Ақпарат

Шымкентіміз саялы шатқалдары арқылы шырайлана түспек

Қаралды: 157

Шымкент кейінгі бірер жыл көлемінде қарқындап өсіп келеді. Қала аумағына іргелес аудандардан бірнеше елді мекеннің қосылғанына да үш-төрт жыл болды. 

Халық саны да жылдан-жылға артуда. Президент Н.Назарбаев өткен сәуір айында Оңтүстік өңіріне жұмыс сапарымен келген кезінде Шымкент халқының биыл­ғы жылдың өзінде-ақ 1 миллионға жететінін айтқан болатын.

Қаламызда 900 мың тұрғын бар

Статистикалық деректерге қарағанда, бүгінде Шымкентте ресми тіркелген тұр­ғындардың қатары 900 мың адамнан асқан. Қаламыз тұрғындарының саны жөнінен республикада Алматыдан кейінгі 2-ші орынды иемденіп отыр. Қысқасы, Шымкенттің таяу арада-ақ республикадағы ең ірі үш мегаполистің біріне айналатыны сөзсіз.

Жаңадан 5 саябақ салынады

Әрине, қала көлемі артқан сайын онда шешімін табуы тиіс мәселелер де көбейе беретіні белгілі. Әсі­ресе қала ауасын сауықтыру басты бағыттардың бірі екені даусыз. Сондықтан Шымкентке жасыл желекті көбірек егу маңызды. Осы орайда облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен «Шатқал» деп аталатын ау­қымды бағдарлама қолға алынған болатын. Облыс әкімі Шымкенттің жасыл белдеуі саналатын 16 мың гектар аумақта 600 гектар жерді алып жатқан шатқалдар барын айтып, оларды халық игілігіне жарату үшін облысымыздағы кәсіпкерлер мен ел азаматтарын осы іске бірігіп кірісуге шақырған еді. Бұл тың бастамаға жұртшылық қуана қолдау көрсетіп жатыр.

Бүгінде аталған бағдарлама аясында Шымкент қаласында ғана емес, облысымыздың аудандарында да көріктендіріп-көркейту жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта таңдалынған жерлерде мыңдаған түп ағаш көшеттері отырғызылды. Бұл көшеттердің енді бірер жыл­да жайқалған саялы ағашқа айналары сөзсіз.

«Шатқал» бағдарламасы бойынша аумағы 16 мың гектарды құрайтын 47 шатқал гүлдендірілмек. Шым­кенттің өзінде көлемі 100 гектарды қамтитын бірнеше жаңа саябақ салынады, олардағы түрлі құрылыс жұмыстары биылдың өзінде аяқталуы тиіс. Жалпы, облыс орталығында 226 гектар жерді алып жатқан 14 шатқалға түрлі ағаштар отырғызылып, қаланың жасыл белдеуін құрайтын болады.

Енді шатқалдарға тамшылатып суғару әдісі бо­йынша су тартылады, олардың әрқайсысының күтіп-бапталуын мойнына алған мекемелер, оқу орындары, жекелеген кәсіпкерлер бар, олар шат­қалдарға жол салады, жарықтандыру жұмыс­тарын жүргізеді. Одан кейін жоспарланған құрылыс жұ­мыс­тары қолға алынады. Сая­бақтардың әрқайсысында он­да демалатын жұртшылыққа қызмет көрсететін орындар ашылады, жаяу және велосипедпен серуендеу жолдары салынады, дәмханалар, спорттық алаңшалар, балалар алаңшалары, дала сахнасы, түрлі іс-шаралар, ойын­дар өткізілетін жерлер пайда болады.

Ең үлкені 38 гектарды қамтиды

Аталған бағдарлама бо­йынша биылғы жыл басында Шымкенттің «Тассай» шағын ауданы аумағында болашақта бой көтеретін сая­бақтың іргетасы қаланды, оған «Шымсая» деген атау берілді. «Шымсаяның» жалпы аумағы 25 гектар жерді қамтиды. Оған сол кезде 1000 түп ағаш көшеттері отырғызылды. Осыған қатыс­ты болған сенбілікке «Тассайдың» тұр­ғындары, жастар мен жоғары оқу орнының сту­дент­тері қатысты. Алдағы уақытта бұл саябаққа тағы да 6000 түп ағаш көшеттері отырғызылатын болады.

Келешекте саябақ пайда болатын шатқалдардың ішін­де көлемі «Шымсаядан» үлкені де бар. «Самал» деп ат қойылған осындай бір шат­қалдың көлемі 38 гектар жерді алып жатыр. Яғни қаламыздағы ең үлкен саябақ осы «Самал» аумағында бой көтермек.

Сондай-ақ Иассауи жолын ұстанған түрік ақыны, философы Юнус Эмренің атын иеленген тағы бір сая­бақтың да  аумағы үлкен, ол 25 гектар жерді алып жатыр.

Қала ішінен өтетін Қ.Төле­­-метов көшесі мен «Алматы – Термез» жолының қиылысында тағы да бір саябақ бой көтереді. Оның аумағы 17 гектарды қамтиды.

Бұлардан басқа шатқалдардың аумағы 8 – 10 гектар аралығын құрайды. Саябақтар мен демалыс аумақтарына негізінен әл-Фараби, Физули сияқты Шығыс ойшылдарының, ақын, ғұламаларының есімдері берілмек. Сөйтіп бұл демалыс аймақтары қала экологиясын сауықтырып қана қоймай, халық денсаулығының жақсаруына қызмет етеді, мәдени-көпшілік және рухани-тәрбиелік пайдасын да тигі­зетін болады. Олардың салынуындағы негізгі мақсат та осы.

Біреуіне ғана бюджеттен

қаржы бөлінеді

Бір айта кетерлігі – Шымкентте салынатын жаңа 5 саябақтың біреуіне ғана қала бюджетінен 500 мың теңге қаржы бөлінген. «Нұрсәт» шағын ауданынан бой көтермек бұл саябаққа әзірге 500 түп ағаш отырғызылған, қал­ғандары тиісті құрылыс жұ­мыс­­тары аяқталған соң отырғызылады. Бұдан басқа сая­бақтардың құрылыс жұ­мыс­­тары жекелеген демеу­ші кәсіпкер­лердің немесе инвес­торлардың қаржысына салынады.

...Міне, облысымыздағы «Шатқал» бағдарламасы бо­йынша қолға алынған жұмыс­тардың беталысы осындай. Бастау алған іс ойдағыдай жүзеге асса, Шымкентіміз Қазақстандағы ғана емес, әлемдегі ең сұлу, тұрғындар­ға жайлы қала-мегаполистердің біріне айналуы әбден мүмкін.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру