Ақпарат

Кірне салудың да өзіндік тәртібі бар

Қаралды: 311

Адамға тіл-көз, сұқ тигенде көзі ішке тартып, мазасы кетеді. Ал нәрестелердің мұндайда «еңбегі» төмен түсіп, жиі жылайды. 

Оған қоса күннен-күнге әлсіреп, тамаққа тәбеті нашарлайды. Мұндай жағдайда үлкендер жағы дереу кірне салып жібереді. Енді сол кірненің қалай салынатынын айтайық.

 Кірне салу үшін жылы күл керек. Оны ұн, күріш, тұз, бұрыш, пияз, сарымсақ, өсімдік майымен араластырады. Бәрін кесеге салып, бетін матамен түбінен ұстайтындай етіп орап тұрып, сырқатты емдеуге кірісу керек.

 Емді «Бисмилләні» айтып бастау керек. Әрбір екі-үш минутта кесені ашып, бетінен бір шымшым күл алып тастап отырған жөн.

 Егер сырқат шынымен кірнеленген болса, күл опырылып қалады. Мұны әдетте емшілер «Кірне жеп жатыр екен» дейді.

 Кірне салу үшін сырқатты ыңғайлап отырғызып, кесені оның алды-артынан, жоғары-төмен қозғап отырады. Сонымен бірге екі табанынан бірдеңені суырып алып жатқандай қозғалыс­тар жасау керек.

 Мұндай ем науқастың ауырлығына қарай үш, жеті, он төрт, жиырма бір күнге дейін созылады. Он төрт немесе жиырма бір күн ем жүргізгенде науқастың әр жеті күнде бір апта демалып келгені дұрыс дейді көнекөз емшілер.

 Кірнеден кейін көп адамдар ауруынан тез айығып, сергіп шыға келеді. Оның қандай құпиясы бары бір Аллаға ғана аян. Мүмкін ыстық күл мен ащы заттардың аурудан айығуға тигізетін әсері бар шығар?

Қалай болғанда да бұл – ата-бабамыздан келе жат­қан халық емінің бір түрі. Сондықтан кірне салудың әдісін біле жүрген артық болмайды деген ойдамыз.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру