. Аскаридоз науқас адамнан  сау адамға жұқпайды, аскарида  жұмырт­қалары  науқас адам дәретке отырған кезде топыраққа түсіп, сол жерде өніп, содан кейін жұғуына мүмкіндік тиеді. Өйткені кейбіреулердің залалсыздандырылмаған адам нәжістерімен бау-бақша топырағын тыңайтатыны бар. Сондай жерлерде өсірілген жуылмаған көкөніс, жеміс-жидектерді жегенде, қайнатылмаған суды ішкенде құрттардың жетілген жұмыртқалары адам ағзасына ауыз қуысы арқылы түсіп, аш ішектің қабырғаларындағы қан тамырларына жұмыртқадан шыққан дер­нәсілдері еніп, қан ағымымен бауырға, өкпеге барып, ауру туғызады.

Аскаридозбен әсіресе балалар көп ауырады. Аскаридоздың алғашқы және асқын­ған кезеңдері болады. Оның  алғашқы кезе­ңінде баланың  дене қызуы аздап көтеріліп, жөтеледі, кейде кеңірдек-өкпе қабынулары, сирек болса да аяқ-қол басында қызарған бөртпелер пайда болады. Аскаридоздың асқынған кезеңінде науқас тәңертеңгілік жүрегі айнып, құсады, іші өтеді. Кейде іші қатады, ішектері қатты ауырып түйіледі, денесін аллергиялық бөртпелер басып, демігеді.

Аскаридозды серологиялық реакциялар, рент­ген, нәжісті ішек-құрт жұмыртқаларына зерттеу арқылы анықтайды.

Аскаридозды құртқа қарсы препараттар ішкізу арқылы емдейді.  Аскаридозбен ауырған нау­қас өзіне қарасты емханада емделгенін анықтау үшін диспансерлік бақылауға тұрып, емделген соң 14 күннен кейін 2 рет 3 күн аралықта ішек-құрт жұмыртқаларына тексеріледі. Аскаридоз жұмыртқасы анықталмаған жағдайда  диспансерлік бақылаудан шығарылады. Егер де аскаридоз жұмыртқасы анықталған жағдайда қайта ем тағайындалып, диспансерлік бақылау жалғасады.

Аскаридоздан сақтану жолдары мынадай: Топырақты қопсыту жұмыстарын жүргізу барысында, балалар далада топырақпен, құмда ойнағаннан кейін  қолды сабындап жуу, далаға киген  аяқ киіммен үйге кірмеу керек. Жеміс-жидектерді таза сумен жуып жеген дұрыс. Базарларда жеміс-жидектердің  дәмін татып көруден абайлаған жөн.  Қоғамдық орындарда тазалық сақтау, дәретке  сыртқа кез келген жерге отырмай, арнайы әжетханаға отыру керек. Әсіресе бау-бақшаларға тыңайтқыш ретінде адам нәжісін қолданбау керектігін ескертеміз.

Р. АҒАЙДАРОВА,

Шымкент қаласындағы  Әл-Фараби аудандық
қоғамдық денсаулық сақтау   басқармасыныңбас маманы.

Пікір қалдыру