Ақпарат

Төкеңмен Ташкентке барып едік...

Қаралды: 194

Шымкенттегі «Нұрсәт» шағын ауданының бел ортасында Төлепбек Назарбеков атындағы көше бар. 

Екі қапталын қаз-қатар отырғызылған мәңгі жасыл шыршалар көмкерген, кең әрі ұзын қос тармақты жол. Жан-жағын иін тірескен биік үйлердің қақ арасын аралап өтетін даңғылдың нақ басында көшенің есімі берілген тұлғаның тұғыры биік, еңселі ескерткіші тұр. Осы көркем аллея мен мүсіннің қасынан өткен сайын және көзі тірісінде көпке мәлім болған ардақты азаматтың атын әр естігенімде бұдан аттай жиырма бір жыл бұрынғы жағдай есіме түсе кетеді.

Ол кезде Оңтүстік Қазақстан теледидарында (қазіргі «Қазақстан – Шымкент») жұ­мыс істейтінмін. Бір күні басшымыз Байдулла Қонысбек кабинетіне шақырды. Кірсем, қарсы алдында қалың ақ шашты, қапсағай денелі қария отыр екен. Бірден таныдым. Бұрын бетпе-бет жолықпасам да жиналыстарда, той-жиындарда сыртынан көріп жүрген, жұрттың бәрі қай жерде де «Төке! Төке!» деп құрақ ұшып, құр­мет тұтатын Төлепбек На­зар­беков. Амандасқаннан кейін жетекшіміз:

– Қасымызға жайғас. Бұл көкеңді айтпаса да жақсы білетін боларсың. Үлкен басымен бізге көпке ортақ бір мәселемен облыстық теледидардың араласуын сұ­рап келіп қалған екен. Жұрттың мүддесін шешуге қолдан келіп тұрған көме­гімізді береміз, әрине. Ал енді қолға түсе бермейтін ағамыздың бізге бас сұққан орайлы сәтін қалт жібермей пайдаланып, мен де бұл кісіге қолқа салып отырмын. Білуімше, Төкең келесі жылы, Құдай қаласа, 70-ке толады. Халықтың қадірменді азаматы, елдің ерекше ері туралы бір телефильм жасамақ бізге парыз. Осы тапсырманы саған жүктеймін. Көпке ұзатпай Төкеңмен хабарласып, жұмысыңды осы бастан бастай бер, – деп мойныма аяқ астынан таудай жүкті арқалатты да жіберді. 

Екі күннен кейін-ау, шамасы, жұмыстан қайтарда Төкеңнің біздің ғимаратқа жақын «Кең баба» саябағының жанындағы үйінің есігін жүрексіне қақтым. Ағаның дүйім елді аузына қарат­қан дуалы ділмарлығына, халықтың қамымен ақиқат жолында қандай дөкейіңнен де тайсалмайтын айбарлылығына сырттай жиі есті­генім, алқалы топта сөй­легенін өз көзіммен көргенім арқылы әбден қанықпын. «Мінезі сан қатпарлы қиын адам, жақпай қалсаң бетің бар, жүзің бар демей бірден айтып тастайды» дегенді де құлағым талай шалған-ды. Осындай азамат туралы телефильмді қолға алуға бас­тапқыда жүрек­сінгенім де рас. Атақты атына лайық, жұрт көңілінен шығар туынды жасауға шамам жете ме?

Сонымен атынан ат үр­кетін көкемізбен әдепкіде абайлап, сақтана, именшектей сөйлесіп отырдым, бара-бара ол кісі кішіпейіл, қарапайым, жан сарайы айқара ашық, әңгіме айтқанда арналы дариядай кең көсілген ағындылығымен өзіне елтіп, баурап әкетті. Жұрттан есті­генімдей биіктен қарайтын емес, қайта кісіліктің үлгісі – мейірбандық шуағы мол, аузын ашса жүрегі көрінетін нағыз ақжолтай ағалығына көзім жеткеннен кейін мен де енді ептеп еркінсіп, басталар жұмыстың жай-жапсарына сәйкес ұсыныс-тіле­гімді алға тарттым. Жалпы, көркем кино жанрының кейбір ережелері, яғни элементтері пайдаланылуы тиіс теле­фильмнің қажеттілігіне қатыс­ты жылдың төрт мезгілінің қамтылу мүмкіндігін де, кейіпкердің өткен өмір соқ­пақтарының талай тұстарын түсіру тобымен бірге аралау керектігін де, ұзақ сапардың ауырлық ықтималдығын да, ең бастысы – өзінен алынар сұхбаттың бүкпесіз, ашық болу шарттылығын да, сонда ғана істің нәтижесі тартымды, қызықты бітерін баян еттім. Жетпіске келген қариялылығын ойлап, алдын-ала алаңдаған түріміз. Есесіне біздің уәжімізге Төкең жас жігіттей құлшынып ке­лісті. «Асау басымның билігін уақытша құзырларыңа өт­кіздім. Түсіру кезінде «жат» десеңдер, жатамын, «тұр» десеңдер, тұрамын, «жүгір» десеңдер, жүгіремін. Қайта сендердің себептеріңмен бұрынғы жүрген жерлерімді тағы бір басып өтетін болдым», – деп күлді. Ілгері озып айтайын, елге шыққан, кейде күн ұзаққа созылған алыс-жақын жолдарда егде жасына қарамай, шалт қимылды шапшаңдығымен, ширақтығымен таңдандырды.

Сонымен «ОҚТ»-ның бас телеоператоры Ағабек Қазанбаев екеуміз сценарисі де, режиссері де өзіміз болып, бір сағаттық телефильмді бастап та жібердік. Жанына Құдай қосқан қосағы Зәбира апайды ерткен Төкеңмен өзі кезінде қызмет атқарған, айшықты ізі қалған Созақ, Ордабасы, Қазы­ғұрт аудандарына, Түркістан қаласына, туып-өскен қасиетті мекені – Төлеби өңіріне ат арыттық. Қайда барсақ та табан тіреген ауданның бетке ұстарлары, ардагерлері, жас­тары, жалпы халқы Төкеңді зайыбымен бірге құшақ жая қарсы алған ақжарма ыстық ықыластарына куә болдық.

Келген, күткен жақтардың қызықты қауышуларға толы осындай кезекті бір сапарымызда Төкеңнің түп-тұқияны – Төле бидің Ташкенттегі кесенесіне қарай бет алдық. Бұл кешенді мәдени мұраның ел тәуел­сіздігінің басында қайта жаңартылу ісінің бел ортасында бас-көз болып Төкеңнің де жүргенінен хабардармыз. Мақсатымыз – ұрпағының ұлы бабасының сүйегі жатқан жеріне тәу етіп, дұға бағыштаған сәтін телефильм­ге енгізу.

Жаздың басы еді. Төкең мен зайыбы Зәбира апай, теле­оператор, мен және жүргізушіміз бар, ақсұр «Волга» сәске болмай Қазақстан мен Өзбекстан шекарасына жеттік. Бұл уақытта екі ел де егемендік алып, шекараларын шегендеп алған кез. Өзіміздің кеденнен көп күттірмей оңай өттік. Көрші мемлекеттің аумағын аттағаннан-ақ, Құдай салмасын, қаптаған кедергілерге тап болдық, әр елу метр са­йын әскерилер құжаттарымызға шұқшияды. Әдетте мұның бәрі әр мемле­кеттің тәртібіне сәйкес қауіп­сіздік екенін біз де түсінеміз. Алайда күні кеше ғана қо­йымыз қоралас, ауылымыз аралас, төскейде малымыз, төсекте басымыз бірге қосылып жүрген өз ағамыз – өзбектің бізді жаудан бетер тінткілегенінен көңіл шіркін кірбің тартқаны да шын.

Сөйтіп, қатаң қадалған бекеттердің бесіншісінен асып, Ташкенттің дәл шетін­дегі айналма және тіке жолдардың айырығындағысына келгенде қырсық шалды. Қайта алдыңғыларынан жақсы жылжыппыз, тексерудің нағыз көкесіне енді жолығыппыз. Әсте шекарашылар болса керек, машинамыздың жүк салғышындағы бейнекамераны «бомба» көргендей сопаң еткізіп суырып алды да, «тәркілейміз» деп анадайдағы үйшіктеріне ала жөнелді. Оператор Ағабек жауапкершілігіндегі мүлкінен айырылып қалмаудың қамымен соңдарынан шыр-пыры шығып, жанұшырып жүгіріп барады. Онсыз тірлігіміз көк тиын! Ауадай қажет жарағымызды әй-шай жоқ алып қойғанына түсінбей, аң-таң күйде аңырып мен тұрмын.

Аяқ астынан ушыққан көріністі машина ішінен сырт­тай байқап отырған Төкең бір заматта шыдамады білем, ав­токөліктің есігін серпе ашып, тысқа атыла шықты да:

– Әй, жігіттер, бұларың не сендердің?! Бізді жау санағандай сонша бас салғандарың қалай? Балалар дүниелеріне қажетті заңды қағаздарын көрсетіп жатыр. Мен білсем, келіп-кетіп жүр­генімізде көріп те жүрміз, дәл бұған Өзбекстан тыйым салмайды. Біз мейманбыз. Ал қонаққа жөнсіз тірлік жасағандарың ұят болады. Қайтарыңдар қолдағыларыңды! – деп қаттырақ дауыс­тап, әскерилердің назарын өзіне аударып, әпербақан әрекетте­рін бөгеді.

Дәл осы сәтте біздің ав­токөліктің артына нөмірі өзбектікі, сүліктей қара «Волга» тұмсығын тақай тоқтады да, ішінен мұнтаздай киінген, қызметтегі адам екені бірден білінетін, шамасы елудің о жақ, бұ жағындағы зиялы кісі түсті де:

– Ассалаумалейкум, Төке! – деп көлігінің қасында шекарашыларға сұстана қа­рап, қасқайып тұрған ағамыз­ға қос қолын бірдей ұсынып амандаса берді. Төкең ел­пілдеп амандасқан жігіт ағасының сәлемін ықыласпен алды да, бет-жүзіне аз-кем ойлана қарап тұрды. Шырамыта алмай тұрғанын сездім.

– Төке, әрине, мені танымайсыз. Мен сияқтылар әлбетте көп. Ал Сіз санаулылардың бірісіз. Көргенде де қайсыбірін есте сақтайсыз? Ал мен сізді жақсы білемін. Бірнеше мәрте көрдім де. Өзіңіз туралы көп естігенмін. Мен – Артықбай Үкібаевпын, аға, – деді әлгі азамат.

– О, айналайын, Артықбай інім! Неге білмеймін сені? Білемін. Әрине, сыртыңнан жақсы қанықпын. Туысқан Өзбекстанда үлкен жауапты қызмет атқарып жүргеніңе де, қазір Ислам Каримовтың көмекшісі екеніңе де етенемін. Қазақтың атын шығарып жүрген бір намыс­ты азаматсың. Аман бол, қарағым! – деп Төкең емен-жарқындық көрсеткен әлгі азаматтың арқасынан қақты.

– Үлкендік тілегіңізге рахмет, аға! Ал енді хош келіпсіздер? – деді біз де ныспысын біліп үлгерген жан.

– Е-е, Төле би бабамыздың басына баруға бағыт алған бетіміз. Балалар фильм түсірмекке ниет етіп... – дегенше болмады, капитан шеніндегі шекарашы бекет үйі жақтан бізге қарай әлденеден кешіккендей тезірек жетуге жүгіре басып келе жатыр екен. Артынан бейнекамерасын құшақтап ілес­кен Ағабек те көрінді. Сарбаздар жетекшісі қасымызға асығып келген бойда Өзбекстан басшысының серіктесіне қолын шекесіне қойып ізет көрсетті.

– Кешіріңіздер, бізден бір қателік өтті. Жолдарыңыз болсын! – деп офицер қолын көкірегіне қойып, басын иді.

Өзбек шекарашылары өз елінің лауазымды өкілін таныған болуы керек, оның Төкеңе зор құрмет көрсет­кенінен сескеніп, артық кеткен айыптарын жуып-ша­йып жатқанын түсіндік.

Өзбектің қалың ортасында, онда да төрінде қызмет етіп жүрген қандасымызбен қоштасып, уақыт ұттырмай ары қарай кеттік.

Бұл ежелден қоңсы қонған ағайындардың шекарашылары тарапынан тәуел­сіздік алғаннан кейінгі көрші туысқан қазаққа деген кейбір құйтырқы қылықтарын оқтын-оқтын естіп жатамыз. Арада бірер сағаттан соң алдымызға тағы бір кесірін тосты.

«Шейхан таур» кешенінің аумағындағы «Қарлығаш әу­лие» деп атап кеткен, XVІІІ ғасырда Ташкенттің билеушісі болған Төле бидің басына тұрғызылған кесенесіне соғып, онда баба әруағына құран оқып, негізгі біраз түсірілімдер жасап болған соң «Мустакиллик» (Тәуелсіздік) алаңын, бас­қа да көрнекті, тарихи орындарын аралай бастадық. Осындай көрікті, маңызды орталықтарының бірі – Әмір Темір ескерткіші орналасқан гүлзарға барып, тағы да бейнетүсірілімді бастай бергенімізде, қайдан сап ете қалғанын байқамаппыз, бес-алты қызыл жа­ғалы жасақ Ағабекке тарпа бас салып, ай-шайға қаратпай дедектетіп сүйрелей жөнелді. Ол: «Ау, ба­уырлар! Түсінісейік, мәмілеге келейік!» – деп шырылдап, безектеп барады. Соңынан арашаға жүгірген мені милицияның біреуі қақпайлап, жолымды кесе берді. Төкең мен за­йыбы қолтықтасып, алда сая­бақты тамашалап кетіп бара жатқан-ды. Артындағы ай­қай-шуға жалт бұрылған аға тағы да тосын жағдайға тап болғанымызды біле қойып, шалт қимылмен топқа жетіп келді.

– Әй, жігіттер! Тоқтаңдар!

Дауысы қатқыл да қатты естілді. Ағабекті қаумалап, тап бір дұшпан ұстағандай екі қолынан қаусырмалап, елпеңдетіп әкетіп бара жат­қан жасақ іркіле қалды.

– Бұларың не тағы? Манағыларың мейлі, ештеңе демедік, мыналарың енді барып тұрған басынғандық. Доғарыңдар бізге бекерден бекер жармасқандарыңды. Тұтқиылдан тап беретіндей бұл жігіт не бүлдірді сонша?! – деп шамырқанды.

– Дадасы, бұл жерде шет елден келгендерге кино түсіруге болмайды. Рұқсат жоқ, – деді қызыл жағалылардың бірі.

– Әй, сен не тантып тұрсың! Өзге жақтан келген­сіңдер дегенің не сонда? Біз бе? Біз бірге туысқан елде, бағзыдан тонның ішкі бауындай аралас-құралас тіршілік кешіп келе жатқан ағайындар арасында жүрміз. Сендер де, біз де түркі тектес, яғни бірге туған тағдырласпыз. Ал мынау тұрған нән ескерткіште бейнеленген Әмір Темір – бәрімізге ортақ қолбасшы. Түбі – түркі нәсілінен. Білесің бе сен, Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауидің сәулетті кесенесін кезінде жарты әлемді қол астына бағындырған осы жиһангер салдырғанын? Ал сендер болсаңдар бізді бөлектегілерің келеді, ә?! Саяз ойлап, әрекет істеген сендердей парықсыздардың, ұрда-жықтардың кесірінен туыстас жұрттардың арасына кірбің түсетінін, сына қағылатынын түсіне­сіңдер ме, сендер, а?! Кеңсе­лерің қайда өзі? Кәтта бастықтарың қайда отырады? Қане, мені бастап соған апарыңдар! Сол жерден Ислам-ака Каримовтың құзырына хабарлап айтайын сен­дердің мына өрес­келдіктеріңді. Сонда көрейін сендердің әу­селелеріңді! Жү­ріңдер! – деп енді Төкең қаһарына шындап мінді.

Әуелден гәп сұраспай бір­ден ала жөнелген өзбек поли­циясы ашулы Төкеңнің бастырмалатқан қатқыл, ащы, ба­йыпты сөздерін түгел ұқ­паса да ызғарынан, сесінен, әлде Президенттің аты атал­ғанынан аяқ тартты ма, әптіктері отқа су сепкендей басылып қалды да, бәрі де қолдарын көкіректеріне қо­йып, хормен: «Хоп, әка! Хоп, әка! Айыпқа бұйырмаңыз! Кінә бізден болды жүдә. Міне­кейіңіз», – деп камераны Ағабектің қолына ұстата берді.

Бір күндегі осы екі оқиға шын мәнінде Тө­кеңнің қайда да беделінің биіктігін білдір­ген көріністердің бірі ғана еді.

Жеңіс БАҺАДҮР,

журналист-жазушы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру