Күй тартудан алдына жан салмады

17.05.2017
Қаралды: 782

Сайрам ауданының Қарасу ауылында тұратын оқырманымыз әрі «Замананың» белсенді авторларының бірі, ұлт­жанды  азамат  

Айдарбек Қыдырбекұлының отбасында өте қуанышты оқиға орын алғанын біз газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде жазғанбыз. «23 жылдан соң табысқан немересін үйлен­дірді» деген тақырыппен жарияланған бұл мақала талай адамның қызығушылығын тудырған еді. Ал таяуда Айдарбек қарияның әулетінде тағы да бір қуанышты оқиға болыпты, бұл жолы ол кісілерді тағы бір немересі қуантыпты.

«Ахмет есімді немерем Шымкенттегі Б.Өтепов атындағы Өнер мектебінің 7-сыныбында оқиды, – дейді қария. – Өзі кішкентайынан өнерге құмар. 6-сыныпқа дейін ауылдағы А.Байтұрсынов атындағы мектепте оқыды, ән айтып, жүлделі орындарды иеленіп жүрді, домбыраға қатты қызығатын. Өлеңді мәнерлеп оқудан да талай көзге түскен. 2014-жылы ақиық ақынымыз Мұхтар Шаханов Ақсукенттегі мәдениет үйінде жұртшылықпен кездескенде Мұхаңның Шыңғыс Айтматовқа арнап жазған «Алтын, күміс және қалайы» деген өлеңін оқып берген. Сонда Мұхаң оған батасын беріп, «Құз басындағы аңшының зары» атты кітабын қолтаңба жазып сыйға тартқан еді.

Міне, осы немерем таяуда Шымкенттегі саз колледжінде өткен республикалық жарыста топ жарды. Ол Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін нәшіне келтіре орындап, 39 баланың қатарынан 1-ші орынды жеңіп алды. Немеремнің осы жеңісі көңілімізді марқайтып отыр.

Бүгінде Ахмет домбыраны меңгеріп, күй тартумен қатар бірнеше термелерді орындауға да жарап қалды. Оның алдағы екі жылда әлі талай өнерді меңгерері анық».

Айдарбек қария осылай деп қуанышымен бөлісті. «Әрине, балаларды шыңдауда Өнер мектебі ұстаздарының еңбегі зор. Осы орайда мектеп директоры Маржан Есжановаға, оқу ісінің меңгерушісі Баян апайға, балаларға домбыра сабағын жүргізетін Табиғат апайға, сынып жетекшілері Айгүл мен Бағлима апайларға айтар алғысымыз көп. Мектеп іші мұнтаздай таза, тәртіп те мықты екен. Балаларға 4 мезгіл тамақ беріледі. Олар түске дейін сабақ оқыса, түстен кейін әрқайсысы өз өнер бағыты бойынша дәріс алады. Мұндай мектепке қалай риза болмассың?!» – дейді қария.

...Иә, балаларды білім мен өнерге қатар баулып отырған мұндай мектепті қалай мақтаса да жарасады-ау. Немересінің аты озса, ата да қатты қуанады екен. Осындай қуаныштар әрбір әулетте бола берсін дейміз.

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ