Ақпарат

«Қасиетті айда қайырлы істер жасауға шақырамын!»

Қаралды: 226

Құрметті отандастар! Алдағы 27-мамырда қасиетті Рамазан айы басталады. Осыған орай баршаңызға жыл сайынғы дәстүрлі үндеуімді жолдаймын.

Өздеріңізге белгілі, еліміздің Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы отандастарымыз су тасқынынан зардап шекті. Осыған орай, жомарт жандар мен қайырымды кәсіпкерлер табиғи апаттан үй-күйсіз, шарасыз қалған тұрғындарға қолдау көрсетіп, көмегін аямауда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да жанашыр жамағаттың демеушілігімен «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында киім-кешек, азық-түлік, тұрмысқа қажетті бұйымдар жеткізді. Мен кәсіпкер азаматтарды осы бағыттағы қайырымдылық жұмыстарға белсене атсалысуға шақырамын.

Қадірлі бауырлар! Асыл дініміз Исламда «садақа жария» деген қасиетті ұғым бар. Қоғамның, халықтың игілігі үшін жасалған мешіт-медресе, аурухана, балабақша, спорт кешендерін тұрғызу, көше, көпір салу, ауыз суы жоқ ауылдарға су тартып, құдық қаздырту және тағы басқа да игі амалдарды осылай атаймыз. Міне, бұл ізгі іс-шаралар – халықтың игілігі үшін жасалған сауапты амалдар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы облыстарда «Қайырымдылық мекемесін» ашып, жергілікті жас буынға діни һәм зайырлы білім беріп, имандылыққа тәрбиелеумен қатар тұрмысы төмен отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетуде.

Меценаттар мен кәсіпкер азаматтарды жалпы жұртшылыққа қажетті нысандарды тұрғызу жұмысына белсене араласып, жанашырлық танытуға шақырамын. Өйткені Рамазан – қайырымды жандар үшін мол мүмкіндіктер маусымы. Оразада жасалған әрбір қайырлы іс – үлкен сауап.

Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі бай-дәулетті азаматтарды жағдайы төмен тұрғындарға көмек көрсетуге үндеді. Мемлекет басшысының бұл бастамасына үн қосу баршамыздың азаматтық борышымызға айналуы қажет деп есептеймін.  

Құрметті қазақстандықтар! Қоғамда кісі ақысын жеу, баланы аяусыз ұру, педофилизм, нәрестені далаға тастау, өз-өзіне қол жұмсау, ажырасу, кейбір азаматтар арасындағы қатыгездік жағдайлар, арақ-шарапқа тәуелділік, отбасындағы келіспеушілік, террорлық оқиғалар сынды жалпы адамгершілік құндылықтарға жат әрекеттер көрініс табуда. Пендені рухани тұрғыдан аздырып, елдің тыныштығын бұзып, қоршаған орта мен бүкіл қоғамның тұтастығына үлкен зиянын тигізетін мұндай жаман әрекеттерге жұрт болып жұмылып қарсы күресуіміз керек.

Ардақты ағайын! Рамазан – мол сауап жинайтын қасиетті ай. Адам баласы ізгі амалы арқылы Жаратушының рақымына, нығметіне кенеледі. Жомарт, жанашыр азаматтарды, кәсіпкерлерді көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық көрсетуге, табиғи апат салдарынан бұзылған үйлерді жөндеуге, жетім мен жесірге мейірімділік танытып, қараусыз қалған қарттарға көңіл бөлуге шақырамын.

Зекет беру – жағдайы келген (шариғат бойынша нисап мөлшеріне жеткен) мұсылманға парыз. Ал зекет Рамазан айында берілсе, оның да сауабы еселеніп жазылады. 

Қасиетті айдың құрметі үшін азық-түлік, көкөніс пен тұрмыстық заттарға жеңілдік жасалып, құдайы астар мен садақалар ауызашар уақытында ұйымдастырылса, тойлар ішімдіксіз өткізілсе, жамандықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына барынша жол берілмесе деген тілегімді білдіремін. Осынау жақсы амалдар Рамазаннан кейінгі айларда да жалғасын тапса, нұр үстіне нұр.

Он екі айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазанда жасаған амалдарымыз бен ізгі ниеттерімізді Алла-тағала қабыл еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіз еліміздің болашағы жарқын, әрбір игі бастамаларымыз баянды болғай! Әумин!

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру