«Көкесі» жоқтар көзі жәутеңдеп үйінде отыр

22.05.2017
Қаралды: 686

Жуырда Қазақстан Коммунистік партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық комитетінің ұйымдастыруымен 

«Жұмысқа орналасу қиындықтары, жастарды жұмыспен қамту мәселелері» деген тақырыпта «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті. Оны аталмыш партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Қадырқұлов жүргізіп отырды.

Ресми ақпараттарға сүйенсек, жыл сайын 70 мыңдай жас маман жоғары және арнаулы оқу орындарын бітіре отырып, жұмыссыздар қатарын толықтыруда екен. Оған себеп, еңбек нарығын талдау және болжау жоқтың қасы. Елімізде қандай мамандыққа қанша маман керегін сарапқа салып отыратын орталық жоқ. Оның үстіне қатардағы қарапа­йым жұмысшы болуға жастар ынталы емес, бәрі жоғары білім алып, заңгер, экономист болғысы келеді.  Ал нарыққа көбірек керегі – сантехник, электрик, дәнекерлеуші тәріздес мамандар.

Әрине, мемлекет тарапынан жұмыспен қамту саласында арнайы бағдарламалар жұмыс істеуде. Мысалы, «Дипломмен – ауылға», «Жастар тәжірибесі» және «Жас мамандар резерві». Бірақ олар көп жастарды қанағаттандырмай отыр, өйткені ол жұмыс көп жағдайда жалақысы төмен әрі уақытша болып келеді.

Нақты сан жағынан ең көп жұмыссыздар Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстары мен Алматы қаласында тіркелген. Бірақ бұл өңірде халық саны да көп.

«Біздің өңірде 2009-жылы 75 мың жұмыссыз тіркелсе, 2016-жылы ол 62 мың адам болды», – дейді Н.Қадыр­құлов.

Жұмыссыздық – қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе. Елдегі бұрынғы фабрика, зауыттардың көбі жабылған. Жекеменшік мекемелер да­йын мамандарды ғана жұмысқа алады. Ал оқу орнын енді бітірген жас мамандар қайраңда қалған кеменің күйін кешетіні анық. Өйткені қалтасында дипломы болғанымен тәжірибесі жоқ деп оларды ешкім маңайлатқысы келмейтіні жасырын емес. Сонда олар тәжірибені қай жерде жинайды?

Елімізде шетелдік инвесторлардың саны артуда. Бірақ олардан әзірге пайда шамалы, себебі олар көп жағдайда жұмысшыларды өз елдерінен шақыртады. Оларға Үкімет еңбек күшінің 70 – 80 пайызы тұрғылықты азаматтардан болуын мін­деттеуі керек. Жалпы, тұрғындарды жұмыспен қамтуды мемлекет өз мойнына алуы тиіс.

Жекеменшікті айтпағанның өзінде, онсыз да азын-аулақ мемлекеттік мекемені бүгінде тамыр-таныстық жай­лап ал­ған. Көкең болмаса мұнда жұмыс­қа орналасуың қиын. Коммунистерді толғандыратыны да осы.

«Біз зейнетақы аламыз, ал олар қалай күн көреді? «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын алайық. Жас маман дипломын алып ауылға келді делік. Оған дайын тұрған жұмыс жоқ. Себебі ауыл тұрғындарының өздері де жұмыссыз. Кезінде бізді комсомол, коммунистік партия қайда жіберсе, біз сонда еңбек еттік. Кез-келген жұмыс­ты атқарып, қызметте біртін­деп сатылап көтерілдік. Қазіргі жастар ұсақ-түйек шаруаларды намыс көреді. Содан да базар жағалап, арба айдағаннан басқа амалдары қалмайды», – деді жиынға қатысушы  коммунистердің бірі.

...Қысқасы, бұл жиында осындай маңызды мәселе талқыланды. Біздің өңір жастарының белсенділігі, кез-келген тығырықтан шығар жолды өздері тауып кететіні жөнінде де айтылып жатты. Алайда мұнымен жұмыссыздық мәселесі шешіле салады деу тағы қисынсыз.

Б.СИЯЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ