Ауырмайтын жолды тапқандар

22.05.2017
Қаралды: 779

Күн ыстық кезде жұрттың салқын, саялы жерлерге үйірсектейтіні белгілі. Шымкенттегі осындай аумақтың бірі – Қошқарата өзенінің маңайы. 

Өзеннің бас­тау жағында әдемі демалыс аймағы салын­ғанына да бірнеше жыл болды. Онда жұртшылық өзенге шомылып қана қоймай, спорт алаңшаларында дене шынықтырады. Кешегі аптада өзен бұлағынан су алуға барғанда біз осында шомылып әрі шынығып жүрген азаматтарды көрдік. Сосын Бейсет Бақытов деген азаматпен сұхбаттастық.

«Мен спортпен 16 жасымнан бастап айналысқанмын, – деді ол кісі. – Бүгінде дене шынықтыруға таңертеңгілік бір-екі сағат уақыт бөлемін. Өзім облыстық адвокаттар кеңсесінде жұмыс істеймін. Яғни осында келіп шомылып, дене шынықтырумен айналысқан соң жұмысыма тартамын.

Жалпы, өз басым ешқашан дәрігер жәрдеміне жүгініп, дәрі-дәрмек ішкен емеспін. Ауырып-сырқай қалсам да дене жаттығуларын жасаймын, Қошқаратаның суына шомыламын. Осы жерді көркейтіп, тұрғындарға демалуға жағдай жасап қойған басшылыққа ризамын.

Жұртшылық жаман әдеттерден бойды аулақ салып, саламатты өмір салтын ұстанса екен деймін. Сонда дерттілер қатары көбеймес еді, дені-басы саулар қатары артып, адамдардың өмір жасы ұзарар еді. Темекі шегудің, арақ ішудің, тыңқия ішіп-жеп, уақытты босқа өткізудің адамға зияны орасан. Ал денесін шынықтырса, одан ұтары көп. Ақылы фитнес-клубтарға бару міндетті емес, жай ғана аптасына үш мәрте жаттығу жасауды әдетке айналдырса жетіп жатыр.

Президентіміз саламатты өмір салтын ұстануды үнемі айтады. Қаламызда мынадай тегін жаттығу алаңдары, жүгіретін, шомылатын жерлер көп, соны неге тиімді пайдаланбасқа?»

...Бұл жаттығу алаңына жасы үлкен кісілер де келіп жаттығу жасайды екен. Соның бірі – Жұмахан Мүтәлиев. Ол кісі күніне 3 мезгіл жаттығу жасайтынын айтады.

«40 жастан асқаннан кейін ер-азаматтың қимыл-қозғалысы баяулай бастайды сондықтан дене шынықтырып  тұру қажет. Мен мұнда таңертең 6 шақырым жер жүгіріп келемін. Спорт алаңында 3 сағат жаттығу  жасап, сосын өзенге шомыламын.  Тек таңертеңгілік жаттығуды ғана осында жасаймын, басқа уақытта тренажер залдарына барамын.

Денсаулықты күтіп-баптау үшін дұрыс тамақтана білу де керек. Мен таңертең ашқарынға 15 түрлі қоспасы бар, денсау­лыққа пайдасы мол салат жасап жеймін. Одан бөлек, күніне 30 минут күнге қыздырынамын. Әр 3 айда 7 күн тек су ішіп, аш жүремін.  Өмірде мынадай 3 тәртіпті ұстанамын: аз ұйықтау, дұрыс тамақтану, күнделікті жаттығу жасау. Осы қағиданы барлық адам ұстанса екен деймін. Сонда Қазақстанның бүкіл ауруханасы бос болар еді.

Бүгінде шынығамын дегенге барлық жағдай жасалған. Мына жаттығу алаңдарын кереметтей етіп жұртшылық үшін істеп қойды, тек осыларды дұрыс пайдалану керек», – дейді ол кісі.

Осыны айтқан Ж.Мүтәлиев бұрын қан қысымының қалыпсыздығынан зардап шегіпті, басы үнемі ауыратын болған, сондай-ақ остеохондрозбен ауырған екен. Осы дерттерден үнемі дене шынықтыру мен суға шомылудың арқасында айыққанын айтады.

Ендеше бұл екі азаматтың сөздері жұртшылыққа ой салсын дейміз. Осыны әрбір адам есінде ұстаса екен. Денсаулықты бірінші байлық деп тегін атамаған ғой, денсаулыққа қамқор бола біліңіздер!

Ө. РАУАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ