Ақпарат

Дәрігерге көрінудің машақаты көп екен

Қаралды: 580

Адам болғасын кейде басың ауырып, балтырың сыздамай тұрмайтыны бар. Мұндайды алғашында елемей жүріп, жанға бата бастаса дәрігерге жүгіретініміз де рас. Таяуда науқастанып қалып, менің де дәрігерге көрінуіме тура келген еді.

Біз тұрғылықты жеріміз бойынша жаңа шағын аудандағы су жаңа емханаға қараймыз. Сондықтан  учас­келік дәрігердің қабылдау уақытын анықтап алып, өткен жұма күні осы емханаға барған едім.

Аталған емханаға жетке­німше сағат 15.00-ден асты. Талон алайын деп едім, тіркеу бөліміндегілер талон таусылғанын, қабылдауға «тірі кезекке» тұрып кіре алатынымды түсіндірді.

Сонымен терапевттің ка­би­нетіне барсам, оның қа­былдауын күтіп есік алдында 10 – 15 шақты адам отыр екен. Кезекке тұрдым, менен кейін де «соңын» іздеп бірнеше адам кезек алды.

Осынша адамның қатарында ауырып-сырқаған ере­сектер де, жасөспірімдер де, бала жетектеген әйелдер, тіпті жүкті әйелдер де жүр. Түрлі мәселе мазалаған осы топ   терапевт-дәрігердің есігіне телмірумен болдық. Бір жақсысы, дәлізде аз да болса орындықтар қойыл­ған, балалар алданып, ойнайтын арнайы бұрышы бар екен, жұрттың барынша сабыр сақтауына оның да өзіндік пайдасы тиіп жатты. Бірақ қазіргідей қым-қуыт тіршілікте уақыт жоғалтып, кезек күтіп отырудың оңай шаруа емес екені,  жұрттың кез келген нәрседен ашуы қайнап шыға келетіні де белгілі жай  ғой.

Сарғая күтіп дәрігердің алдына жеткенде де шаруаң бірден шешімін таппайтыны мәлім. Оған қай жерің ауыратынын, қашаннан бері мазалайтынын айтасың,  дәрігер қойған сауалдарға жауап бересің, ол «карточка» толтырады, сосын кімге көрінуің, қандай тексерулерден өтуің керегін айтып жолдама береді. Бұған кемінде жарты сағат уақыт кетеді.

Мұндайда ішке кезексіз кіріп кететін «пысықтар» да жоқ емес екен. Дер кезінде байқап қалсаң, кері қайтарасың, қайтара алмасаң, жүйкең одан бетер жұқарады. Себебі ол да дәрігердің кемінде жарты сағат уақытын алады. Сол күні дәрігердің қабылдауын күткен адамдар арасында осындай жандардың кесірінен ұрыс-жанжал болды, тіпті жағаласу орын ала жаздады.

Тіркеу бөлімінен алдын-ала талон алып қойғандар да жанымызға тиіп бітті. «Қазір кірмесем талонда көрсетілген уақыт өтіп кетеді ғой», – деп тызалақтаған оларға да ала көзімізбен ата қараумен болдық. Себебі белгілі, ешкімнің де дәрігер қабылдауын ұзақ уақыт сарыла күткісі жоқ. Өз басым жағдайын айтып қиылған осындай бір әйелді алдымнан өткізіп жібермек бол­ғанда кейінгі кезекте тұрғандардың «шабуылына» ұшырап көңілім түсіп қалды.

Қысқасы, сол күні дәрігер қабылдауына 3 сағаттай уақыттан кейін әзер кірген жайым бар. 15 минуттай сұхбаттасқан дәрігер маған тиісті сынамалар тапсыруға, арнайы тексерулерден өтуге, басқа дәрігерлерге көрінуге бірнеше жолдама жазып берді. Өзім де оның алдынан тезірек шығуға асықтым, өйткені сырттағылардың төзімі таусыла кезек күтіп тұрғаны көз алдымнан кетпей қойды.

Несін жасырайын, дәрі­гердің қабылдауынан да мәз болып шыққаным шамалы. Сонша кезек күтіп жеткен жерімнен біраз қағаз құшақтап шықтым. Сынама тапсыруға, тексерулерден өтуге, тиісті дәрігерлердің қабылдауында болуға, ары қарай тағы да тексерілуге уақыт керек, жұмыстан сұрану немесе біраз күн одан қол үзу қажет, дәрі-дәрмекке ақша керек... Осының бәрін ойлағанда өзімді біраз күн мазалаған сырқаттан айығып кеткендей күй кешкенім өтірік емес.

Дегенмен сол сырқат кеш­ке қарай қайта қозып әбір­жіте бастады. Ол мені маза­лауын әлі де қояр емес. Бірақ алғашқы барғаннан бетім қайтып қалғандықтан емханаға одан кейін барған жоқпын, «Құдай сақтасын» деп қойып жұмысымды істеп жүрмін.

Жұрттың ауыра қалса дәрігерге көрінудің орнына тәуіп жағалайтыны осыдан шығар деген ой келді маған. Өйткені дәрігерге кө­рінудің машақаты аз емес екен. Ол үшін қолың бос, жүйкең мықты болуы керек екен.

Осы орайда бұл сала басшылары мынадай нәрсеге көңіл бөлсе екен деймін: Емханаларда балаларды және ересек адамдарды, сондай-ақ жүкті әйелдерді дәрігерлер бөлек қарағаны дұрыс. Мысалы, бұрын нәзік жандылар нақты дәрігерге емделуге бармас бұрын «Әйелдер консультациясы» деп аталатын орталықтарға қаралатын, ал балалар мен жас­өспірімдерге балалар дәрігері қарайтын еді. Қазір кезек күтіп сарылғандардың қатарында осылардың бәрі аралас жүр, соның себебінен дәрігерлердің де, науқастардың да әуре-сарсаңы, кезек күтуі көбейіпті. Сондай-ақ дәрігер қабылдауына кіре­тіндерге не бірыңғай уақыты көрсетілген талон берілуі керек немесе талонсыз, ке­зекке тұру арқылы кіру тәртібі нақтылануы тиіс. Ақы­лы түрде көрінетіндер де кезексіз кірмеуі керек, олар үшін де белгілі бір тәртіп көрсетіліп, қабылдау бөл­месінің алдында жазылып тұрғаны дұрыс. Дәрі­герлер де, олардың көмекші мед­бикелері де қабылдауға барғандардан кезексіз кір­меуін талап етсін, кезексіз кірсе, шығарып жіберуге олардың құқы бар ғой. Өздері де таныс-тамырларын кезексіз қабылдамасын. Әйтпесе кезек күткен жұрттың арасында түсініспеушіліктер туындайды.

Еркек-әйелі, кәрі-жасы аралас топырлаған адамды сарғайта күтіп, қабылдаудан өткізіп отырған дәрігер қаншалықты білікті, жауап­кершілігі жоғары маман бол­ғанымен ол да шаршайды емес пе? Өйткені оның алдына күн сайын денсаулығы мазалаған, оның үстіне мінез-құлқы әртүрлі ондаған адамдар өтеді. Сонда ол осылардың бәріне қаншалықты дәл диагноз қояды? Жоғарыда айтылғандай жағдайда олар науқастың өз айтқанын өзіңе жазып беріп, одан тезірек құтылумен ғана шектеліп отырған жоқ па? Басшылар осы жағын да тереңірек ойланса екен.

Дәрігер қабылдауына бір барғаннан-ақ осындай себептермен беті қайтып, оған жоламай кететін жалғыз мен емес шығармын деп ойлаймын. Маман жәрдеміне жүгінуге барған адамның көрсетілген қызметке көңілі толғаны дұрыс қой.

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру