Ақпарат

Францияда не жаңалық?

Қаралды: 142

Францияда кезекті Президент сайлауы болып өтті. Прези­денттікке алғашында 50-ге тарта адам үміткер болған еді, олардың барлығы да науқан барысында додадан шығып қалды. 

Сайлаудың 7-мамырдағы 2-турына «Алға!» қозғалысының серкесі Эммануэль Макрон мен әсіре ұлтшыл «Ұлттық майдан» партиясының көсемі Марин Ле Пен өтті.  Э.Макрон сайлаушылардың 65,8 пайыз дауысына ие болып, жеңіске жетті.

Ел тарихындағы ең жас Президент

Сонымен, Эммануэль Макрон Францияны алдағы 5 жыл бойы басқару құқына ие болды. Ол – бұл ел тарихындағы ең жас Президент. Жасы алдағы желтоқсан айында 40-қа толады.

Э.Макрон 1977-жылы Францияның солтүстігіндегі Амьен қалашығында, дәрі­герлер отбасында өмірге келген. Лицейде, Париж универ­ситетінде, саяси зерттеулер институтында, ұлттық басқару академиясында оқыған. Экономист, банкир, саясаткер. 2004 – 2008-жылдары Францияның экономика ми­нис­трлігінде еңбек етті. Кейін Ротшильдтер банкінде жұмыс істеді, инвестициялық банкир болды. 2012 – 2014-жылдары ел Президенті жанындағы бас хатшының орынбасары қызметін атқарды, 2014-жылдың маусым айынан Экономика, қаржы және сандық экономика министрі болды.

Э.Макрон экономика ми­нис­трі кезінде көптеген жақсы істерімен көзге түсіпті. Жұртқа жаққан «Макрон заңы» деп аталатын бағдарламаны өмір­ге әкеліпті. «Революция» деп аталатын бағдарлама-кіта­бында айтылған жайлар да жұртшылық арасында үлкен қызығушылық тудырып отыр деседі. Қалай болғанда да француз халқы ел тізгінін осы азаматқа сеніп тапсырып отыр.

Дегенмен Макронға сын көзбен қарайтындар да жоқ емес. Оны алпауыт байлардың, жаһандық элитаның, тіпті АҚШ қаржы топтарының мүддесін көздейтін адам деп жүргендер де жоқ емес.

Әйелі өзінен 24 жас үлкен екен

Э.Макронның әйелі Бриджит Троньёнің күйеуінен 24 жас үлкендігі бар екен. Олар Эммануэль діни мектепте оқып жүргенде танысыпты.

Бриджит Троньё де – Э.Макрон туып-өскен Амьен қалашығынан. Ол осындағы діни мектепте ұстаздық еткен. Эммануэль өзінің ұстазына өлердей ғашық болыпты, 16 жасында оған өзінің сезімін білдірген, мұғалімі де оны шын жақсы көріпті. Бұған түбегейлі қарсы болған ата-анасы Эммануэльді Парижге оқуға жібереді. Бірақ бұл жағдай да оның сезімін өшіре алмаған.

Бұл екі арада Бриджит бір банкир азаматқа тұрмысқа шығады, одан үш бала сүйеді. Кейін Эммануэль оны іздеп барып жолығыпты. Қысқасы, мұның соңы Брид­життің күйеуімен ажырасуына апарып соғады. Арада бір жыл өткесін, яғни 2007-жылы Эммануэль мен Бриджит заңды түрде некелесіпті.

Б.Троньё 1953-жылы 13-сәуірде өмірге келген, яғни оның жасы қазір 64-те. Э.Макрон екеуінің үйлен­гендеріне биыл он жыл тол­ды. Эммануэль Бриджиттің балаларын өз ұрпағым деп қабылдаған, бүгінде олардан 6 немере сүйіп отыр екен.

«Фата» да француздардан шыққан екен

Әңгіме Франция туралы болғасын бұл ел туралы қызықты деректер айта кет­кен де артық болмас. Ендеше, есіңізде жүрсін:

aФранцуздар да қазақтар сияқты жылқы етін азыққа тұтынады.

aАл «фатаны», яғни қалыңдықтың ақ көйлегін алғашқы қалыңдық осы Францияда 1499-жылы киіп шығыпты. Содан кейін ол жаппай қолданысқа енген.

aФранцияға жылына 75 миллион адам туристік сапармен барады. Туристерді көп тартуы бо­йынша «рекорд» жасаушы – Париждегі диснейленд, оған жылына 13 миллионнан астам турист барады. Одан кейінгі орынды әйгілі Эйфель мұнарасы (жылына 5,5 миллион адам) алады. Ал Лувр мұражайын жыл сайын 5 миллион турист тамашалайды екен.

aФранция – адам құқы­ғын аса құрметтейтін ел, мұнда 1789-жылы адам құқы­ғы туралы алғашқы декларация жазылған.

aХХ ғасырға дейін Франция Ұлыбританиядан кейінгі ең үлкен отарлаушы империя болған. Бүгінгі күндері де оның Үнді мұхиты мен Тынық мұхитта, Кариб теңі­зінде, Оңтүстік және Сол­түстік Америкада аумағы 560 мың шаршы шақырымды құрайтын 13 иеліктері бар, онда 3 миллионға жуық адам тұрады.

aБиылғы жарияланған мәліметтер бойынша Франция әскери қуаты жөнінен әлемде АҚШ-тан, Ресейден, Қытайдан және Үндістаннан кейінгі 5-ші орында тұр. Яғни ол Қарулы Күштерінің көптігі, қуаттылығы, әскери бюджетке бөлетін шығыны және басқа да көрсеткіштері жөні­нен әлемдегі алғашқы «бес­тікке» кіреді.

aФранцуз тілі әлемде көп оқытылатын тілдердің біріне жатады. Ол – БҰҰ-да ресми тіл дәрежесіне ие. Сондай-ақ француз тілі Швейцарияда, Канадада, Люксембургте, Монакода, Конгода, Нигерде және Піл сүйегі жағалауы елінде (Кот-д-Ивуар) ресми тіл ретінде қолданылады, 30 елде мемле­кеттік тіл дәрежесіне ие.

aФранцуз әйелдері әлем­дегі жастығын ұзақ сақтайтын жандар ретінде белгілі. Олар өз бой-басына қарауға бала жастан тәрбиеленеді.

aФранция астанасы – Париж қаласында 3 миллионға жуық адам тұрады, оған қосылып кеткен елді мекендердікімен алып есептегенде 10 миллионнан аса­ды. Жалпы, бұл елдегі 67 миллион халықтың 20 пайызы – осы Париж аумағының тұрғындары.

aФранция адам өмір жасының ұзақтығы жөнінен Еуроодақ елдерінде 1-орында тұр. Мұнда ерлердің өмір ұзақтығы 78 жасты, әйел­дердікі 84 жасты құрайды. Жалпы, бұл елдің халқын сарапшылар бүгінде «қартаюшы ұлтқа» теңеуде. Өйткені қариялар көп, өмірге келетін балалар аз. Сондай-ақ әйел жыныстылар саны еркек жыныстылардан 2 миллиондай артық. Тағы бір қиын жағы, кейінгі жылдары бұл елде ресми некеден гөрі азаматтық некені артық көретіндер де көбейіп барады екен.

aФранцияда мигранттар да көп. Францияға араб елдері мен Африкадан қоныс аударып, Франция азаматтығын алғандар қатары бүгін­де бірнеше миллион адамды құрайды.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру