Ақпарат

Қазақты қайрау

Қаралды: 709

Бүгін қатарынан екі қазақ фильмін көріп қайт­тық. «Бір сен үшін» және «АЛЖИР». Өте жақсы фильмдер екен. Сіздер де көріңіздер!

Бірақ бұл фильмдер көр­сетілген залда көрермен өте аз болды. Өкінішті! Кітап оқып, кино көру жағынан ақсап жүргеніміз рас екен.

Театрдағы қойылымдарда да көрермен аз. Залды мектеп оқушыларымен толтырады. Бірақ өзге жұртты сынаушы бізде өте көп, сынамақ түгілі, тарихты өзгертіп жібергісі келіп отырғандар жетерлік. Тарихты білсе де, білмесе де «көппен көрген – ұлы той» деп даурыққандардан сүрініп-жығыласың. Жұрт жақсылықты емес, жамандықты үйренуге бейім әрі соған құмар ма деп шошыдым. Әлде талғам жоқ па, түсінік жоқ па екен? Бәрін таңдамай, талғамай үйрене береміз, еліктеп. Оны ақ-қарасына қарамай даурығып таратамыз. Сосын өзге елді солар бізді солай жаса­ған деп кінәлаймыз. Неге?

Өз тілімізден өзгенің тілін жақсы білеміз, өзгенің әдет-ғұрпына бейімбіз, өзгенің киім үлгісімен киінеміз, өзге­нің сусынын ішеміз, теледидардағы қойылымдар мен шараларға дейін, тағы бас­қа, толып жатыр, бәрі өзге­нікі. Өзіміздікін қолдамаймыз. Мен­сін­бейміз.

Бәріміз мықтымыз, бірі­міз­ден-біріміз өтеміз! Сын көтер­мейміз! Бала­мыздың есі­міне дейін мағынасына түсін­бесек те, өзге жұрттың, араб­тың, орыстың, татардың, не­міс­тің, тағы басқалардың есі­мін қоямыз.

Қазақша есімдерді қараңызшы, бәрі түсінікті. Мысал­ға: Жарқын – жарық, ашық, Сәуле – күннің сәулесі, нұры, Абай – қамқоршы, қорғаушы, Серік – жолдас, дос. Ал Диана, Диас, Карина, Мэлс, Маркс, Тимур, Рай деген сияқты аттардан не түсінді­ңіздер?

Өзгелердің өз жұртына жасаған жақсылығын да бәрі­міз жабылып өсектейміз. Өзі­міз соны жасай алмағандық­тан, көре алмағандықтан, қолымыздан келме­ген­діктен, солай болайық деп ұмтыл­мағандықтан ба, кім білсін? Өзге жұрт өз жақсыларын дә­ріп­тей біледі, жерін сақтай біледі, тілін құрметтей біледі, тарихын түгендей біледі. (Ол тарих жақсы болсын, жаман болсын – сол елдің тарихы).

Тарихты өзгертпей, сол тарихтың қатесінен үйреніп, дұрысынан үлгі алу керек деп ойлаймын.

Орыстың Лев Толстойын алайық. Өз дініне деген көз­қарасында өзгеріс болса да халқы оның әрбір шығармасын қаттап көбейтіп шығарып, өзге тілге аударып, сол арқылы өз халқының дәс­түрін ұлықтап, әлемге таратып отыр. Оның туып-өскен, жүр­ген жерлеріне жол салып, музей ашып, турис­терді ша­қырып, ел қазынасына қаражат құйып отыр. Басқа жақсылары қаншама көкке көтеріп отырған, санынан жаңыласың!

Ал біздер ше? Бір Абайы­мызды көрсете алмай (әуелі Абайды «сондай», «мұндай» деп айтқандардың, көре алмайтындардың  аузы қисайсын!) отырмыз. Абай мұрасын жинақтап, таратып, туған жерінде туристерді таңыр­қатар, қараңғы түндегі Айды қа­л­ықтатар күн қашан туады?

Кең байтақ біздің жері­міздің қопарылмаған бұрышы, сатылмаған шеті, қазылмаған қазынасы қалмады. Бөгде елдердің алақандай да болса адам аяғы тимеген, ұшқан құс қана көретін, болашаққа деп, ұрпаққа деп сақталған жерлері бар. Бөгде жұртқа кетіп қалған тарихи жерлерін өздеріне қайтарып алып жатқандар бар. Ал мұндай игілікті істі біздің үйренгіміз келмейді. Сынағанда баладан бастап, еңкейген сауатсыз шалымызға дейін ауыз-аузымыз­ға жұқпай жамандаймыз. Дәлелді ме, жоқ па, оған қымсынбаймыз.

Жылда орыс халқы өз елінде орыс тілі жойылып кетпесін деп бүкілхалықтық диктант жазу, мазмұндама жазу сынақтарын өткізеді. (Орыс тілі – әлемдік қолданыстағы тілдің бірі). Бұл шара үшін ешкім ешкімді қинамайды, міндеттемейді. Әр ауыл, аудандарда арнайы орталықтар, тіптен жұмыс орындарында арнайы бөлмелер ашып қояды. Сол жерлерде бірінші сынып оқушысынан бастап, зейнеткерлерге, жұмысшы, аспазшы, қора сы­пырушы, үй шаруасындағыларға, қызметкерлерге дейін әрқайсысы орыс тілін­дегі өз білім дәрежесін тексе­руге қатысады.

Ал біз олай жасамаймыз, жасағымыз да келмейді, жа­сағандарды да көре алмаймыз. Оларды өсектейміз. Неге? Олар өз тілі үшін, жері үшін күреседі, оған олар айып­ты ма? Ол үшін оларды мақтау керек, солардан осындай қасиеттерді үйрену керек.

Бізде жер жоқ па бөгдеге өтіп кетпеген? Бар! Біздің ті­ліміз шарықтау шегіне шы­ғып тұр ма? Жоқ! Біздің ұлы адамдарымыз жоқ па? Бар! Бірақ өлгені түгілі тірісін жүргізбейміз. Неге?

Мысалы, Мұхтар Шахановтың қоры бар ма? Қай­да? Кітаптарымен кім айналысады? Оны кім шығарады, кім сатады? Әлемдік ақынымыздың қасында не хатшысы, не көлігін жүргізушісі жоқ. Негізі мұндай адамдар мемле­кеттің қарамағында болуы керек. Бөгде елдің осындай адамдарының өзі түгілі, тұрған үйі қорғауға алынады. Оған көзі тірісінде жасалмаған құр­мет қашан жасалмақ? Біздің меценаттар қайда? Меккеге барып мешіт сал­ған Құнанбайдан үлгі алар азаматтар жоқ па?

Тұңғышбай Жаманқұлов ше? Не күтіп отырмыз? Осы елде сондай адамды ақтап алар адвокат жоқ па? Әлде бізде бұндай азаматтар көп пе? Баспасөз бетінде бәрі жарияланды, іс жүзінде  неге жарияланбайды?

«Халық айтса, қалт айтпайды» деген. Халықтың ма­хаб­батын ешкім, ешқашан са­тып алған емес, сатып ала алмайды! Бұл не спектакль? Неге біз осындаймыз?

Жұртты сы­­нағанда кере­метпіз. Қайда сол сын­шылар? Біз қашан бұл­бұл мен әтешті бір-бі­рінен ажыратамыз? Сосын бөг­де елге өкпе­лейміз, солар сөйткен соң біз бүйтік деп. Не­ге елдің жақ­сы жақтарын үй­рен­бей­міз? Қай­да тарихты қай­­та жаз­ғы­сы келе­тін­дер? Неге олар дұ­рысты көр­­­мейді? Біз қа­шан Ел боламыз?

Жарқын ӨТЕШОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру