Ақпарат

Адыраспанды ас ішетін ыдысқа түтетпеңіз

Қаралды: 653

Адыраспанды ежелден-ақ киелі шөп санайтынымыз белгілі. Оны ем ретінде де, үй-жайды зиянды қуаттан тазарту үшін де пайдаланамыз. 

Дегенмен адыраспанды қалай түтету керек? Оны не үшін, қанша және қандай мақсатта пайдаланған жөн?

 Ең әуелі адыраспан залалсыздандыратын, яғни микробтарды жоятын қасиетке ие екенін айта кеткен жөн. Оның түтінімен жұқпалы сырқаты бар адамдардың бөлмесін ыстап қойсаңыз болады. Тұмаудың алдын алу үшін де адыраспан түтетсеңіз, өкінбейсіз. Сондай-ақ төбе құйқасы шымырлап, басы тоқтаусыз ауыратын адамды да адыраспанмен аластап қойған дұрыс.

 Үйге келген қонақ жас баланың тіліне, түріне сүйсінсе және оның бұл көзқарасынан секемденіп қалсаңыз, онда дереу адыраспан түтетіп жіберіңіз. Будақтаған түтінінің немесе отының үстіне бір шөкім тұз бен жарты шай қасық шамасында өсімдік майын тастап, баланың басынан үш рет айналдырып өтіңіз.

 Адыраспанмен жетісіне бір рет жас келіннің, аяғы ауыр әйелдің бөлмесін түтіндетіп тұрған абзал. Ол тіл-көзден сақтайды, шошынбайтын болады деген сенім бар.

 Мазасы болмай, өздігінен еңсесі түскен, ештеңеге зауқы соқпай тұрған адамның бойын ауырлық басуы мүмкін. Ондай жағдайда да адыраспанның әбден кепкен құрғақ шөбін түтетіп, барлық бөлмені аластау керек. Бөлменің әр бұрышына барып «Алас, алас, мың бір бәледен қалас! Иә, Алла, тілден, көзден сақтай гөр, жеңілдігін бере гөр!» – деп айтқан дұрыс.

 Кейбір адамдардың өзгенің қуатын тартып алатын қасиеті болады. Онымен сөйлескенде қуаты әлсіздеу адамның көзі кіртиіп, тез шаршап қалуы мүмкін. Тіпті беймезгіл ұйқы қысады немесе жиі есінеу байқалады. Арқасы тырысып, желкесі құрысып ауруы да мүмкін. Осындай белгілерді байқасаңыз, дереу адыраспан түтетіп, бөлмелерді алас­таңыз, мазасы қашқан адамды да аластау керек.

 Әр үйде адыраспан түтетуге арналған ыдыс болуы тиіс. Оны тамақ ішетін, киім жуатын, малға шөп беретін ыдыста түтетуге болмайды, құрамындағы улы қоспалары кері әсер етуі мүмкін.

 Адыраспанды жыл мен тәуліктің кез келген уақытында түтете беруге болады. Түтіні тым будақтап, тұншықтырмайтын көлемде алсаңыз жеткілікті.

 Айтпақшы, тісі ауырып, мазасы қашқан адамдар адыраспан шөбін қайнатып, соның тұнбасымен ауыз қуысын шайса, ауырғаны тез басылады.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру