Ақпарат

Ескерткіш-тақтаға 6000 жауынгердің аты жазылды

Қаралды: 179

Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдығы мен Ұлы Жеңіс күні мерекелерін Созақ ауданының жұртшылығы  ерекше іс-шарамен қарсы алды. 

Мереке қарсаңында аудан орталығы – Шолаққорған ауылындағы орталық саябақта Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлерге арналған мемориал-тақта толықтай жаңартылды. Оған 6000 майдангер мен Ауған соғысына қатысқан 32 азаматтың аты-жөндері түгелдей жазылды.

Орталық саябақтағы «Белгісіз солдат» мемориал-тақтасы 1975-жылы ашылған еді, онда аудан аумағынан Ұлы Отан соғысына аттанып, хабар-ошарсыз кеткен 168 азаматтың аттары жазылған болатын. Кейінгі бір жылда ауданда жергілікті әскери комиссариатпен бірлесе отырып барлық ауыл әкімшіліктерінен соғысқа қатыс­қан, майданда қаза болған, хабар-ошарсыз кеткен азаматтардың аты-жөндері түгелденді. Зерттеу-зерделеу жұмыстарының нәтижесінде ауданымыздан Ұлы Отан соғысына 6000 азаматтың аттанып, Отан қорғағаны белгілі болған.

Аталған іс-шара кезіндегі салтанатты жиында мемориалды тақтаның лентасын аудан әкімі М.Иса­ев, мәслихат хатшысы Б.Байғараев, Ұлы Отан соғысының ардагерлері Т.Нұрқожаев, М.Жылысбаев, Ш.Тағаев қиды.

«Ардагерлеріміздің қатары жыл сайын сиреп барады. Бүгінде қатарымызда 6 ардагер бар. Барлық майдангерлердің есімін жадымызда қалдыру үшін соғысқа қатысқан азаматтарды түгелдеп, 6000 адамның аты жазылған тақтаны ашып отырмыз. Барлықтарыңызды мерекемен құттықтаймын. Аспанымыз ашық, тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!» – деді аудан әкімі жиын кезінде. Соғыс ардагері Ш.Тағаев қария да жұртшылықты мерекемен құттықтап, осы мемориалдың ашылуына ұйытқы болған аудан басшылығына алғысын білдірді.

Сол күні мемориал басында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан азаматтар бір минут еске алынып, олардың рухына құран бағышталды.

Созақ ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру