Эшли, Эдуори, Василиса, Басиандр... Бұл заманда кімді не толғандырады?

08.06.2016
Қаралды: 1659

Таяуда Шымкенттегі Абай атындағы саябаққа бара жатып оған көршілес Қажымұқан атындағы орталық стадион жақта бірнеше адамдардың ит жетектеп жүргенін көріп қалдық. Сосын мұның сырын білу мақсатында стадионды бетке алған едік.

Сөйтсек, осы төңіректегі көркем гимнастика мектебінің ғимаратында иттер көрмесі болып жатыр екен. Көрме төрайымы Лариса Югайдан екі күннен бері «Звезда Отрара» атты іс-шара өткізіліп жатқаны жөнінде білдік. Л.Югай Қазақстан кинологтар одағының «Азия» оңтүстікқазақстандық филиалының басшысы екен. Ол бұл ұлттық көрмеге алматылық Ольга Тушина және мәскеулік Анна Тиц есімді судьялар қазылық етіп жатқанын айтты. Одан бөлек, арғы жақта рингтік бригада ретінде бірнеше азаматтар тиісті қызметін көрсетіп жатты.

Біз осы жерде жүрген ақ халатты әйелді сөзге тарттық. Ол кісінің аты-жөні Гүлжан Байымбетова, өзі ветеринар маман екен.

«Көрмеге иттердің декоративтік, аңшылық және қызметтік түрлері қатыстырылуда, – деді ол кісі. – Біз олардың жай-күйіне, тиісті екпелерді қабылдаған-қабылдамағанына көз жеткізіп, паспортын тексерудеміз. Ал Алматы мен Мәскеуден келген сарапшылар олардың күтіміне мән береді, қабылданған стандарттар бойынша иттердің өз тегіне сай келуіне қатысты тиісті бағаларын береді».

Бұл кезде көрме тәртібі бойынша жүргізуші енді ортадағы рингке қандай тұқымдағы ит шығатыны, оның қожайыны жөнінде жариялап жатты. Иесі итті ортаға жетектеп шығады, ал судьялар оның жүріс-тұрыс, бой-басына мән беріп,  азуын тексеріп, тағы да басқа категориялар бойынша сәйкестігін анықтап, баға береді екен. Бұл алдағы өткізілетін көрмелер үшін қажет.

Біз сыртта өз кезегін күтіп жүргендердің бірқатарын әңгімеге тарттық. Солардың бірі – Фарух Исраилов көрмеге американдық акита тұқымды итін апарыпты. Эшли деп ат қойылған бұл иттің жасы 1-ден 3 ай асқан. Иелері оны 8 айлық кезінде Атыраудағы питомниктен 300 мың теңгеге сатып алыпты. Эшлидің көрмеге бұл үшінші мәрте қатысуы, өткен жылы күзде болған көрмеде ол бірінші орынды жеңіп алыпты.

Негізі американдық акита – шанаға жегілетін ит. Мұндай өте есті иттерді кейбір фильмдерден көруге болады.

Ал Елена Кичи есімді әйел бұл көрмеге мопс тұқымды декоративтік итін ала келіпті. Оның аты – Алина. Мұндай иттің күшіктері бүгінде 30 – 40 мың теңге тұрады екен.

Бір шетте кішкене ғана иттің жүнін тарап отырған әйел көзімізге шалынды. Иттің жүні өзінің денесінен ұзын көрінді. Өзі иесінің тарағанына риза сияқты, алаңсыз отыр. Иесін сөзге тарттық.

Ирина Красавцева деген бұл әйел Ташкенттің тұрғыны екен. Ал мына кішкене ғана иттің жасы биыл 4-те, салмағы 3 кило 100 грамм, бойының биіктігі 27 сантиметр. Иесі Гога деп ат қойған бұл иттің тұқымы «Йоркширлік терьер» деп аталады. Ирина бізге өздерінің Қырғызстанда, Әзірбайжанда, Түркияда, Грузияда, Ресейде, Белоруссияда, Македонияда өткен көрмелерге қатысқанын, жүлделі болғандарын айтты. Францияның Ницца қаласына, Италияға да барып қайтыпты.

Ал Эдуори атты мына ит күзетші, оққағар қызметіне таптырмайтын тұқымнан екен. Тұқымы «Мастина Наполитано» деп аталады. Иесі Рамиль Абдиевтің айтуынша, мұның жасы қазір 2-де. Сатып алар болсаңыз, мұндай иттердің 1000 доллардан кемі болмайды екен. Рамиль өздерінің үйде 15-тей ит ұстайтындарын, олардың 3-уі осы тұқымнан екенін айтты.

Бұл көрмеде сөмкеге салып алып жүруге болатын ит апарғандар да жүрді. Солардың бірінің итінің тұқымы «Чихуахуа» деп аталады екен. Бүгінде 3 жастағы бұл иттің салмағы бар-жоғы 1 кило 700 грамм тартады.

Ирина Егорова деген әйел көрмеге өздерінің 2 жастағы шпиц тұқымды итін апарыпты. Мұндай иттердің бағасы 1300 долларға дейін тұрады екен.

«Көрмеде иттің қан тазалығы, дене тұрқы, тістері, қимыл-қозғалысы, түсі, тағы басқа да сипаттары тексеріліп, оған лайықты баға беріледі. Ол таза қанды болуы керек. Мұндай көрмеге будандастырылған иттер қатыстырылмайды, әр ит өз тегіне сай болуы тиіс. Осы орайда оның әрбір қимыл-әрекетіне аса мән беріледі. Әзірге біздің ит чемпиондыққа кандидат болып тұр», – дейді Ирина.

Осы көрменің арқасында танысып, енді табысқалы тұрған иттерді де көрдік. Яғни Аня Навесова деген шымкенттік қыздың «Басет-хаунд» тұқымды 2 жастағы Василиса деген салпаңқұлақ итіне ұрпақ өрбіту бақыты бұйырғалы тұр. Ол – ұрғашы жынысты. Оған «күйеу бала» Ресейдің Саратов қаласынан келіп қалыпты. Яғни басет-хаундтың төбетін саратовтық Сергей Руднев деген азаматтың жетегінен көрдік. Басиандр деп ат қойылған бұл итті кезінде оның туыстары даладан тауып алған екен.

«Негізі бұл иттердің құны 45 – 50 мың рубль тұрады, – деді Сергей біздің қойған сауалымызға орай. – Ал Басиандрды бізге Құдай жолықтырған. Мұны біз даладан тауып алғанбыз. Біреулер тастап кеткен сияқты. Өзінің қолға үйренуі қиын екен. Өте мінезді ит. Қолға 3 ай дегенде зорға үйреттік. Бір мәрте жоғалтып алғанбыз. Бір қаншықтың соңынан кетіп қалып, әзер таптық. Шынын айтқанда, бірер күннен соң өзі келді. Бұлар өте өсімтал, бір туғанда өмірге 12 күшікке дейін әкеледі».

...Қысқасы, сол күні Шымкентте ұйымдастырылған ит көрмесі өте қызықты болып өтті. Ең бастысы, иттер арсылдап, азуын ақситқан қорқынышты емес, өздерінің бейбіт іс-шарада жүргенін сезінетін сияқты, тыныш жүр. Тіпті бірнеше овчарка, тағы басқа ірі иттердің де жанынан өттік, арқасынан, тұмсығынан сипап көрдік. Олар көрсең, көре бер, сол үшін қатысудамыз ғой дегендей жайбарақат жүр.

Тағы бір естіп-білгеніміз, бүгінде Шымкентте иттің 80-ге тарта түрі бар екен. Ал көрмеден шығып, Абай саябағынан өткенде жол бойында жортып бара жатқан иесіз итке көзіміз түсті. Құйрығын бұтына қысып, әр жерді тіміскілей иіскелеп, жүрек жалғар бірдеңе іздеп барады. Оның жанында көрмеге қатысқан иттер әлдеқайда бақытты сияқты көрінді бізге.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ